Бурабай өңірінде дәрігер боп еңбек еткен жазушы Зейін Шашкин 1962 жылы жарық көрген «Доктор Дарханов» атты романында «…қандай суретші болса да, бояуын тауып Бурабай табиғатын кенепке түсіре алмас» деп жазса керек.
Шынында да, табиғат қана тамаша суретші. Жасыл көйлегі желбіреп, бүршіктен сырға киген кербез қарағайлары мен мың бұралған биші қайыңдары, манаураған маңғаз таулары бар Бурабай өлкесі Арқадағы жер жәннаты десек артық айтқандық емес. Үш жүздің басын қосып, қазақ мемлекетінің негізін қалаған Абылай ханның осында қоныстануы да бекер болмас… Қазіргі таңда Ақмола өңірінде 300-ден аса демалыс орны бар. Алайда, солардың ішінде оқ бойы озық тұратын Бурабайдың орны бөлек. Щучинск-Бурабай курортты аймағы еліміздің туристік кластерін дамытуда үлкен рөлге ие.
2020 жылы Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағытында 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, осы мақсатқа барлық деңгейдегі бюджеттен 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, биыл жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын жаңа туристік нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында спорт базасы, DI-Group кешені, «Орленок» аквапаркі, биіктігі 42 метр, 96 адамға лайықталған 24 кабинасы бар шолу дөңгелегі және тағы басқа ойын-сауық нысандар бар.
Ақмола облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Алмас Сағдиевтің айтуынша, ағымдағы жылы жалғыз Қазақстан ғана емес, жалпы әлем халқына қиындық тудырған пандемияның әсерінен жыл сайын көрікті Щучинск-Бурабай курортты аймағына ағылатын туристер саны біршама азайған. Себебі, күрделі кезеңге байланысты жаз мезгілінде өңіріміздегі ашық су қоймалары жанындағы курорттық және рекреациялық аймақтар жабылды. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі нәтижесінде курорттық аймақтарға кіре берісте блок бекеттер орнатылды. Пандемияға байланысты туристік ақпараттық орталық арқылы брондау жүйесі іске қосылды. Осы жүйе арқылы кез-келген турист бөлмені брондауға мүмкіндік қарастырылды. Дем алушылар мен қызметкерлерден санитарлық ережелерді қатаң сақтау талап етілді.
– Щучинск-Бурабай курорттық аймағы ауқымды туризмді дамытуға ықпал ететін бірегей табиғи-мәдени мұраға ие және елдің туристификация картасының үздік 10 нысанының бірі болып табылады. Өңірді көркейту мақсатында бөлінген қаражат курортты аймақтың инфрақұрылымын дамытуға, туристік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ағымдағы жылы курорттық аймақта шағын сәулет нысандары, қарау алаңы, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары пайда болды, туристік маршруттар абаттандырылды. Discovery аумағында үлкен аттракцион іске қосылды. Бұдан басқа Қазақстанда теңдесі жоқ мультимедиялық мәдени-көрме кеңістігі – экспозициялық кешеннің құрылысы аяқталды, – дейді Алмас Еркінұлы. Сонымен қатар, демалыс аймақтары инженерлік және жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуде. Осы мақсаттарға Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары аясында биыл төрт миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ақмола облысында Бурабайдан басқа да туристік өңірлер көп. Солардың бірі – Зеренді ауданы. Зеренді демалыс аймағы ТОП-50 аймақтық нысандардың қатарына кіреді. Туристер үшін жоспарланған демалыс орнына дейінгі жолдың сапасы ерекше маңызды. Сондықтан ,Зеренді курорттық аймағын Имантау-Шалқар аумағымен жалғайтын жалпы ұзындығы 53 шақырым болатын облыстық маңызы бар «Еленовка – Чистополь – Есіл» және «Зеренді – Красный Кордон-облыс шекарасы» екі автожолын жөндеу бойынша жобалар әзірленді.
Астана маңындағы туризмді дамыту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Еліміздің бас қаласынан 15 шақырым жердегі «Бейбарыс» демалыс аймағы кеңейтіліп, жаңа нысандармен толықтырылуда. Туризм Ақкөл ауданында да дамып келеді, жақын арада «Пигнастеев» жаңа туристік базасы пайда болады. Ал, Целиноград ауданында «Алтын қырғауыл» отбасылық ойын-сауық кешені қарқынды дамуда, ол Елорда маңындағы ең ірі демалыс базаларының бірі болып табылады, онда тағы үш жаңа коттедж салынған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының маңында, Аршалы, Ақкөл, Целиноград және Шортанды аудандарының туристік аймақтарында табиғатта дем алуға арналған 100-ден астам объектілер, мәдениет және тарих ескерткіштері бойынша турлар бар.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.