Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы» кітабы баспадан шықты

Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдық мерейтойына орай, Көкшетаудағы батыр музейінің мұрындық болуымен даңқты жерлесіміздің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған «Қазақ баласы» атты туындысы жеке кітап болып жарық көрді. Музей қабырғасында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренованың, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараны Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде биылғы жылы мерейлі даталар көп болғанын, соның бірі Ұлы Жеңістің 75, Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдықтары мен музейдің ашылғанына 25 жыл толуы екенін айтты. Осы даталарға орайластырылған көптеген іс-шараларды пандемияға байланысты онлайн форматта өткізуге тура келген. Міне, осы айтулы мерейтойлар қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдау көрсетуімен бұған дейін сарытап қағаздарда шаң басқан қолжазба түлеп, түрленіп, уақыт олжасына айналып, өз оқырмандарына бұйырды.
–Биыл үш айтулы датаға орай, үш кітап шығармақшы болғанбыз. Соның бірі Мәлік Ғабдуллин бабамыздың «Қазақ баласы» кітабы. Осы арада айта кетсем, жазушының «Қазақ баласы» деген қолжазбасы кезінде цензураға іліккен, содан баспа бетін көрмей, жоғалып кеткен. Бірақ, бұл қолжазба туралы Мәлік Ғабдуллиннің естелік хаттарында, сондай-ақ, Сәбит Мұқановтың естелігінде жиі айтылатын. Бірде музейіміз Көкшетау техникалық институтымен бірігіп өткізген конференцияға белгілі әдебиетші ғалым Серік Негимов келіп, жерлес батыр, жазушының осындай қолжазбасы бар көрінеді, ол мемлекеттік архивте болуы керек деп айтты. Музей қызметкерлері осы мәселемен Алматыға барып, архивтың бұрынғы директоры Ләззат Ақтаеваға хабарласып, сол кісінің көмегімен Жазушылар одағының қорынан қолжазбаны таптық. Мәлік Ғабдуллин қолжазбаны қазақша, орысша екі тілде жазып, Сәбит Мұқановқа жолдап отырған. Әскерден келгесін толықтырып, баспадан шығармақшы болған екен. Алайда, белгілі бір себептермен шықпай қалған. Осы еңбегінде ол Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының және өзімен соғыста бірге болған қазақ жауынгерлерінің ерліктерін баяндаған, – деді музей директоры. Айта кететін бір жай, батыр бабамыз қолжазбасының атын «Қазақ баласы», ал орысша нұсқасын «Сын казаха» деп өзі қойып кеткен екен. Кітап көркем сөзбен өрілмесе де, оқыған жанға сондай түсінікті. Туынды жарыққа шықпас бұрын, музей жанынан ғылыми кеңес құрылып, біраз талқыға түскен.
Сондай-ақ, шара барысында музей директоры үстіміздегі жылы батыр жерлесіміздің есімін ұлықтап, ерлік жолын ұрпаққа өнеге ету мақсатында Көкшетау техникалық институтымен бірлесіп көп жұмыстар атқарылғанын айта келе, осы жоғары оқу орнына Мәлік Ғабдуллин есімі берілгенін және Нұр-Сұлтан қаласындағы Қорғаныс институтында Мәлік Ғабдуллин атындағы факультет ашылғанын мақтанышпен атап өтті. Аталған факультетте музей қызметкерлері көрме қойып, тақырыптық бұрыш ашқан. Жастарды батыр бабамыздың өнегесінде тәрбиелеуді мақсат еткен бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова мен қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы-драматург, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев салтанатты түрде кітаптың тұсауын кесіп, оның Қазақ елінің мәңгілік оқитын кітабы болуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, кітаптың тұсаукесер рәсімінде ғылыми кеңес құрамында кітаптың қазақша-орысша нұсқаларын оқып шыққан аудармашы Ғосман Төлеғұл мен филология ғылымдарының кандидаты Аян Қажыбай сөз сөйледі. Шара Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы жерлесіміз Р.Елебаевтың Төлеген Тоқтаровқа арнаған «Жас қазақ» әнімен өз мәресіне жетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар