Бүгін көше атауларын жыртады, ал, ертең…

Редакциядан шығып, биылғы күрделі жөндеуден кейін көз сүйсінтіп, жұтынып тұрған «Көкшетау» мәдениет сарайын айналып өтіп, Қаныш Сәтпаев көшесінің бойымен ілгері аяңдап келеміз. Бұл маңайда да еңселі коттедж үйлер, асфальты, бүкіл суағарлары қайта жаңартылған оқтай түзу көше қала көркіне сән беріп тұр. «Қаныш Сәтпаев көшесі» деп қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әдемілеп жазып қойған көше атауы да талғаммен жасалып, ілінгендей әсер береді.

Көрген көзге бәрі жақсы-ақ! Кешегі бір кезде бәріміз тағдыры не болар екен деп алаңдаған Көкшетауымыз осылай жылдан-жылға көркейіп, өсіп келеді.
Алайда, мынау не? Ешкімге бөгеті жоқ, қайта, әр үйдің сәнін келтіріп, қай үй қай жерде екенін білгізе түскен көше атауларын кім жыртқан?!. Әр үйдің қоршауындағы желімге отырғызып, тақтайшаға жапсырған, адам қолы тимесе, сол әп-әдемі, жылтыр қалпында әлі ұзақ тұра беретін осы бір жазулар кімнің көзіне сүйел болып көрініп, кімге несімен жақпай қалды екен?!
Бір үйдің ғана жазуына нұқсан келсе жарайды. Бірақ, оның өзіне де неге осылай екеніне дал болып, көңіл-күйің түсіп қалады ғой. Әлде, бір арам ойлы бұзақының жат пиғылы, әр нәрсеге әуес ойын баласының байқамай жасап алған шалалығы ма деген де ой туып, біздің халыққа жетіспей жатқан тәрбие, мәдениеттің «құлағын» тағы бір шулатып қоярыңа сөз жоқ.
Ал, бұл көргеніміз болса, көшенің айналдырған 300 метрдей азын-аулақ бөлігінде төрт-бес жерде қайталанып тұрған жағдай. Әлде «Қаныш Сәтпаев» деп қазақша жазылған жазу ұнамаған, әлде қолдары қышып, тиісерге қара таппаған бұзақылардың қасақана істеген ісі. Сол арада шіркін, бейнекамералар болып, не полицияның кезекші тобы кездесіп қалып, бәрін қолға түсірер ме еді.
Бәрі деп отырғанымыз, бір адам дәті барып, көше бойы мұндай бейбастақтыққа бара қоймас. Топ болып келе жатып, бірдеңе түртіп, өздерінше қыр көрсеткен болып, осылай істеулері мүмкін.
Қалай болғанда да бұл жылы жауып, үн-түнсіз қоя салатын мәселе емес. Мұны үлкен адамдар істеді демейсің. Қоғам мүлкіне жаудай қарайтын, мәселен, бақ ішінде жарық беріп тұрған плафондарға дейін тиісіп, сындырып кететін, қоқыс төгетін жәшіктерге дейін аударып-төңкеріп тастайтын жастардың белгілі бір бұзақы топтары осылай жасап жатады. Ал, енді мәдениеттілік пен тәрбиенің, ұлтқа, елге құрметтің жоқтығының ақыр соңында жоғарыдағыны қойып, көше атауларын жыртудан да көрініс тауып отырғаны тіпті қынжыларлық.
Бүгін осы көшедегі атаулар жыртылса, ертең тап осы бұзақылар, не басқалары басқа көше атауларын бүлдірмесіне кім кепіл? Сондықтан, бұның алдын алудың бір-ақ жолы бар. Құқық қорғау органдары қоғамға жат осындай жайларға көбірек назар аударулары керек. Мұндай сорақылықтарға кінәлілер жазасыз қалмауы тиіс. Әрі іштен қолы жеткенді жыртатын осындай «жаулар» шығып жатса, көше атауларын берік материалға жазып, қоршауға емес, үйдің өзіне, биікке ілген абзал. Сау нәрсені қасақана бүлдіру – қылмыс. Жалпы, басқа-басқа болсын, көшенің атауын жырту ақылға сыя ма?! Сондықтан бұл тілге, сол көшенің атауына, әйгілі ғалымға болсын, кәдімгі қастандық.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар