Коронавирус пандемиясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтері қызметкерлерінің арасында тарай бастаған.
Алайда, ұйым басшысы, вакцинаның жылдам әсеріне сенбейтінін де жеткізіпті. Сондықтан, Кардифф университетінің ғалымдары ауыз шаюға арналған жалпыға ортақ заттар сілекейдегі коронавирусты өлтіретінін анықтаған.
ДДСҰ Женева қаласындағы штаб-пәтерінде өз қызметкерлерінің арасында қауіпті індетке шалдыққан 65 адамның анықталғанын хабарлайды. Сонымен бірге, ұйым басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус әлемдегі көп адам үміт артып отырған вакцина пандемияны түбімен жоймайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, вакцина жылдам әсер етпейді екен. Гебрейесустың айтуынша, бұл вакцина ең алдымен медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, оқытушылар және қауіп тобына кіретін адамдарға егіледі. Осы аралықта вирус емін-еркін тарай береді. Сондықтан, вакцина пайда болғанымен, шектеу шаралары тоқтатылмауы тиіс. Өйткені, Еуропа шараларды қатаңдатып отыр. Мәселен, Испания соттарына, ел билігі мен денсаулық сақтау саласына көптеген шағым түсірілген. Онда шағымданушылар мемлекеттік құрылымдарды коронавируспен күрес жүргізу кезінде басқа да ауыр дерттерге, көбіне онкологияға шалдыққан адамдардың медициналық көмексіз қалғаны үшін айыптап отыр.
Австрияда сейсенбіден бастап 6 желтоқсанға дейін мектептер мен азық-түлік сатпайтын дүкендер жабылуда. Өткен демалыс күндері елдің федералдық канцлері Себастьян Курц бұл шара эпидемияның екінші толқынынан сақтануға қажетті шара екенін мәлімдеген. Ал, Ұлыбритания үкіметі елдің халықаралық гуманитарлық көмекке жұмсайтын шығындарын уақытша қысқарту мүмкіндігін қарастырып отыр. Осы арада, Шотландия үкіметі де елдің батысындағы 11 ауданда, соның ішінде Глазго қаласында шектеу шараларының қатаңдатылатынын жариялады. Жұмадан бастап онда азық-түлік сатпайтын дүкендер, ішімдік ішетін орындар, спорттық залдар жабылады.
АҚШ – ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны жағынан әлемде көш бастап отыр. Өткен аптаның ішінде ғана елде тағы бір миллион адам вирусқа шалдыққан. Осы аптада Америка билігі ең қатты зардап шеккен штаттарға антиденелерді анықтайтын 7 миллионнан астам тестіні жібереді, олар бірінші кезекте хоспистар, қарттар үйлері және өзге де әлеуметтік осал топтардың арасында жүргізіледі.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.