Қазақ – бостандық сүйгіш, ежелден еркіндігін бәрінен де жоғары қойып келген халық. Тіпті, Кеңестер Одағына кіретін он бес одақтас республика құрамында болған дәуірдің өзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының өзі халықтың ежелгі арманына байланыстырылып шығарылған болатын. Оның «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған…» – деп, басталатынын әлі ұмытқан жоқпыз. Кеңестік коммунистік партия өзінің негізгі бағыты – бостандық, теңдік, достық деп келгендігі белгілі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихта мәңгілік қалатын ұлы шешімі – ел ордасының бұрынғы Ақмола қаласына көшіруі деп білеміз. Бұл түсіне білсек, үш жүздің басын қосып, біріктірген, хандық ордасын Сарыарқадан сайлаған, Көкшетауға әкеліп тіккен Абылай хан арманымен ұштасып жатқан жасампаз шешім.
Сарыарқаның төсі қашаннан халқымыздың ортақ мүддесі үшін біріккен, ұлт болып жұмылған қасиетті мекен. Қалмақ-жоңғарлар елімізге қауіп төндіріп, халқымыз босқынға айналып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» заманы туғанда, қуғын көрген, ел осы Сарыарқаның бойына келіп, ес жиып, қасиетті күреске бел-буған, жауды жерінен азат еткен. Тарихта ешнәрсе де із-түссіз кетпейді, бүгінгі күн – өткен дәуіріміздің жаңғырығы. Осыншама, ұлан-ғайыр өлкені ұрпақтарына аманат етіп, сеніп тапсырған ата-бабаларымыздың қасиетті, жасампаз жарқын жолдарынан тағылым алу, оны өнеге тұту – біздің де қасиетті борышымыз. Тарихын, өткенін қадірлеген ұрпақтың болашағы да зор, келешегі нұрлы бола түспек. Бүгінгі тәуелсіздікке деген құрмет – ең алдымен, осы ата-бабаларымыз өткен қасиетті даңқты жолдарға жасаған құрметіміз болуға тиіс. Өкінішке орай, Абылай ханның өз елін сақтап қалуға тырысқан жанталас әрекеті өзі өмірден өткен соң жалғаспай қалды, оның қасиетті күресін шөбересі – Кенесары хан жалғастырғанша әлі талай заман бар еді.
Тәуелсіздік жеңісі – алаш арманының іске асуы еді. Демек, тәуелсіздіктің бүгінгі қуанышы, шаттығы – алаш арманының орындалуы деп қабылдауға тиіспіз. Өйткені, жиырмасыншы ғасыр басындағы алаш қайраткерлерінің бағдарламасы – арғы-бергі алаш жұртының мұрат-мүддесі еді. Жетпіс жылдай өмір сүрген Коммунистік партия бастаған режим Кеңестік үкімет артына үлкен өкінішті сабақ, аяусыз іздер қалдырды. Оның зардабын онсыз да тарих соқпақтарынан көп ауыртпалық шеккен, сансыз соғыстарды, қилы кезеңдерді басынан кешірген қазақ сияқты момын бейбіт халық тартты. Әділеті сол Кеңестер Одағының құрамында Қазақстан сияқты ешбір ел, республика ауыр сынақтан өткен жоқ, қазақ сияқты ешбір халық саясаттан көп қиянат шеккен жоқ.
Тәуелсіздік бізге, біздің халыққа өте қымбатқа түсті. Сол үшін де Тәуелсіздік мерекесі – біздің еліміз үшін қадірлі, қасиетті мереке. Тәуелсіздік мерекесі осы қасиетті жолда қазақтың ең алдыңғы қатарлы ардақты тұлғаларының құрбан болуымен қымбат. Өйткені, олар осы халқының азаттығы, еркіндігін алу үшін күрес жолына әзиз жандарын құрбан қылды. Ешкім де Қазақстанның тәуелсіз ел болуын оп-оңай мойындай қойғысы келген жоқ. Бұл күрес жылдарға емес, ғасырларға созылды, қазақ қазақ болғалы бас бостандығы, еркіндігі үшін күресіп келеді. Біз жауынгер жұрттың ұрпағы екендігімізді мақтан тұтамыз. Және бұл өте орынды. Өйткені, ешбір халық, дәл қазақ сияқты, аз ғана адам құрамымен осыншама жерді иеленіп қала алған жоқ. Басы ашық ақиқат сол, қазақтың әрбір өлкесі, аймағы тіпті, кішкене ғана елді мекені, тау қалтарысы, төбе-қыраттары, өзен-көлі, бәрі де туған жерін қорғаған ата-бабаларымыздың қасиетті қаны төгілуімен қаншама құрбандықтар арқылы келді. Сондықтан да, бізге біздің жұртымызға Тәуелсіздік мың сан есе қымбат та қадірлі.
Тәуелсіздік жолындағы күрес, міне, бізге осындай адамзат идеяларды ұқтыруымен қымбат. Демек, тәуелсіздік – біздің адамгершілік, ар-ұятымыздың, ізгілік қасиеттеріміздің, азаматтық парызымыздың символдық тұғыры. Оның қасиет-құндылығының өзі осында. Тәуелсіздікке деген құрмет – елдігіміздің тарихына, ата-бабаларымыздың жолына, олардың салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына деген құрмет. Адамгершілік қасиеттердің сақталуы – осы ата-бабалар жолында өткен тарихыңа деген құрметіңмен, олардың ізгі адамшылық мұрат-мүддесін бойына қаншалықты сіңіре білгендігіңмен өлшенеді. Ата өнегесін қанына сіңіріп, бітім-болмысында қалыптастыра алмаған адам ғана тайғанақ тұрақсыз жолға түседі. Адамгершілік ар-ұят, намыс-жігер, имандылық, тілі мен діліңе, дініне деген құрмет бәрі де ата-бабаларымыздың қасиетті қанымен, асыл өнегесімен жұғысты болған қасиеттер. Ал, елдің тәуелсіздігін сақтау дегеніміз, осы ата-бабаларымыздың жолына, ұстанымына адалдығымызды білдірмек. Сондықтан да, тәуелсіздік – қазақ халқы үшін айрықша қасиетті ұғым.
Туған жер қазақ баласы үшін ең қасиетті ұғым екенін кез-келген фольклорлық туындылардан танимыз, ертегі-аңыздардан, батырлар жырынан, тұрмыстық жырлардан, тіпті мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштарымыздың өзі біздің халықтың қасиетті туған жерге деген адалдығын, еркіндігін, тәуелсіздігін бәрінен де жоғары қоятынын аңғартып тұрады.
Дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ, заман құбылады, өзгереді, жаңарады, бұлт астынан жадырап күн шығатыны секілді, ел басына түскен ауыртпалық та өтеді, жарқырап таң атады. Бірақ, ешқашан бізге тәуелсіздік оңайға түсті, өздігімен келді деуге болмайды. Олай етсек, кешегі күндердегі тәуелсіздік үшін жанын қиған асыл арыстандарымыздың аруағын қорлаған болар едік. Олар, өйткені, өз заманының үнін, қоғамының көзқарасын танытқан тұлғалар. Сол олардың наразылығы, болып жатқан қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы ащы үндері із-тұзсыз кеткен жоқ, жетпіс жылдай үстемдік еткен кеңестік саясаттың да қателігін айқындаған ақиқатын танытқан осы заман серпілісі, қозғалысы. Әділеттің дер кезінде салтанат құрмауы, оның жеңілгендігі емес. Әділет адамзатпен бірге өмір сүреді, тәуелсіздік те осылай, ол өзі уақыты келгенде жарып шығады.
Міне, тәуелсіздік таңы атып еліміз еркіндікке қол жеткізгеніне де отыз жылдай уақыт болып қалды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы ел тарихындағы аса маңызды кезеңде билік тізгінін қолына алды, көптеген ауқымды мәселелердің шешімін табуына ұйтқы болды. Соның ең бастыларының бірі – Қазақстанның тәуелсіздігін әлемнің барлық елдері дерлік таныды, мойындады, байланыс орнатты.
Қазақстан қазіргі кезеңде халықаралық үлкен беделге ие, стратегиялық маңызы жоғары, саяси-экономикалық бағыты айқындалған, даму үрдісіңдегі мемлекет. Әуелгіде астананың Ақмолаға көшірілуі жөнінде күмәнді ойлар туындап еді, уақыт өте келе, бұл бірден-бір дұрыс шешім болғандығына халықтың көзі жетті. Нұр-Сұлтан қаласы – Қазақстан тәуелсіздігінің нақты сипатын айқындайтын шын мәніндегі астаналық қалаға әбден лайық – еліміздің нағыз бас Ордасына, табжылмас тұғырына айналды. Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы барша әлем елдері көз тігіп отырған, шын мәніндегі қазақ Ордасына лайық келбетке ие болып отыр. Әрине, мемлекеттің басты даму көрсеткішін тіпті, елдік берік тұғыры – оның астанасына қарап, бағаланып, айқындалатынын ескерсек, Нұр-Сұлтан қаласы – әлемдік халықаралық стандарттар талабына сай, әрі ұлттық тарихи сипатты, әлемнің ең үздік инфрақұрылымы.
Қазіргі кезеңде Қазақстанның билік тізгінін қолына алған Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Н.Ә.Назарбаевтың айқындап кеткен мемлекетке қатысты маңызды мәселелерді сеніммен жалғастырып отыр. Әрине, кез-келген елдің тарихында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиындықтар болмай тұрмайды, соған қарамастан Қазақстан аяғынан тік тұрып, әлемнің алдыңғы, дамудың сара жолына түскен елдерінің қатарында өз бағытын айқындап ілгерілеп келеді. Нұр-Сұлтан қаласында тәуелсіздігіміздің басты нысандары асқақтап тұр. Ол ең алдымен, тәуелсіздік тұғыры монументі, ол – Абылай хан мен Кенесары хан ескерткіштері. Осы арада, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарих алдындағы берік ұстанымын айрықша атап өтуіміз керек. Қазақ халқы соңғы екі ғасыр уақыт бойында империялық отаршылдықтың бұғауында болды, бұрынғы ата-бабаларымыз тұсындағы еркін, азат ел – еріксіз отар елге айналды. Міне, осы тарих ел астанасының келбетінен лайықты көрініс тапты. Елдің азаттығы жолында қаһармандық көрсеткен ерлеріміздің, хандарымыз бен батырларымыздың, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай қолбасшылардың елдік символына айналып, асқақтап тұруы – біздің тәуелсіздік тұғырымыздың нық еткендігінің дәлелі.
Ел Тәуелсіздігінің алғашқы отыз жылының өзінде, мемлекет іргесін нығайта түсіп, әлем елдерін мойындатып үлгерсек, ең алдыңғы қатарлы дамушы мемлекеттердің қатарына ілігіп үлгерсек, әрі қарай стратегиялық даму бағытын айқындасақ, осының өзі ел болашағының бұдан да жарқын болатындығының дәлелі бола алады. Әрине, қиындық болмай тұрмайды, Қазақстан да әлем елдерімен қатар қазір пандемиялық індетті кезеңді бастан кешуде. Бірақ, бұл өтпелі, уақытша қиындықты халқымыз өзіне тән қайсарлықпен, төзімділікпен, жігерлілікпен жеңе алатынына сенім мол. Өйткені, халқымыз тарихи жолдарында талай ауыртпалықтардан, сынақтардан өтті, ұрпағын сақтай алды, ең маңыздысы осы болса керек. Ал, тарих жолдарында бәрі біркелкі бола бермейді, жеңістер мен жеңілістердің алмасып келуі заңдылық. Ең бастысы, халқымыздың рухы түспесін, ерік-жігері мұқалмасын, болашаққа деген сенімдерін жоғалтпасын деп тілейік.
Тәуелсіздігіміздің баяндылығы, іргесінің беріктігі – жас ұрпақ болашағының сенімді кепілі. Өткен тарихымыздан сабақ ала отырып, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсіп, болашақ жас ұрпақтың баянды бақыты, жарқын келешегі үшін күресу, еңбек ету – баршамыздың ортақ абзал борышымыз, азаматтық парызымыз.
Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты.