Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш ТАЛАСБАЕВ: «Келер жылдан да қажырлы еңбектің қайтарымын күтеміз»

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимін енгізу көктемгі егіс жұмысын жүргізуге тиісті түзетулер енгізді. Дегенмен, соған қарамастан, облыс диқандары ұйымдасқан түрде ауыл шаруашылығы дақылдарының егісін қысқа мерзімде өткізіп, мол астық алудың берік негізін қалады.

Биылғы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 424 мың гектар алқапқа 45,3 мың тонна элиталық тұқым септі. Бұл барлық тұқымның 8,2 пайызы. Үстіміздегі жылы үшінші репродукциядан төмен емес тұқым себу 96,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылы 83,7 пайыз болған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында биылғы жылы облыс диқандары тұқым шаруашылығының аттестатталған субъектілерінен 40 мың тонна жоғары репродукциялы тұқым сатып алды. Бұл тұқым сатып алудың көлемі соңғы 5 жылдағы рекорд болып саналады. Дәнді және бұршақты дақылдар 4,4 миллион гектар алқаптан жинап алынды. Жалпы, 5,2 миллион тонна астық жиналды. Гектар берекесі 11,8 центнерден айналды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15 пайыз артық.
Бұл нәтижеге машина-трактор паркін жаңартудың, технологиялық үрдісті қатаң сақтаудың, химикаттарды қолданудың, облыс диқандарының қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Биылғы жылы Жарқайың, Жақсы, Сандықтау аудандары мол астық жинады. Сондай-ақ, Шортанды, Зеренді, Сандықтау, Бурабай аудандарында астық жақсы шықты. Гектар берекесі 14-15 центнерден айналды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің астық жинау стратегиясы мен тактикасы бойынша барлық кеңестерді сақтауы, алдыңғы қатарлы технологияны қолдауы, жоғары сапалы тұқымды пайдалануы және жер өңдеудің жоғары мәдениетін сақтауы ықпал етті.
15,8 мың гектар алқаптан 253,6 мың тонна картоп жиналды. Гектар берекесі 160,9 центнерден айналды. 3,5 мың гектардан 52,8 мың тонна көкөніс жинап алынды. Гектарынан 151 центнерден өнім алынды. Картоп пен көкөністің бұл көлемі ішкі қажеттілікпен бірге Нұр-Сұлтан қаласын және еліміздің өзге өңірлерін қамтамасыз етуге жеткілікті. 240,3 мың гектар алқаптан 147 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Гектар берекесі орта есеппен 7 центнерден айналды. Кепілдендірілген және сапалы астық алуда зиянкестер мен ауруға қарсы ақаптарды химиялық өңдеу бойынша шаралар қабылдау үлкен рөл атқарды. Арамшөпке қарсы химиялық өңдеу 3,8 миллион гектар алқапта жүргізілді. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен итальяндық прусқа қарсы 10,4 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізілді. Табынсыз шегірткеге қарсы күреске жергілікті бюджеттен мол қаржы бөлініп, 34,7 мың гектар алқап химиялық түрде өңделді. Өндірілетін өнімнің шығымдылығы мен сапасын, топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында облыста минералдық тыңайтқыш сатып алудың көлемі ұлғайды. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 65,9 мың тонна минералдық тыңайтқыштар сатып алды. Барлық осы шаралар сапалы астық алуға мүмкіндік берді.
Биылғы жылғы орақта 8,1 мың комбайн пайдаланылды. Оның 3,7 мыңы қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайндар, сондай-ақ, 2,5 мың жатка, 5,9 мың өзге ауыл шаруашылығы техникасы бар. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі машина-трактор паркі тұрақты түрде жаңартылады. Жыл басынан бері 1684 техника сатып алынды. Оның ішінде 302 комбайн, 399 трактор, 45 егіс кешені, 938 өзге техника бар. Орақ жұмысын жүргізуге 1 литрі 172 теңгеден 73 мың тонна дизель отыны бөлінді. Дизель отынын тасымалдау бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді. Бұл бағытта туындаған мәселе жедел түрде шешіліп отырды.
Жаңа астықты 4,2 миллион тонналық 65 астық қабылдау кәсіпорыны, 6,6 миллион тонналық ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық қоймалары қабылдады. Облыста 240 астық кептіргіш жұмыс істеп, тәулігіне 100 мың тонна астық кептірді. Бүгінгі күні облыстың элеваторларына 3 миллион тоннадан артық жаңа астық түсті. Оның 89 пайызы 3 класқа жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы «Көкше» ӘӘК» акционерлік қоғамының кепілдігімен «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы көктемгі егіс пен орақ жұмысын өткізу үшін республикалық бюджеттің форвардтық астық сатып алу бөлігіне 7,1 миллиард теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 160 өтінімі қаржыландырылды. Аталмыш акционерлік қоғам ресурсына 132,3 мың тонна астық қайтарылды.
Бүгінгі күні облыста 2021 жылдың көктемгі егіс жұмысына дайындық шаралары жүргізілуде. 758,7 мың гектар алқаптың пары 4 мәрте өңделді. 855 мың гектар жердің сүдігері көтерілді. Қазір облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 529,7 мың тонна барлық қажетті тұқым түрлерін құйып алды. Қазір 431,8 мың тонна тұқым тазаланып, зертханадан өткізілуде. Соңғы кезде мал шаруашылығы саласын дамыту, жаңа мал бордақылау алаңы мен тауарлы-сүт фермасын құру, асыл тұқымды мал басын сатып алуды көбейту қажеттілігі жөнінде көп айтылуда. Ол үшін азықтық база қажет. Осыған байланысты азықтық дақылдар алқабы ұлғайтылды. 1164,9 мың тонна шөп, 232,7 мың тонна жемшөп, 181,3 мың тонна сүрлем, 732,7 мың тонна сабан дайындалды. Егіншілік шаруашылығы саласына жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл тұқым шаруашылығын, химиялық препарат пен тыңайтқыш сатып алуды субсидиялауға, машина-трактор паркін жаңартуға мүмкіндік берді. Жоғарыда айтылғаннан шығатын қорытынды ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 2020 жыл қай жағынан алғанда да жемісті болды. Жаңа жылдан да қажырлы еңбектің жақсы қайтарымын күтеріміз сөзсіз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар