Біз – қазақ, кімнен кембіз?!.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып, көңіліме әр түрлі ой келді. Тәуелсіздікті алу бар және оны баянды ету бар.
Мына солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясының мемлекеттік думасының депутаттары және биліктегі «Единая Россия» партиясының өкілдері Никонов, Федоров, Жириновскийлердің солтүстік Қазақстанның жері Ресейдің Қазақстанға сыйлыққа берген жері деп, бұрынғы кеңестік империяны аңсауы әрине, қай қазақтың болмасын намысына тиді.
Соған байланысты қазір Қазақстанның барлық жерінде «Менің туым – менің Отаным» атты челлендж өтіп жатыр. Әрине, солтүстік Қазақстан аймағының тумасы ретінде бұл жағдай мені де бейжай қалдырмайды. Жерлестерімнің көк туды көтеріп, арғымаққа мініп, қазақтың кең даласында көсіле шапқаны намысыңды оятып, төбеңнің құйқа тамырын шымырлатып, құтты бір 18-19 ғасырлардағы Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай бабаларымыз тіріліп келгендей сезінесіз.
Иә, бұл өткен тарих. Осынау ұлан-ғайыр жерді біздің бабаларымыз найзаның ұшы, қылыштың жүзі, білектің күшімен қорғап, келешек ұрпақ – бізге аманат етіп берді. Енді қазір бәрі өзгерді. Заман басқа, заң басқа. 21 ғасыр технологияның қарыштап дамыған кезі. Көк туды қолға ұстап, далақтап атқа шауып, жерімізді қорғайтын заман емес.
Қазіргі заманда білім-ғылым қуу керек. «Тегінде адам – адамнан білім қуып озады» деп ұлы Абай айтқандай, ұлт болып, мемлекет болып сақталғымыз келсе, білім мен ғылымға баса көңіл бөлуіміз керек. Бұл жолдан бізден кешегі екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп қалған Германия да өтті, Жапония да өтті, Оңтүстік Корея да өтті. Осы мемлекеттер шетелден алған қаржыны дұрыс пайдаланып, 10 жылдан кейін герман экономикалық ғажайыбы мен жапон экономикалық ғажайыбын жасады.
Кешегі Таулы Карабахтағы 44 күндік әзірбайжан-армян соғысы да білім-ғылымға негізделген соғыс. Ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар мен дрондар осы соғыста шешуші рөл атқарды. Бұл соғыс әлем елдерін ойландырып тастады. Әрине, соғыстың бетін аулақ қылсын. Атпен құйындату да жақсы, дегенмен, ел, ұлт ретінде дамып, сақталғымыз келсе, етек-жеңімізді жинап, білім мен ғылымымызды алға апарайық, ағайын!
Смағұл ДАЙЫРОВ,
мұғалім.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар