1 ақпаннан Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды індетке қарсы вакциналау басталды. Мамандардың айтуынша, коронавирусты тоқтатып, пандемиядан шығудың бірден-бір жолы – вакциналау болып отыр. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады. Осы орайда, Орталық коммуникациялар қызметінде мамандар COVID-19 вакцинациясы туралы түсінік берді.
Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қалада 1 ақпаннан бастап осы уақыт аралығында 719 адамға вирусқа қарсы вакцина салынғанын айтты. Бірінші кезеңге вирусты жұқтырып алу қаупі жоғары тобына жататын медицина қызметкерлері (жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел-жәрдем қызметкерлері, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары, көпсалалы ауруханалардың қабылдау бөлімдері) қызметкерлері вирусқа қарсы екпе алып жатыр. Жалпы, 1-8 ақпан аралығында вакциналаумен 916 адам қамтылған еді, соның ішінде 719-ына екпе салынды. Осы орайда ол вакцинация ерікті түрде, әр адамның екпе алу-алмау құқығын сақтай отырып жасалатынын еске салды. «Бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында КВИ-ға қарсы вакцинаның 1 531 дозасы бар. Еске салайық, тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға КВИ-ға қарсы екпе салынбайды. Сондай-ақ, коронавирустың ауыр жағдайы және симптомсыз белгілері бар адамдар екпе алуға жатпайды. Жұқпалы ауруы бар науқаспен, оның ішінде КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғанға дейін вакцина алмайды», — деп нақтылады басқарма басшысы.
Жалпы, ақпан айында елордада 2030 доза вакцина салынады деп жоспарланған. Бірінші кезеңде вакцинация бес қалалық емханада жүргізіліп жатыр. Алайда, келешекте халықты жаппай вакциналау басталған сәтте қала бойынша 36 ұйымда емшара бөлмелері ұйымдастырылады. Сонымен қатар ол вакцина алған адамдардың арасында айтарлықтай кері реакция болмағанын жеткізді. «Вакцина салған орынның ауыруы және кешке таман адамның сәл әлсіреуін кері реакция деп айтуға болмайды. Вакцина алған адам үшін ол қалыпты жағдай. Мен өзім вакцина алдым, бірінші күннің кешінде сондай көңіл-күйде болдым. Екінші күні бұл күй өздігінен кетіп қалды», — деп түсіндірді басқарма басшысы.
UMС клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бағдарламасының жетекшісі, «АстМУ» КеАҚ Нефрология, гематология, аллергология және иммунология курсымен ішкі аурулар кафедрасының аға оқытушысы Елена Ковзель коронавирусқа қарсы вакцинаның сипаттамасын айтып берді. «Вакциналау кезеңінде екпе бойынша күрделі реакциялар байқалмады, тек қойылған орында реакция болды және бұл жағдай ережеге сәйкес келеді. Ол қандай да бір елеулі аллергиялық реакцияларды болдырмауы тиіс», — деді сарапшы. Сонымен қатар, ол вакцинаның коронавирус инфекциясының басқа да штаммынан қорғау мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді. «Иммунолог ретінде халықаралық мәліметтерге сүйене отырып айтарым, барлық коронавирустар арасында тоғыспалы реакциялар болады. Вакцина коронавирустың басқа да шамынан протективті әсерді қалыптастырады», — Елена Ковзель.