Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Математика мұхитынан асыл терген - АРҚА АЖАРЫ

Математика мұхитынан асыл терген

немесе тәлімгер ұстаз Өмірбек Төлеген хақында ой-толғау

Өмірбек Шаймұратұлы Төлеген!
Иә, бұл есім ауызға түскен сәтте ең әуелі біздің көз алдымызға ұстаз ұғымы келе қалады. Өмірбек Төлеген – Ұстаз. Таласы жоқ ірі әріптермен жазылатын ұстаз. Кейде осылайша ұстаз деген қасиетті мағыналы ұғымды, ұлы ерлікпен пара-пар ұғымды, ешқашан жайдақтанбайтын, ешқашан жадыланбайтын, ешқашан жадыбастанбайтын осынау тым қастерлі де киелі ұғымды нағыз шынайы иесіне қарата теліген тұсымызда ешқандай баламасыз айтсақ та жарасады. Солай бола тұра, мұнымыз санаулыларға ғана тым көшелі кішіпейілдіктің пәтуалы тұғыры немесе тым тәкаппар кірпияздықтың сырбаз көрінісі сияқты әсер ететінін қайда қоямыз?! Бұл шындықтың бір ұшы ғана.
Адам баласы өмір көшінде сан алуан жандармен жолығысады. Бірінің өнегелі ісінен үйреніп, үлгі алса, бірінің жаман әрекетінен жиреніп, сабақ етеді екен. Әр көрген сайын жаңа қырынан танылып, өзіне әрдайым тәнті етер жақсы-жайсаңдармен болған бір кездесудің өзі жадында жатталып қалатыны да рас. Бүгінгі әңгіме арқауы – математиканың бастауыш курсының теориялық мәртебесін арттырып, шағын жинақты мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясын егжей-тегжейлі зерттеп, ұсынған, халқына адал қызмет етіп жүрген өресі биік, ойы озық, еңбегі ерен, пайымы терең, өз ортасында өрелі істермен танылып жүрген ұлағатты ұстаз, білікті әдіскер-ғалым, іскер ұйымдастырушы, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» (2000), «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері (2011), ең бас-тысы, нағыз азамат Өмірбек Шаймұратұлы Төлегеннің өмір белестерінен, атқарып келе жатқан игілікті істерінен де осы түйін беки түседі.
Нұрлы жүзінен парасаттылық пен мейірім шуағы қатар көрінетін, ізгі жүзінен қашан да сарқылмас сабыр, таусылмас төзім аңғарылып тұратын бекзат болмысты осынау абзал азамат біз үшін шын мәніндегі адамдық, азаматтық үлгісіндей әсер қалдырады. Қандай жағдайда да апалақтап асып-саспай, аяңдап жүріп-ақ көп нәрсе тындырады. Көңіл-күйі қандай болса да, тіпті ауырып отырғанында айналасындағыларға сездірмейтін сарабдалдық, ешкімге дауыс көтеріп, зекімейтін, қабағымен де жасқамайтын шынайы көркем мінезді адам. Сеніскен адамдарының ортасында әзілі де жарасымды.
Өмірбек Шаймұратұлымен қай тақырыпта әңгімелессеңіз де, тұшынып отырасыз. Қырық жылға жуық ұстаз ғұмырдың соқпағын тілге тиек етсе, кәнігі маман екенін қапысыз танисыз. Ал, өмір туралы толғана айтатын ой-пікірлері өзіндік көзқарас, айқын биік ойдың, ақылдылықтың, тереңдіктің өзгеше даралығын паш етеді. Күнделікті қарапайым тіршіліктің өзінде зер салар қаншама күрмеуі қиын мәселелер барына меңзейтін зерделі түйіндеулерімен де келіспеу мүмкін емес. Өмірде ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ екеніне, әрбір болмашы нәрсенің өзі үлкен істердің тетігі болатынына тәнті боласыз. Өмірбек Шаймұратұлы қолға алған іске жауапкершілікпен қарауды адамдық парыздың ең негізі деп санайды. Нақтылық, дәлдік, тұрақтылық, көпсөзділіктен аулақтық ол кісінің сүйенер тірегі.
Әкесі – Шаймұрат Төлегенұлы Ғабдуллин, білім саласында қырық жылдан астам еңбек еткен ардақты азамат. Соның көпшілік бөлігінде мектеп директоры болып қызмет істеді. Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Анасы – Асылтас Қарысбекқызы Қарысбекова, Еңбекшілдер ауданына қарасты Жаңаауыл совхозының есеп бөлімінде есепші болып жұмыс істеді. «Батыр Ана» және «Қазақстан Республикасының Алтын алқа» медальдарымен марапатталған. Ата-анасы он баланы дүниеге әкеліп, өсіріп тәрбиелеген. Сонымен қатар, ерте жастан жетім қалған үш жиенді бағып өсірді. Қарапайым еңбек адамдары, аяулы анасының аялы алақаны мен әкесінің еңбексүйгіштік қасиеті, шексіз мейірімдері балаларының адал, қарапайым, қандай істе де төзімді болуына үлгі болды. Сөз бен істің бірлігі, жауапкершілікті сезіну, уақытты ұтымды пайдалану, кіршіксіз тазалықты сақтау, үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізетті болу секілді қасиеттер ата-ананың өзара сыйласымдылығын көріп өскен балалардың да бойына сіңіп өсті. Қазір бұл шаңырақта тәлім алған ұл, қыздары да өз алдарына жеке отау көтеріп, алды немере сүйіп отыр. Бәрі де жоғары білімді, өз мамандықтарының кәнігі, білікті мамандары. Ұлдың ортаншысы болғандықтан да шығар, Өмірбек аға ата-анасының сүйеніші, бауырларының қамқоры.
Ер балалардың ішінде әке жолын ұстанып, ұстаздық қызметте жүрген жалғыз Өмірбек екен. Қыздардан, апасы Салтанат көп жылдар білім саласында қызмет істеді. Қазір зейнетке шықты. Қарындасы Бибігүл Төлегенова ұзақ жылдардан бері бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Ал, үлкен өмір белесінде қиялыңа қанат бітірер жан серігіңнің түсіністігі де, әрине, көп рөл атқарады. Өмірбек Шаймұратұлы – отбасының ұйытқысы, қамқоршы, үлгілі əке. Жұбайы Бақыт екеуі ұл-қызын əлпештеп өсірген ата-аналар, немерелердің ақылшы ата-әжесі. Бұл отбасынан басталар бақыттың елге сіңірер ерен еңбектің кепілі екендігінің айғағы. Қасиетті Жаңаауыл топырағында туған ұлдың есейе келе ел ісіне араласуы, егемен елдің ертеңгі келешегін айқындар алдыңғы толқынның қатарында болуы – тағдырдың үлкен сыны да, кез-келгеннің маңдайына жазыла бермес сыйы да екен.
Осыншалық ғибратты да тағылымды өмірбаян иесінің еңбектеріне сүйене отырып тәлімді шығармашылығы жөнінде сыр толғауды орынды санадық. Әрқайсысы өзінше үлкен бір еңбектің нысанасы боларлық кітаптарының ішінде шоқтығы биік, тағылымы бөлек үш дүниесіне ерекше тоқталсақ дейміз.
2007 жылы «Фолиант» баспасынан «Кәсіптік білім» сериясымен «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығының студенттеріне арналған «Математиканың теориялық негіздері» атты оқулығы жарық көрді. Бұл оқулық 2012 және 2016 жылдары өңделіп, толықтырылып, «Математиканың бастауыш курсының теориялық негіздері» деген атаумен қайта басылып шығарылды. Оқулықты республикадағы барлық педагогикалық колледждер кеңінен пайдаланады. Оқулықта бастауыш курс математикасында қарастырылатын ұғымдарға теориялық негіздеме жасалып, теориялық материалмен бірге практикалық тапсырмалар да берілген.
Білім негізі бастауыш сыныптарда қаланады десек, бас-тауыш буындарда сабақ беретін мұғалімдердің теориялық даярлығы да жан-жақты әрі жоғары деңгейде болуы тиіс. Осы мақсатта «Математиканың бастауыш курсының теориялық негіздері» пәнін оқып-үйрену кезінде педагогика колледжінің студенттері мектеп оқушыларына математиканы оқытуға қажетті математикалық біліммен қарулануы тиіс. Бұл үшін олар «жиын», «қатынастар», «сан және шама», «есеп және оны шешу жолдары» тәрізді негізгі математикалық ұғымдарды меңгерулері және алған теориялық білімдерін бастауыш буын математикасының мазмұнын талдауға қолдана білулері керек. Бастауыш курс негіздерін білу болашақ ұстаздарды тәжірибелік қызметке даярлаумен бірге, математикалық білімдерін кеңейте түсуге негіз болады.
Жиындар теориясы мен математикалық логика элементтері мектептегі математика курсының негізін құрайтындықтан бұл материал Өмірбек Шаймұратұлы оқулығында барынша терең, жан-жақты баяндалған. Оқу құралында сонымен қатар, бастауыш мектептің математика курсында қарастырылатын алгебралық ұғымдардың әртүрлі тұрғыдағы түсініктемелері келтірілген. Бұл өз кезегінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің математикадан теориялық дайындығын арттыра түсуге пәрменді ықпал жасайтындығында дау жоқ.
Осылайша автор, математиканың бастауыш курсының теориялық негіздерін мейлінше кесек қалпында жинақтап көрсетсе, 2018 жылы «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығының студенттеріне және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Логикалық жаттығулар мен қызықты тапсырмалар» атты оқу-әдістемелік құралында математика сабақтарында қолданылатын кейбір дидактикалық ойындарды, тапсырмалар мен жаттығуларды оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай таңдап-іріктеп, сөйтіп, оқушылардың бұл пәнге деген қызығушылықтарын, танымдық белсенділіктерін арттыруға, қисындық ойлау қабілеттерін дамытуға сүбелі үлесін қосады.
Өмірбек Шаймұратұлының ендігі кесек дүниесі – 2019 жылы «Ақнұр» баспасынан шыққан «Шағын жинақты мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы» атты оқу құралы. Бұл кітаптан да жалпы ішкі сабақтастықты, заңды құбылыстардың заңды түйіндерін, тым қарапайым, тым тосын, тым күрделі амалдар мен шендестірулерді, оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері, қырағы талаптары мен байсалды тұжырымдарды демек, философиялық-өмірлік контекстердің әр алуан сипаттағы көп мағыналы болмыстарын, жалпы шағын жинақты мектеп жағдайында қолдануға болатын оқыту технологиялары және оларды қолданудың тиімді жолдарын көрмеу мүмкін емес. Өзіндік сөз саптауы, ой жүйелеуі өзгеше бұл кітап – Өмікеңнің өміртанымының айғағы іспеттес. Жастайынан математиканың қызықты да күрделі, құпия әлеміне біржола бет бұрған сарабдал ұстаз еңбек пен білімді қоса жетілдіре, ұштастыра отырып, өзінің сүйікті ісімен жүйелі шұғылданып келеді.
Бүгінде «алпыс – тал түс» атты кемел жасына, өнегелі де өнімді толысқан шаққа келіп отырған әріптесім, досым Өмірбек Шаймұратұлының алар асулары, шығар биігі әлі алда деп сенемін. Еңбегінің нәтижелі жемісін көріп, еңбекқорлығы таң қалдыратын аяулы ұстаздың білім мен ғылым майданына келіп қосылған күнінен бастап дәл бүгінгі күнге дейін бір мұраттан айнымай, сара жолынан таймай, өткеніне өкінбей, атқарған ісіне ұялмай, қазіргі уақыт сынынан сүрлеуінен жасқанбай бүгінгі ізденушісі – студентімен де маңдайы жарқырап келіп қауышқаны қуантады.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», – деп хакім Абай айтпақшы, өнегелік өрісі кең азаматтың еліне етер қызметі өрлей берсін деп тілейік. Көпке бағдар болар – көктегі Темірқазықтай жарқырай беруін, ойға азық болар – көшелі ғылыми дүниелерінің қоздай беруін, өмірдің өр белестерінде абырой мен алғысқа бөлене беруін қалаймыз.
Табан аудармастан 40 жылдан астам уақытын, еліне, халқына риясыз қызмет етуге арнап, сергектікті серік етіп, ұзақ жылдарда алдынан кездескен сынақтардан сүрінбей өтіп, қиыншылыққа қасқайып қарсы тұра білген, бейнеттің түбі зейнет екенін өзінің тағылымды тəжірибесімен дəлелдей алған ұстаз-ғалымның өнегелі өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты елім, жерім деп, бар өмірін соған арнаған колледжіміздің еңбек ерін алпыстың сеңгіріне сергек күйінде жеткізіпті. Ол әлбетте тың, сөзі нық, ойы айқын, жанкешті еңбекқор.
Шаршаудың орнына шабыттанып, дамылдаудың орнына дараланып, жұмысқа құлшына араласып, халқымыздың құндылығын дамытуға атсалысып жүрген Өмікеңнің айтары да, жазары да баршылық. «Қанағатшыл, мейірбан адамдар, ұзақ жасайды», – дейді халық даналығы. Ерлік пен өрлікке толы ғұмырының көңіліме түйген бір бөлшегіне ғана қатысты ойымды аяқтай келе, қадірлі əріптесіме алпыстағы серпінімен жүзге тоқырамай жетсін деп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, əрдайым жақсылық жаныңызды жадыратсын, сəттілік серігіңіз болсын, шаңырақ шаттығы ортаймай, отбасыңызда жарасты тірлік, береке-бірлік, ырыс-ынтымақ салтанат құрсын демекпін!
Аян Қажыбай,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, филология
ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар