Білім – үлкен күш. Ол жаңа мүмкіндіктерге есік ашады, адам баласының өмірінде пайдасын тигізіп, мақсатына жетуге көмектеседі. Алған білімінің адам баласы үшін еш уақытта артықтығы болмайды.
Пандемия кезінде білім алудың қашықтықтан оқу әдісі өмірге келді. Бүгінгі таңда онлайн режимінде балаларды оқытудың сұранысқа ие әдістерінің бірі бейне сабақтар болып отыр. Осындай онлайн сабақтардың арқасында оқушылар оқу материалын қашықтықтан игеріп, пысықтай түсуде.
Бұл ретте, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы – Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бізге, пән мұғалімдеріне елеулі көмек көрсетуде. Қысқа мерзім ішінде филиал цифрлық сабақтарды дайындау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізді. Сөйтіп, 300-ден астам сабақ әзірледі. Сабақтардың барлық цифрлық бейне мазмұны «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның YouTube білім беру арнасында орналастырылған. Бұл бейне сабақтар Қазақстан педагогтары үшін оқушыларды қашықтықтан оқыту кезінде қолданылатын әдістемелік көмекші құрал болып отыр.
Бейнесабақтар мұғалімдер мен оқушылар үшін сабақ танудың қосымша көзіне айналуда. Оқушылар мұндай сабақтарды кез-келген уақытта көре алады. Мұндай сабақтардың басты артықшылығы – аудио және бейне сабақтың мазмұны мен сапалы көрсетілуінде. Бұл – ыңғайлы, қажет болған жағдайда кідіріс жасап, тоқтатып қойып көруге және кез-келген сабақты қайта қарауға мүмкіндік беретін тиімді, пайдалы дереккөз.
Ең бастысы, мұндайда жаңа форматтар мен құралдарды қолданудан қорықпау керек. Сонымен қатар, оқу бейнелерін қарап, әртүрлі платформаларда онлайн-білім беру қалай ұйымдастырылғанын түсінуге тырысқан жөн. Әрине, «Өрлеудің» бейнесабақтары қашықтықтан оқыту кезінде үлкен рөл атқарды, сөйтіп, оның бірінші тоқсан ішінде педагогикалық қоғамдастық үшін әдістемелік көмегі өте зор болды.
Рымжан ОМАРОВА,
№13 «Экос» мектеп-гимназиясының орыс тілі және әдебиет пәні мұғалімі.
Көкшетау қаласы.