«Анашым» деген асыл сөз!

«Анашым» деген асыл сөз!

Санаулы күндерден кейін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі. Анашымды қалай қуантсам, қандай сыйлық әперсем деген ой көп адамның көкейінде жүрген шығар. Біздіңше, анаға жылы сөз бен көңілден асқан сыйлық жоқ-ау, сірә. Күнделікті өмірде байқай да бермейтін шығармыз, бірақ, анаңыз жаныңызда болса, сіз шын бақыттысыз. Сол себепті, күніне мың сан мәрте болмаса да, бір сәтті арнап, тілдессеңіз, хал-ахуалын сұрасаңыз, соның өзі де ана үшін көп қуаныш.

Журналист болғаннан кейін жұмыс барысында көптеген адамдармен танысасың, талай тағдырдың куәсі боласың. Анаға деген құрмет дегенді ойлағанда ойыма бірден Константин есімді жетім бала оралады. Ол оқиға осыдан он шақты жылдай бұрын болған. Жұмыс барысымен Ақкөлдегі «Жетімдер үйінде» болдым. Келесі күні Қарағанды қаласына жол жүретін болғаннан соң, сол түні «Жетімдер үйінде» түнедім. Үй деп аталғанымен, заты «Жетімдер үйі» ғой. Анасы бар үйдің жылулығы өзгеше болатынын көп балалы отбасында өскен өз басым жақсы білемін.
Түні бойы көз ілмей шықтым. Қабырғалары биік, дәлізі кең үй іші жиһазға да, тіршілікке қажетті затқа да толы екен. Бірақ, жылулық жетіспейтін сияқты көрінді. Кәдімгі жаңа жоғарыда өзіміз атап өткеніміздей ана дегенде жүрекке нұр болып құйылатын бір қуат, қуат болғанда күннің жылулығындай шуақ жетіспей тұрды. Сапарым мағыналы болсыншы деген ниетпен сондағы мекеменің басшылығымен сұхбаттастым, ол мақала да сол кезде жарық көрген. Сөз арасында жетім балалардың ішінде талантты балалар болса газетке жазып, халыққа танытайық деп басшылыққа ұсыныс білдірдім. Ол кісі маған бірден Константинді айтты. Сол кезде ол бала он, яки он екі жаста болатын. Саусағынан өнер саулаған, болашағынан зор үміт күттіретін суретші екен. Тәрбиешілердің айтуынша, Константин басқа балалардай асыр салып жүгіріп ойнамайды. Күн ұзақ терезенің алдында отырып, сурет салатын көрінеді. Сөз арасында тәрбиешілер анасының көзі тірі екендігін айтып, оның алкоголизм дертіне ұшыраған адам екендігін жеткізді. Бірақ, Константиннің өзі бір күні анам мені алып кетеді деген үмітпен әр таңын атырады екен. Қандай да байқаулардан алған жүлдесін анасына арнайтын көрінеді. Сол кездесуде біз баладан қандай тақырыпта сурет салғанды ұнатасыз деп сұраған едік. Ол бірден «Әлемдегі ең әдемі адам ол менің Анам, салған суреттерімнің ішіндегі ең кереметі сол» деп жауап берген болатын.
Міне, содан бері талай жыл өтті. Жас суретшінің тағдыры қалай өрбігенінен де хабарсызбыз. Бірақ, бізді тебіренткені һәм көкейде өшпестей жатталып қалғаны Константиннің «Әлемдегі ең әдемі адам менің Анам» деген сөзі еді. Анасы баласын тағдыр тәлкегіне тастап, керегі жоқсың деп, бас сауғалап, қара басын күйттеп кетсе де, оны жамандыққа қимай, әлемдегі сұлулық атаулының символы ретінде көретін бала жүрегінің кеңдігіне сөзсіз иланасың.
Иә, болмашы тірлікте, күндегі күйбең үшін анаға кінә артып, ауыр сөз айтатындарды көргенде бірден ойға Константин оралатыны бар. Тоғыз ай тоғыз күн жүрегінде өбектеп, ақтық демі қалғанша балам деп өтетін аналарды құрметтеу перзентке парыз һәм аманат қашанда!

Р.S: …Күндегі әдетімше телефоннан өзім жатқа білетін нөмірді теріп, ауылға хабарласып жатқан едім, жанымда отырған қызым «Анашым, ауылға несіне сағат сайын хабарласа бересіз?» деді сол сәтте сұрақтың астына алып. «Алла қаласа бойжетіп, ұядан ұшқанда сен де мені осылай сағынатын боласың» дедім астарлап. Ақылды қыз ғой, ананың қадірін біледі…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *