Лондондағы Ресей ынтымақтастығының өкілдігінде (Россотрудничество) Еуразия мәдениетінің төртінші апталығын қорытындылаған кеш болып өтті. Кеште қазақ жазушысы Баянғали Әлімжановтың орыс тілінде жазған «Сказ столетнего степняка» романы ХХІ ғасырдың ерекше туындысы ретінде атап өтілді.
Еуразия мәдениетінің апталығын жыл сайын Еуразия шығармашылық гильдиясы (Лондон) өткізіп келеді. Оның бағдарламасына дәстүрлі түрде әртүрлі мәдени оқиғалар кіреді. Олар тұсаукесерлерден шығармашылық кездесулер, көрмелер мен концерттерге дейінгі аралықты қамтиды. Биылғы жылы коронавирус пандемиясының салдарынан бұл шаралардың басым дені онлайн форматта өткізілді. Еуразия шығармашылық гильдиясы өз қатарына жазушыларды, музыканттар мен бишілерді иллюстраторлар мен графикалық дизайнерлерді, скульпторлар мен ақындарды, бір сөзбен айтқанда, өзін шығармашылық тұлғаға жатқызатын барлық зиялы қауым өкілдерін біріктіреді. Ресей ынтымақтастығы өкілдігінде ұйымдастырылған кездесулер бұл жолы да жанды дауыстағы әншілерді тыңдап, өнер шығармаларын көзбе-көз көрудің және биылғы жылдың ең үздік шығармаларымен танысып, оларға тиісті баға берудің таптырмас мүмкіндігі болып табылды.
Кеш бағдарламасына енгізілген туындылар орыс, ағылшын және армян тілдерінде жазылған. Солардың ішінде таулы Қарабақтағы адамдардың өмірі бір армян отбасы арқылы өрбиді. Ал, Хосият Рустамованың ағылшын тіліндегі өлеңдері өзбек әйелдер поэзиясының ғана емес, Орта Азия ақындарының адамзат тақырыбына қосқан ортақ үні болып естілді десек болады.
Ал, осы мәдени шараның үлкен бір жаңалығына айналған Баянғали Әлімжановтың жоғарыда аталған «Сказ столетнего степняка» романына келсек, ондағы бір ғасырлық тарихтың бәрі қарапайым ел азаматы Асанбай қарттың өмірі арқылы өрбиді. Автор осы бір адамның ұзақ та мағыналы ғұмыры арқылы қазақ халқының бір ғасырға пара-пар тарихын қамти отырып, адамдарды өткеннен сабақ алуға, уақыт алға тартқан өмір өркендерін келешектің ізгілікті мақсат-мүдделеріне ұқсатуға шақырады. Кітапта ұлтаралық қатынастар мәселесі қозғалады. Себебі, туындының кейіпкерлері қазақтармен бірге орыс, неміс, украин, поляк, беларусь, тәжік сияқты басқа ұлттардың да өкілдері. Романның эпиграфы белгілі бір кезең үшін ғана емес, бүкіл уақыт, замандар кеңістігі үшін де өзекті. Өйткені, «соғыс тарихы бізді бейбітшілікке, жауласу тарихы достыққа үйретуі тиіс» деген тәмсіл еш уақытта да өзінің маңыздылығын жойған емес.
Қорыта айтқанда, бұл күнде қазақ әдебиеті мен өнерінің ірі өкіліне айналып отырған Баянғали Әлімжановтың шығармасының Лондонда өткен Еуразия мәдениетінің осынау апталығында білікті ортаның жоғары бағасына ие болуының өзі көп жайды аңғартады. Алдымен бұл – ұлттық әдебиетіміздің үлкен жетістігі. Сонымен бірге, жерлес жазушы қаламының қарымдылығы. Сондықтан, осы бір айтулы бағаға қуана отырып, кітап авторына алда да жаңа шығармашылық табыстар тілейтініміз айқын.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.