«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы республикалық сайлауалды шаралары аясында Ақмола облысының Макинск қаласында орналасқан жылу қаптағыш материалдарын шығаратын іргелі кәсіпорында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Бұл өндіріс орны 2011 жылы ашылған еді. Мұнда жылына 34 мың тонна әртүрлі базальтты жыныстар негізінде жылу қаптағыш материалдарын шығарады. Жоба құны – 8 миллиард теңгені құрайды. Өткен жылы бұл зауыт өзінің 80 пайыздық қуатына енген болатын. Биылғы жылдың өзінде он бес мың тонна өнім шығарып үлгерді.
Үгіт жұмыстарымен арнайы келген ақжолдық кандидаттарды қарсы алған кәсіпорын басшысы Манатбек Бақтыбаев алдымен өндіріс процесімен жан-жақты таныстырды. Италия елінен әкелінген осы заманғы қондырғылар іркіліссіз жұмыс істеп тұр.
Өндіріс процесімен танысқаннан кейін ақжолдықтар жұмысшылармен де жүздесіп, олардың ой-пікірлерін сұрап білді. Әлеуметтік мәселелердың оңтайлы шешіліп жатқаны да тілге тиек етті. Зауыт басшысының айтуынша, кәсіпорындағы орташа жалақы 140 мың теңгені құрайды екен.
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл зауыт ұжымына алдағы сайлаудың ел өміріндегі маңызды тұстарын әңгімелеп берді. Биыл тұңғыш рет жергілікті мәслихаттарға депутаттар партиялық тізім бойынша сайланады.
Әрине, әркім өз таңдауын жасайтыны анық. «Ақ жол» партиясы да өз бағдарламасында ұлттық «Алаш» идеясы мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын негізгі бағыты ретінде қабылдады.
Сонымен бірге, бұл шараға Көкшетау қалалық және Бұланды аудандық мәслихаттарына кандаидаттар да қатысып, өздерінің ойларымен бөлісті.