Біз отырған бұрынғы баспахана, қазіргі аудандық газеттер үйі Ақкөл аудандық сотының ғимаратымен көрші орналасқан. Бес-алты жыл бұрын ауламыз да бір еді, аудандық сот үйі республикалық қаржы есебінен қайта жарақтандырылып, бұл күндері еңселі, әдемі, өрнекті темір шарбақпен қоршалған көрікті кеңсеге айналды.
Үш жылға таяды, аудандық сотқа жаңа төраға келді. «Атына заты сай» дегендей, ұзын бойлы, сымбатты жас жігіт келген беттен көп ұзатпай редакцияға келіп сәлем беріп кетті. «Құдайы көрші екенбіз, жасыңыз үлкен, сол себепті сәлем беруге келдім» деді Жандос Көпжасарұлы Жетібаев ініміз.
Айдарынан жел ескен мекеменің табалдырығын жөнді-жөнсіз аттай бермейсің ғой. Алдымен өзім барып, қызметіне құтты болсын айтпағаныма қысылсам да, қазақи жөн біліп, арнайы сәлем беріп келгеніне разы болып, қауқалақтап қалдым. Содан бері көрген жерде жаяу болса да, көлікпен жүрсе де, реті келсе «атынан түсіп..» дегендей, сәлемін беріп тұрады. «Өркенің өссіннен» басқа не айтасың мұндайда. Ара-тұра әкімдік мәжілістерінде кездескенде, жұма намазында қатар отырып қалғанымызда да, сол ағалық-інілік жылы ілтипатты танытып жатамыз.
Аудандық ономастика комиссиясының бір отырысына қатысты бірде Жандос ініміз. Ақкөл қаласының бір көшесіне Ертіс-Көкше өңірінің айтулы билерінің бірі болған Әлдебек бидің есімін беру жөніндегі ұсынысын дәйектеп әкеліпті. Оның «Әлдебек би – Абылай хан кеңесетін би-шешендердің бірі болған. Ханның қаhарынан қорықпай, ұтымды сөз, орынды уәжімен Абылайдың орнына көзі тірісінде Қасымды емес, Уәлидің хан сайлануына ықпал еткен адам. Біз қазір билер кеңесін құрып, жұмысын жандандыру үстіндеміз. Осындай үлгі-мысалдар біздің жұмысымызға да, жас ұрпақ тәрбиесіне де ықпалды болады» деген ұсынысын қабылдап, Спутник деген ықшам, таза көшеге Әлдебек Сатайұлының есімін лайықтап едік сол жолы. Аудан бекіткенімен, облыста көше атауларына мораторий жарияланып, әлі аяқталмай тұрған мәселе бұл.
Енді бірде аудандық сот ғимаратының ауласына, тура кіре беріс қақпадан өткесін оң жақ қабырғаға әлдебір адамның дидары бейнеленген монумент орнатып жатты. «Бұл кім?» деген қызығушылық жеңіп, танысып жатырмыз.
«Дулат Төлеутайұлы Төлеутаев, майдангер-судья, Ақкөл ауданында 15 жыл сот болып істеген» деген жауап алып, аудан тарихының қазіргі ұрпақтар үшін ақтаңдақ болып келген тарихының бір парағын ашқанбыз.
Жандос Көпжасарұлының жаңадан келген кезі. Бірер ай өткен шығар. Ақкөлге облыстық сот төрағасы Досжан Сарманқұлұлы Әміров ат басын бұрып, аудан активімен кеңес өткізді. Осы мәжіліске дейін бірер сағат аудандық сот кеңсесінде болып, іс- қағаздарының ахуалын бажайлап шыққан Досжан Сарманқұлұлы бізге әдеттегі төрдегі төредей емес, төрде отырған Төбе бидей көрінді. Жиналған жұртқа, алдындағы ағайынға екі тілде ізетті, мәдениетті сәлемін берді. Егеменді ел несімен егеменді болады деген ой төңірегінде ұтқыр ойлары мен орынды ұсыныстарын ортаға салды. Жалпы, тәуелсіздігіміздің қараптан қарап өздігінен келмегенін, ол сан ғасырлар бойғы азаматтарымыздың өз халқының бостандығы үшін намысын қорғап, жанын қиып жүргізген жанкешті күресінің нәтижесінде келгенін ескертті.
«Ұрпақтар сабақтастығы дейміз, тегіне тартып рухты болып жаратылған ұл-қыздарымыз 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шықпаса, Кеңестер одағы ыдырамас та еді, егемендік те болмас еді. Тәуелсіздікті алу да, ұстап тұру да оңай емес. Әлемдегі кез-келген халықтың біріктіруші қазығы – ол ана тілі. Тіл бар жерде – тірлік те бар, бірлік те бар. Аудандағы бар саланың ахуалын білмеймін. Мен аудандық соттың кеңсесінде тіркелген ресми қағаздарды зерделеп, дәл осы ауданда мемлекеттік тілді дамыту шаруасының кенжелеп қалғанын өз көзіммен көрдім. Жай сөз деп ойламаңыздар, аудандық әкімдік пен оның салалық бөлімдерінен сотқа түскен қарым-қатынас қағаздарының тоқсан пайызы ресми тілде боп тұрғаны нені аңғартады? Ағайындар-ау, мемлекеттік тілді жылы бүркеп қойып, не істеп отырсыңдар?!» деп түсінген жанды жерге қаратқан еді.
Облыстық сот төрағасының сол жолғы Ақкөл үшін таңсық болған таза, мазмұнды сөз саптауы ұзақ уақыт жатсам да, тұрсам да ойымнан кетпеді. Есіме Махамбеттің «Еңку, еңку жер шалмай, Ерлердің ісі бітер ме…» деген жалынды жыр жолдары түсе берді.
Содан бері өткен екі жылда өзгені білмедім, бізде не өзгерді? Мұғалімдер мен дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер жазылудан тыс қалғасын, тиражы тұқырған аудандық қазақша газетіміз жабылып тынды. Отыз, қырық жыл газетіне үйреніп қалған зейнеткердің пенсиясына орыс нұсқасы шығып келеді. Бұрынғыдай жарнама жоқ, кәрі де, жас та электронды ақпаратқа көшкен. Күні кеше ғана «бізде анау өтті, мынау өтті» деп мазамызды алатын әлеуметтік мекемелер фейсбукте, тағы басқаларында жылтыңдатып сол жаңалықтарын жазып жатыр. Әрі кеткенде жиырма, отыз оқырманы болса да ұпайлары түгел, есеп-қисабы толық болғасын олар газетке жазылып не қылсын.
Алайда, газетке жазылушылар тізімінде қалған санаулы мекеменің қатарынан аудандық сот қалыс қалмауда. Кеңсесіне де алады, қызметкерлері де жазылады. Әр жұма сайын қысқа, нұсқа етіп жаңалықтарын да жолдап отырады екі тілде.
Орайы келсе, осы сот жұмысы әдемі дуалы тәрізді жабық дүние ме, осы тәрізді көкейде жүрген көп сұраққа жауап алып көрсек деген ниетке кеттік. Обалы не керек, аудандық сот төрағасы сөзге келмей, жалғыз бізді емес, көпті елеңдеткен біршама сауалымызға жауабын берді.
Сауал: Жаңадан қызметке келген сәтте газет редакциясына келіп, сәлем беріп, танысуыңыз «Көрші ақысы – тәңір ақысы» дегеннен шығар?
Жауап: Ол да бар. Бірақ, мен осы аудандағы қызметімді негізгі әріптес мекемелер ұжымдары мен барлық ауылдық округтерді аралаудан бастадым. Ауданның тыныс-тірлігін, жұмыс ырғағын өз көзіммен көріп, көңіліммен сезінейін деген ниет болды.
Сауал: Облыстық сот төрағасы Досжан Сарманқұлұлының аудан активінде мемлекеттік тілге қатысты айтқан ой-пікірлері әлі құлағымызда. Содан бері сотқа қатысты құжаттар айналымында қандай өзгерістер бар?
Жауап: Сегіз ауылдық округте, қаладағы мен барған мекемелерде ең алдымен мемлекеттік тіл мәселесін көтердім. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4 бабында барлық мемлекеттік ұйым мемлекеттік тілде жұмыс атқарып, әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді білуі қажет деп көрсетілген. Біз өз жұмысымызды осы талапқа сай жүргізудеміз.
2018 жылы мемлекеттік ұйымдардан 90 пайызға жуық талап арыздар орыс тілінде түскені мысал болды облыстық сот төрағасы мен актив мәжілісінде.
Сол себепті «Тіл туралы» Заң талаптарының орындалмай жатқандығы туралы бірнеше жеке ұйғарым шығарып, әкімшілікке тапсырдық. Қазір Ақкөл ауданындағы мемлекеттік органдардан жүз пайыз, ал, жалпы алғанда сексен пайызға жуық талап арыз қазақ тілінде түсіп жатыр. Қалған жиырма пайыз Көкшетау қаласынан, басқа аудандардан түсуде.
Сауал: Сот қызметкерлері газетімізге екі мақала жазса, біреуі медиация туралы болып келеді. Жас кезімізде пединститутта бірге оқыған қыз «бастауыш деген – ол бастауыш» деген жауабынан танбаушы еді. Күнделікті «Медиация дегеніміз – ол медиация» дегеннен ел жалықпас па екен?
Жауап: Ауылдарды аралағанда аңғарғаным, көп азаматта осындай қате түсініктер қалыптасқан тәрізді. Ел-жұртымыз кез-келген жаңалыққа үрке қарайтындай әсер алғаным рас.
Сонау ХIХ ғасырдан алдымен французда шығып, сосын орыс халқында мысал болған «Всё новое – это хорошо забытое старое» деген қанатты тіркес бар. Сол айтқандай, Медиация дегеніміз, бұл біздің ата салтымызда болған Билер үрдісінің қайталануы. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз сайын даладағы әр адамның орнын білген. Біреуі малшы, біреуі ұста, зергер, енді біреуі ақын, сазгер, тағы біреуі сақшы дегендей. Сондықтан, тентегін тежеп, ат-шапан айыбын салса да, лайықты жазасын беріп, өз ішінде ұстаған ол азаматын. Күнәсі шектен асқанды ғана, оның өзі ілуде біреу, қатты жазалаған. Жер дауы, жесір дауы, мал дауы, көрші дауы сияқты болып келген келіспеушіліктердің ауыр-жеңілін қара қылды қақ жарған билер таразылап, екі жаққа да тиімді, ең бастысы, елге, халыққа ұтымды шешімдерін шығарып отырған.
Өкінішке орай, кеңестік кезеңде болмашы қылығы үшін жазаға тартылған адамдар тікелей бас бостандығынан айырылып жатса, бұл үрдіс егемендік тұсында біртіндеп әлсіреді және қазір мүлдем тоқтатылды десе де болады. Мұның себебі, әр заманның өз талап-тілегі болуында. Қазіргі нарық заманында бір сүйем жерге дауласқан екі көршінің, бір қап жем ұрлаған қызметшінің біреуін кінәлі деп темір торға тоғытудан қоғам да, мемлекет те ештеңе ұтпайды. Түрмедегі әр адамға оның күзеті, күтушісі, дәрігері, аспазы, басқалары бар дегендей, ішер асы, киер киімі, жылы баспанасы үшін салық төлеушінің қаншама қаржысы кететінін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Соншама қаржы шығарып, болмашыға барған адамның не кемшілігін түзетесің, керісінше, ашындырып қайтармасаң… Оны былай қойып, сотқа дейінгі әрілі-берілі сандалыстың, істің қаралуын дайындауға, өткізуге жұмсалатын қарбаластың, адвокат жалдаудың сол іске қатысты қарапайым ауыл адамына қаншама шығын әкелетіні және шындық. Осы жағдаяттарды ескере отырып, елімізде Медиация институты енгізілді және іске асырылуда.
Сауал: Газетімізде медиаторлар тізімі жарияланды бірде. Қарап отырып, көп адам «мына медиаторлардың заңгер мамандығы бар, ал, ана біреулер кәдімгі біз сияқты мұрнына заңның иісі де бармағандар ғой» деп жатқандарын сан естідім…
Жауап: Дұрыс айтасыз. Бізде кәсіпқой медиаторлар да, кәсіпқой емес медиаторлар да бар. Жалпы, осы медиаторлар негізінен әкімшілік тәртіп бұзушылық жағдайларына ғана араласады. Жекелеген қылмыстық істердің кәсіпқой медиаторлардың қатысуымен өтетін жағдайлары да бар.
Неге кәсіпқой емес дейсіз ғой? Себебі, халық тығыздығы аз бір ауданда керекті мөлшерде заңгердің болуы мүмкін де, қажет те емес. Өйткені, әр ауылдың аузы дуалы, сөзі өтімді өз адамдары болады. Ағайын арасында айтқаны жүретін, шаруада беделі басым жандардың медиация ісінде орны ерекше екенін тәжірибе көрсетуде.
Нәтижесінде, таза әкімшілік істерге келетін болсақ, 2018 жылы 57 іс, 2019 жылы 62 іс медиация тәртібінде қысқартылған. 2020 жылдың тоғыз айында 41 әкімшілік іс медиация тәртібі бойынша қаралған. Бітімгершілік жолмен шешіліп жатқаны да баршылық.
Жасырары жоқ, Ақкөлде отбасы қатынастарынан туындаған даулар, тұрмыстық даулар көп. Сонда не істейді дейсіз бе? Ішіп алады. Ішіп алғасын әкіреңдейді. Мінезін көрсетеді. Содан кейін сабайды. Болмаса былапыт сөзбен ар-намысын таптайды. Бұл дауларға жаңағы кәсіпқой емес медиаторларды тартамыз. Бізде қазір кәсіпқой емес медиаторлар өте көп. Олар өздерін өте жақсы көрсетіп келе жатыр. Тараптар арасындағы дауды түсіндіріп айтады. Ұтыласыз, ұтылмайсыз, қандай жауапкершілік бар дегендей. Көп адамдар ұтылған жағдайда сот шығындарын төлейтіндігі туралы ойламайды. Артық шығын ғой барлығы. Сараптама өткізеді. Ол да артық шығын. Қаншама сотқа барып келеді. Ол да артық шығын. Ал, егер бітімгершілікпен шешілетін болса, бір даудың ішінде ешқандай шығын жоқ, ешкімге артық ақша төлемейді, екі тарап та, екі көрші де бір-біріне ырза, мәз, бір-біріне деген сенімі, достығы сол күйі қалады. Ал егер соттасатын болса, азамат өзінің ішіндегі қандай да бір тылсым күші басылмай, ол әрі қарай бара береді.
Медиативтік бағыттарда бітімгершілікке келтіруге байланысты Ақкөлде 2018 жылдың қыркүйек айында билер кеңесі құрылды. Әр ауылдық округте билер кеңесі бар. Билер кеңесінің қызметі дауды сотқа жеткізбей бітіру. Сотқа келгеннің өзінде де, билер кеңесін шақырып түсіндіріп жатамыз. Осындай, осындай жағдай болып жатыр, қалай шешкен дұрыс деп…Сот біреуді жамандап, біреуді қолпаштайтын ұйым емес. Біздің міндет – жағдайды түсіндіріп, тараптардың толық түсінуіне мүмкіндік туғызу. Содан кейін кәсіпқой емес медиаторлар жұмыс істейді.
Сауал: Жыл басынан бері жұқпалы вирустың әлегінен талай шаруа тежелді, халықтың басым көпшілігі үйден шықпауға мәжбүр болды. Осыған орай, түрлі қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер де азайған шығар. Бірақ, олар жоқ деп те айта алмассыз. Бұл сот жұмысына қаншалықты қолайсыздық әкелді?
Жауап: Бағана айттық қой, қазір заман басқа деп. Заманауи технологиялар көмегімен жұмыс істеу қатты дамып кетті. Осыдан он жыл бұрын ойландыңыз ба, бүкіл сот процесі қашықтықтан онлайн өткізіледі деп. Бүгінгі күні ресми түрде 98 пайыз адамдармен қашықтықтан сот процесін өткізуге болады. Сонау ауылдан сандалып, Ақкөлге келудің тіпті де қажеті жоқ. Ол жердегі ауылдық округте интернет болатын болса, бүкіл қолдау хаты, өтініш хаттарды, арыздарды, барлығының көшірмесін алу мәселесін тек қана онлайн жіберсеңіз, сот кабинеті арқылы түседі бізге. Ол мерзімінде қаралып, электронды түрде жауабы қайтарылады.
Қазіргі жұқпалы вирус қаупі жағдайында, адамдар сот отырысында шоғырланатын болса, бәрі ауырады ғой ертең… Яғни, денсаулығын сақтайды, екіншіден уақытын үнемдейді. Қаржысын да үнемдейді.
Сауал: Құжат қабылдау, әсіресе, ауылдық жерлерден электронды форматқа көшірілді ме?
Жауап: Әрине, біздің ауданда ол бұрыннан бері қалыптастырылған. Біз қазір тоқсан пайыздан артығын электронды түрде қабылдаймыз. Қарапайым талап арыз түскен кезден бастап барлығы электронды түрде жүреді. Керек десеңіз қылмыстық істер жөнінен де сондай дәрежеге жетіп жатырмыз. Бүкіл қылмыстық іс бет-бетімен сканерден өткізіліп, ПДФ файлына салынып, мемлекеттік мекеме басшысының электронды кілтімен растала отырып жолданады сотқа. Сотқа түскен кезден бастап барлық процессуалдық тәртібі сақталып өтетін процестің өн бойы қашықтықтан электронды түрде қадағаланады.
Тілші: «Медиация деген – ол медиация» демейтін болдық енді. Қазақ даласын ғасырлар бойы ұстап келген тек білектің күші, найзаның ұшы ғана емес, дананың көзі, билердің сөзі екеніне барған сайын иланып келеміз. Сол себепті берген жауаптарыңызға оқырман атынан разылық білдірсек…
Судья: Республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына өзара әріптестігіміз үшін біз де разымыз. Жыл көлемінде ірілі, уақты қырық-елуге жуық қысқа да нұсқа ақпаратымыз жарияланып тұрады сіздерде. Өзіңізге жеке сауал: «Бастауыш деген – ол бастауыш» дейтін курстасыңыз не болды, қандай биіктерге жетті?
Тілші: «Ұра берсең, ұлың сенің жасқанады, Жасқаншақты басынады басқалары. Қол көтермей тәрбиелесең ақыл айтып, Ақылымен ертең елді басқарады» дегендей, институттан кейін «ұрмай», «соқпай» тәрбиелей білетін адамына жолықты ма, ғылым кандидаты, кафедра меңгерушісі болды деп естігенмін, ендігі зейнет демалысына шығып, лайықты құрметіне бөленіп отырған шығар. «Елім, тілім, ділім» деп жүрген барша азаматтың еңбегі жансын, ескерілсін дейміз біз де!
Қуаныш НҰРСАДЫҚОВ.
Ақкөл қаласы.