АИТВ және ЖИТС осыдан 40 жылдан бұрын белгілі болған жұқпалы аурудың бірі болып табылады. Ол өте қауіпті, әлем бойынша адамзат та дәрменсіз болып отыр.
Әлемде күн сайын осы аурумен мыңнан артық жаңа науқастар тіркелуде және ауру тіркелмеген бірде-бір мемлекет қалмауда. Адамзат тарихында ешқандай ауру өзіне осыншама қоғам назарын аудармаған және экономикалық өте көп мөлшерде шығын әкелмеген. Бұл ауру 1981 жылы АҚШ-та тіркелген. Көптеген мамандар бұл аурудың төркіні орталық Африка дейді. Енді осы жұқпалы ауруларға жеке тоқтала кетсек.
АИТВ дегеніміз – адамның иммун тапшылығы вирусы. Адам осы вирусты жұқтырғаннан кейін, ол вирус адам ағзасындағы түрлі аурулардан қорғайтын қорғаныс жүйесін зақымдайды. АИТВ жұқтырғандар мүлде ауру адамға ұқсамайды, ол бірнеше жыл бойы өзін сау сезініп, кәдімгідей өмір сүре береді және ол адам жұқпаны таратушы және ауру тасымалдаушы болып есептеледі. Адам АИТВ-ны жұқтырды ма, жоқ па, сыртқы пішініне қарап ажырата алмайсың, оны тек зертханалық талдау жасау арқылы білуге болады.
АИТВ-ны жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі, бездері үлкейіп, тері қабынуы бұзылады, іші өтіп, дене салмағын 10 келіге дейін жоғалтып, ұзақ жөтелу мен шаршап-шалдығу пайда болады.
АИТВ адамға мына жолдар арқылы беріледі: қан арқылы – донордың қанын құйғанда немесе мүшелері мен тіндерін өзгелерге ауыстырып отырғызғанда, қан тамырына есірткілерді енгізген кезде ортақ ине мен шприцтерді қолданғанда, медициналық манипуляциялар кезінде өңделмеген құралдарды пайдаланғанда, татуировка мен пирсинг (құлақ тесу) жасаған кезде, өңделмеген құралдарды бірігіп пайдаланғанда. Бөтен адамдардың тіс щеткасы мен ұстарасын қолданғанда; жыныстық жолмен – кездейсоқ қорғанышсыз (мүшеқапсыз) жыныстық қатынас кезінде; АИТВ жұқтырған анадан баласына жүктілік, босану және ана сүтімен қоректендірген кезінде жұқтыруға болады.
Ал, АИТВ-ның жұқтырылмайтын жолдары: қол алысып амандасу, достық құшақтасу мен сүйісу арқылы, түшкіру мен жөтелу; өндірісте және тұрмыста қолданылатын заттар (компьютер, ас-үйлік ыдыс-аяқтар және орамал-төсек құралдарын пайдаланғанда, бір душ пен бассейнді, дәретхананы қолданғанда) арқылы; спортпен шұғылданғанда, бір бөлмеде АИТВ-ны жұқтырған адамдармен болғанда; қоғамдық көлікте; жәндіктердің шағуы, жануарлардың тістеуі арқылы.
Жұғудың қалай алдын алуға болады? Әрбір кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде мүшеқапты қолдану керек, тек өзіңіздің таза инъекциялық құралдарыңызды қолданып, оны басқа адамға пайдалануға бермеу керек, денеге таңба салу (татуировка) және сырға салу (пирсинг) кезінде де тек таза құралдарды қолданған жөн, қанмен және қан жұққан материалдармен жұмыс істеген кезде қолғаптарды кию керек, өзіңнің жеке гигиеналық таза құралдарың (қырыну құралдары мен тіс жуатын щеткаларың) болуы қажет, жүкті анадан балаға АИТВ берілуінің алдын алу әдістерін пайдалану керек (қоздырғышқа қарсы препаратты қолдану, жүктілік, босану және босанудан кейінгі кезде емшекпен емізбеу).
АИТВ жұқпасын мүлдем емдеп жазу мүмкін емес, тек уақытында қабылданған емдік терапия ғана жұқтырған адамның өмірін ұзарта алады. Уақыт өте АИТВ-ны жұқтырған адам уақытында ем қабылдамаса, қорғаныс жүйесі әлсірейді және ол мүлдем жойылып кетеді де, адам белгілі жұқпалы аурулар алдында дәрменсіз күйге көшеді. Сөйтіп, адамдар бір немесе бірнеше ауруларға тап болады. Содан соң бұл адамды ЖИТС ауруына әкеліп шалдықтырады.
ЖИТС – жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы. Ол АИТВ жұқпасының соңғы кезеңі. Ақмола облысында 2020 жылы АИТВ оң қорытындысы 116 адамда анықталды, ал, бірінші жағдайдан бастап қазіргі уақытқа дейін 1 214 адам тіркелді.
Өткен жылы жұқтырудың негізгі жолы жыныстық жолмен екендігі анықталып, ол 56,1 пайызды құрады. Бұл мамандар арасында алаңдаушылық туғызады, өйткені, АИТВ инфекциясы негізгі топтардың шегінен шығып кетті және жұқтыру фактілері облыстың қарапайым тұрғындары арасында да жиі кездеседі.
Ертең осы ортаға сен де, сенің бауырың да, әпкең, досың, сүйікті адамың да түсуі мүмкін ғой! Сондықтан, әркім өзін және өзгелерді АИТВ жұқпасынан сақтай білу үшін, АИТВ-ның жұғу жолдарын білуі және одан барынша сақтануы қажет.
Мейрамгүл ТАШМЕТОВА,
Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының зертхана дәрігері.