Жауапты да ұзақ мал қыстату науқаны басталды. Дәл осы жерде «ата-бабамыздан келе жатқан үйреншікті кәсіп қой» деп маңызды істің салмағын жеңілдетудің қисыны жоқ. Әр жылдың өзіндік ерекшелігі болатындығын ескере отырып, дайындық жұмыстарының талаптарын еселей түскендер ұтады. Яғни, барлық ұйымдастыру-шаруашылық шараларының жиынтығын қапысыз қамдау басты шарт болмақ.
–Аудан бойынша 31521 ірі қара, 31100 ұсақ мал, 12822 бас жылқы, 9316 шошқа түлігі қыстатылуда, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Виктор Шкурихин. Осы ретте, ірі серіктестіктермен қатар, шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар қарауындағы мал саны анағұрлым артқанын айта кеткен ләзім. Соған байланысты жұмыс жоспарының ауқымы да кеңейіп отыр. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында жоспарлы іс-шаралар – қора-жайларды жөндеу, дезинфекциялау, зоотехникалық және ветеринарлық ұйымдастыру жұмыстары толық деңгейде атқарылды. Кадрлар құрамы да жеткілікті. Биыл, әдеттегідей, мал азығының бір жарым жылдық қоры дайындалды. Былтырғыларға қоса, 81 мың тонна шөп, 5000 тонна сабан, 54 мың тоннадан астам жүгері сүрлемі, 15 мың тонна пішендеме, 98,5 мың тонна құрама жем дайындалуы науқанды ойдағыдай өткізуге мүмкіндік береді.
Басшының бұл сөздері жылдың өткен кезеңінде қол жеткен табыс еселене түсетініне негізделгені белгілі. Үстіміздегі жылдың қарашасына дейін өңір малшылары тірідей салмақта 4586,8 тонна ет, 20780,6 тонна сүт өндірген. Бұл көрсеткіштер 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 102,4 және 100,3 пайызға жоғары. Бәсеке көшін Алтынбек Құрманқұлов басқаратын «2019 жылдың үздік ұжымы» облыстық байқаудың жеңімпазы – «Шуйское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастап келеді. Мұнда 790 ірі қара, 464 бас жылқы қыстатылуда. Шаруашылық қараша айына дейін 316 сауын сиырдан 2016,4 тонна сүт дайындады.
Ет өндіру бойынша «Алтындән», «Бастау», «Шуйское», «Абдуалиевтер», «АрманАтбасарАгро» және «Шортанбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері алдыңғы қатарда екен.
Биылдың өзінде «АтбасарАгроПродукт», «Новосельское», Атбасар Дәнді Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Тәуке» шаруа қожалығында еттік бағыттағы ферманың ашылуы табыс арнасын кеңейте түсетініне сенім қалыптастырады. Бұлардың қарауындағы 350 ірі қара мал санын көбейту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні аудан бойынша 2020 жылға арналған мал шаруашылығы саласын дамытудың индикативтік жоспарлары тұқымдық түрлендіру бойынша 118,3 пайызға, бұқашықтарды бордақылау алаңына өткізу бойынша 100,2 пайызға орындалуы да жақсы ойларға бастайды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.