Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жыныс ауыстыру: амалсыздық па, адасу ма?.. - АРҚА АЖАРЫ

Жыныс ауыстыру: амалсыздық па, адасу ма?..

Жаһандану алға ілгерілеген сайын адамның ой-өрісі де ғарыш жылдамдығымен дамып жатқан сыңайлы. Дамып кеткені соншалық, соңғы кезде жастар арасында жыныс ауыстыру мәселесі де кеңінен талқылануда. Себебі, таяуда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыныс ауыстыруға рұқсат беретін ережені бекітті. Ендігі орайда кез-келген адам жынысын ресми түре өзгерте алады. Бұл азғындыққа жол ашу ма, амалсыздықтан туындаған шара ма? Мұның барлығы уақыт еншісінде. Дегенмен, біз бұқара халықтың бұл мәселеге көзқарасын білмекке бірнеше адамдарды сөзге тартып көрдік. Біздегі басты мақсат – батысқа ессіз еліктеушілік орға жығатынын ортаға салу.

– Құрдас биылдан қалмай үйленіп ал!
– Асығып қайтемін, ертең сен сияқты үйде қамалып отырайын ба?
– Жоға бұдан былай үйлену қауіпті!
– Ал, айтшы неге?
– Заң шыққанын естіген жоқсың ба?
– Қандай?
– Жыныс ауыстыру туралы. Ертең бұрын жігіт болған біреуге кездесіп жүрсең қайтесің?..
(Екі құрдастың әңгімесінен).

– Бұрын шашын әлем тапырық етіп, көзге оғаш көрінетін ашық түске бояп алған әйелдер сынға алынған. Кейінгі жылдары жасанды қас, жасанды кірпік, жасанды тырнақ жасап жүретін қыздарды сөз еттік. Бұдан кейін ерінін дүрдитіп, көкірегін үлкейтіп алатындар санатқа қосылды. Енді әйелдің еркекке, еркектің әйелге айналуына жол беріліп отыр. Осының барлығы ұлттық тәрбиені уыстан шығарып алғандығымыздан. Соңғы кезде жігіттердің боянып, қыздарға лайықты киім-кешек киіп жүргені жиі жарнамаланып кетті. Біреу келісер келіспес, бірақ, тағдырға қарсылық таныту – адасу. Жаратылысын қателік деп танығандар қатары артса, қазақ халқы үшін ежелден қастерлі саналатын жеті ата ұғымы не болмақ? Ұл болған қыздан, қыз болған ұлдан не қайыр? – деп қынжылады Көкшетау қаласының тұрғыны, көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Светлана Қайырханқызы.
Жалпы бұл қайдан келген үрдіс? Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, әлемде мұндай ота алғаш рет 1931 жылы даниялық суретші Эйнар Вегенерге жасалса керек. Алғашқыда жұбайының (әйелі де суретші болса керек) өтініші бойынша әйел болып киінуге бел буады. Бірте-бірте оған әйел болып киіну ұнай түсіп, ол үстінен әйелдің киімін тастамайтынды шығарады. Себебін сұрағандарға ол өзін бұл киімде өте ыңғайлы сезінетінін айтып ақталады. Кейін Эйнар жынысын ауыстыруға шешім қабылдап, ота жасатқызып, өз есімін Лили деп өзгертсе керек. Алайда, ағзасы бір күнде сыр беріп, қайтыс болады.
Жоғарыда көп балалы ананың соңғы кезде қыздар киетін киімді ер балалар киетін болды деген сөзінің жаны бар-ау, сірәда. Тағы бір тоқталып кететін жайт, әлемде адамдардың жынысын күштеп ауыстыру жағдайлары да орын алған. Мәселен, немістің атышулы Йозеф Менгеле есімді дәрігері Освенцим лагерінде тәжірибе ретінде тұтқындардың жынысын күшпен ауыстырып, жауыздыққа жол берген көрінеді. Осы тақырыпты тереңірек зерделей отырып, біз 20-шы ғасырдың басында жаратылысын қателікке балап, жынысын ауыстырғысы келетіндерге дәрігерлер бірден «шизофрения» деген диагноз қойып, оларды психиатриялық ауруханаларда ұстағаны туралы дерек оқыдық. Ал, керек болса!..
Бір түсініксіздігі, кезінде айықпас ауруға саналған бұл дерттің бүгінде заңмен бекітіліп, оның өріс алуына жол беріліп отырғаны қалай?
– Достарымның арасында бастысқа еліктейтіні көп. Құрбыларымның дені жасанды кірпік, жасанды тырнақ жасатады. Мұның не десем, «Қазір жиырма бірінші ғасыр. Өмір адамға бір-ақ рет келетінін ескерсек, адам оны жүрек қалауымен өзіне ыңғайлы болатындай етіп сүруі керек», – деп жауап береді. Бірақ, таяуда министр бекіткен ереже мұның жанында түк болмай қалды ғой. Қай ғасыр болмасын, қазақ қазақ болып қалуы керек қой! Мен ондай адамдарды сөкпеймін. Алайда, құптамаймын да, – дейді Әсемгүл Шәріп. Әсемгүл қазіргі таңда облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының бірінде студент.
Айта кетуіміз керек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2016 жылы осы мәселеге қатысты арнайы пәтуа шығарған болатын. Бұл құжатта: «Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тиым салынған. Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал, шариғатымыз мұндай сорақы істі харам еткен» делінген.
Таяуда Elana.kz сайтында «Халық, дін, дәстүр құптамайтын заң кімге керек…?! немесе жыныс ауыстыру деген сұмдықты кім жасап отыр?» деген тақырыпта Мемлекет басшысының назарына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының мақаласы ұсынылған екен. Біз мақаланың соңында жарияланған түйін сөзді келтіруді жөн деп санадық. Онда былай делінген: «Сөз соңында айтарым, құдайдың бір аты халық. Егер жергілікті жұртқа, осы даланың иелеріне құрметі болса бұл заңды Парламентте қайта қарауы тиіс. Сонда ғана халықтың толқыны басылып, қабағы ашылып, алдағы күнге деген сенімі нығая түспек. Әйтпесе онсыз да ұнжырғасы түскен халықтың қытығына тие беру билікке абырой әпермейді».

Ұлт болашағы – ұл мен қыз. Қазақ «Қыз бұзылса – ұлт бұзылады» деген. Қазақтың ұл мен қызы ұлтының ұлылығын ұғынып, батысқа ессіз еліктемесе екен, ай мен күннің аманында адамдықтан аттамай, адаспаса екен деп түйіндейміз біз де.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар