Білім сапасы еңбек нарығы арқылы анықталады

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өткенде педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездескенде 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны ендігі арада мемлекеттік үлгідегі емес, өзінің жеке үлгідегі дипломдарын береді деген еді.

Осы ойлар бұрын да айтылып жүрді. Бұл 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламада да қарастырылған. Бір жағынан дұрыс, екінші жағынан әлі де жетілдіретін тұстары бар. Ол жағын қазір министрлік тиісті органдармен келісіп, ақылдасып жасап жатыр.
Қазір Қазақстан халқы бәсекелі қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жоғары оқу орындары арасында да бәсекелестік өте жоғары және барлығында да академиялық еркіндік бар. Енді жаңа нормаға сәйкес әр ЖОО өздерінің оқу бағдарламаларын дайындап жатыр. Жалпы, бұл не үшін жасалады деген сұрақ туындайды ғой. Себебі, енді еңбек нарығында жұмысқа орналасу үшін оқу орнының беделі, рейтингісі жоғары болу керек. Мәселен, алдағы уақытта жұмыс берушілер біздің түлектерімізді жұмысқа қабылдар алдында бірден оның қай оқу орнының түлегі екендігіне назар аударады. Бұл дегеніміз жұмыс берушілер мен ЖОО арасында бәсекені күшейтеді. Он жыл ішінде ме, жоқ одан аз, не көп уақытта жоғары бәсекеге шыдай алмайтын оқу орындары бұл нарықтан кетеді. Мысалы, шетелдің оқу орындарының ішінде Оксфорд, Стэнфорд, Кембридж десе олардың түлектерін кез-келген жерде жұмысқа қуана-қуана алады. Тіпті, ірі фирма, үлкен кәсіпорындар, мықты мекемелер бұл университеттердің түлектеріне таласып, тармасады. Себебі, олардың студенттері еңбек нарығында шыдамды. Міне, осындай жағдайды Қазақстанда да қалыптастыру керек деген ой мұның бәрі.
Ендігі арада жоғары оқу орындары өздерінің студенттерінің жұмысқа орналасуына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан, олар білім бағдарламаларының сапасына, білім ордасының материалдық-техникалық базасына, түлектерінің жұмысқа орналасуына, олардың тәжірибелік, зертханалық жұмыстарына қатты мән беретін болады. Өйткені, еңбек нарығындағы бәсекелік ортадан шет қалғысы келмейтіндер енді сапаға жұмыс істеуді негізге алады.
Бұл жаңашылдық әрине, керек. Дегенмен, нормативтік-құқықтық құжаттары, яғни, заңнамалық жағынан әлі жетілдірілуді қажет етіп отыр. Оның барлығы қарастырылу үстінде. Биылдан енгізіліп қалуы мүмкін.
Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *