Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Індет карантиндік талаптарды дұрыс сақтамаудан өршіп тұр - АРҚА АЖАРЫ

Індет карантиндік талаптарды дұрыс сақтамаудан өршіп тұр

Ақмола облысы коронавирус жұқпасының белең алуы бойынша ағымдағы жылдың 10 қаңтарынан бері «қызыл» аймақта тұр. Пандемия басталғалы өңірде 9700-ден астам адам індет жұқтырған. Күн өткен сайын аталған дерт одан әрі өршіп, жағдай ушығып барады. Соңғы үш күн бойы облыс вирустың таралу жылдамдығы бойынша республикада ең жоғары көрсеткішке ие. Бұл жөнінде облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте жан-жақты айтып берді.

– Күн сайын өңірде 200-ге тарта адамның вирус жұқтырғаны анықталуда. Вирус табылғандардың жартысына жуығы медициналық мекемелерге өздері жүгінгендер, 40 пайызға жуығы індет жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғандар. Науқастардың 10-15 пайызынан індет профилактикалық тестілеу кезінде анықталған, – деді бас санитарлық дәрігер Айнагүл Мусина.
Облыста 154 жедел мониторингтік топ жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұл мониторингтік топтар жергілікті әкімдік қаулысымен құрылады. Олар 15 мың 482 мекемеге тексеру жүргізіп, 1293 талап бұзу дерегін анықтаған. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы көпшілік орындарға барып, тексеріс жүргізуде. Егер карантиндік талап бұзушылықтар анықталып жатса, емханалардың базасында ашылған үйлестіру орталықтарына хабарлайды. Жедел іс-шаралар жүргізіліп, олар талап бұзушылықтардың орын алғанын санитарлық қызмет мамандарына жеткізеді. Содан кейін ғана санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары өз құзыреттері шеңберінде құқық бұзушылық, яғни карантиндік талаптарды елемеген, не болмаса сақтамаған мекемелерді тексеріп, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Мысалы, 23-24-ші қаңтарда Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарға рейд жасалды. Оның қорытындысы бойынша сауда нысандарының 74 пайызы, қоғамдық тамақтану орындарының 17 пайызы карантин талаптарын жиі бұзатыны анықталды. Ендігі арада санитарлық қызмет мамандары қайта-қайта карантин талаптарын бұзатын мекемелердің ісін сотқа тапсырып, оларды уақытша жауып тастау бойынша шара қолданылатындығын ескертті.
–Індеттің қайта өршуіне өңір тұрғындарының карантин талаптарын сақтамауы да кері ықпал етіп отыр. Қатаң тыйымға қарамастан, жиын-той өткізген 74 дерек тіркелді. Жалпы алғанда 1600-дей талапты бұзу дерегі анықталып, 126 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, –деп атап өтті бас санитарлық дәрігер. Қаңтар айында 2486 адам індетке шалдығыпты. Науқастардың 40 пайызы, яғни 1627-сі зейнеткерлер екен. 1611 тұрғын жұмыс бабында вирус жұқтырған. Оның 506-сы мемлекеттік, 379-ы медицина, 275-і күштік құрылымдардың қызметкері. Оқу жылы басталғалы өңірде 373 мектеп оқушысынан коронавирус анықталған. Соңғы тәулікте мектеп оқушылары арасында аурудың 15 дерегі тіркелді. Оның 7-еуі Көкшетау қаласында, 3-еуі Жақсы, Есіл аудандарында және Зеренді, Шортанды аудандарында бір-бір оқиғадан тіркелді. Оқушылардың 8-і дәстүрлі, 7-еуі қашықтықтан білім алып жатқандар.
–Біз өңірдегі барлық аудандар мен қалалардағы аурудың таралу барысын да есепке алып отырамыз. Соңғы аптада індеттің облыс аумағына таралуы екі есе артты. Өткен аптада 555 тұрғынның індет жұқтырғаны анықталған еді. Бұл аптада COVID-19 вирусы 1283 адамнан анықталды. Біздің бақылауымыз бойынша 17 аудан мен екі қаланың 13-і індеттің таралу матрицасы бойынша қауіптің қызыл аймағында. Өткен тәулікте Есіл, Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында вирус таралуы күрт артқан, – деді Айнагүл Советқызы.
Облыс аумағында санитарлық бекеттер мен блок-бекеттер қойылмайды. Қазіргі таңда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі эпидемиологиялық зерттеу жүргізуде. Соның нәтижесінде инфекцияны жұқтырғандардың көбі жергілікті тұрғындар екені белгілі болған. Тек 0,2 пайызы сырттан келгендер. Қалған жағдайлар карантин шараларын сақтамау салдарынан болып отыр. Сол үшін де департамент басшысы санитарлық бекеттерді орнатудың қажеті жоқ екенін айтты.
– Өткен жылы біз профилактиканы бастағанда кез-келген тұрғын міндетті түрде қолын жуып, антисептиктерді пайдаланып, заттарын залалсыздандырып отырған. Қазір тіпті, қолдарын жиі жууды қойды. Бұған дейін антисептик жетіспеген болса, қазір кез-келген дәріханадан табуға болады. Тұрғындар карантин талаптарын сақтаулары керек, сонда ауру азайып, «қызыл» аймақтан шығамыз, –деді бас санитарлық дәрігер.
Сондай-ақ, ол ақпанда басталатын вакцинация бойынша да ақпарат бере келе, халықты карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырып, маска тағудың да ережелері сақталмай бара жатқандығын ашына айтты. Сол себепті, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына барынша сақ болайық, бас санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген ережелерді сақтауға күш салайық. Вирустың ешқандай белгісі жоқ деп, бейқам жүре беруге әсте болмайды. Әлем ғалымдары вирустың симптомды түріне қарағанда, симптомсыз түрі әлдеқайда қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда. Себебі, ауру белгісі жоқ науқастар басқаларға қарағанда вирусты анағұрлым көп тарататын көрінеді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар