Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста «Adal» саяси партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер тіркелді. Бұл тізімге төрт адам еніп отыр. Оның екеуі нәзік жандылар болса, екеуі 29 жасқа толмаған жастар.
Бүгінге дейін 3 партия облыстық сайлау комиссиясына тіркелді. Олар – «Nur Otan», «Ауыл», «Адал» партиялары. Сондай-ақ, «Ақжол» мен «Қазақстанның халық партиясы» да тіркеуге өтініш білдіріпті. Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы бұл сайлауға қатысудан бас тартқан. Осыған дейін 6 партия сайлауға қатысады деп жоспарланса, 2021 жылдың қаңтар айында өтетін саяси науқанға 5 партия қатыспақшы.
Сонымен, сайлау комиссиясының мүшелері толық қатысқан отырыста жоғарыда аталған «Адал» саяси партиясының Ақмола облыстық филиалының 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған мәслихат депутаттығына сайлауға түсуге мүмкіндік беретін партиялық тізімін тіркеу мәселесі қаралды. Отырысқа аталған саяси партияның Ақмола облыстық филиалының төрағасы міндетін атқарушы Аслан Хасенов қатысты.
Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Николай Политкин партияның облыстық филиалы туралы ақпараттармен таныстырды. Онда партияның тиісті талаптарға сай тапсырған құжаттары мен мәліметтері айтылды. Қазіргі уақытта партия құрамының тізімінде 4 адам тіркелген, олардың барлығы ҚР Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Заңында қарастырылған талаптарға сәйкес келеді. Аталмыш партия «Әділет» және «Руханият» атты екі саяси партияның бірігуінің нәтижесінде құрылыпты. 17 қазанда Ақмола филиалы қайта тіркеу өткізіп, құжаттары толық көлемде уақытылы сайлау комиссиясына ұсынылыпты.
Сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың мәлімдеуінше, қазір облыстағы 20 мәслихат бойынша 254 депутаттық орын, яғни, мандат бар. Соның ішінде облыстық мәслихатқа 32 депутаттық орын ұйғарылған. Тіркеу 10 желтоқсанда аяқталып, сайлауалды үгіт-насихат басталады.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.