Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде 2020 жылғы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы келіп түскен өтініштер санының 35 пайызға төмендегені байқалады.
2020 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша азаматтардан 146 өтініш келіп түскен, олардың ішінде 61 өтініш құзыреттілік шеңберінде қаралған.
Бүгінде азаматтар департаментке мемлекеттік қызмет туралы заңнама және мемлекеттік қызметке орналасу, оны өткеру және тоқтатуға байланысты шектеулер туралы түсініктеме алу үшін жиі жүгінеді. Сондай-ақ азаматтар, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер конкурс қорытындыларымен, тәртіптік жазалармен, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтамауымен келіспеу фактілері бойынша өздерінің бұзылған құқықтарын қорғау үшін де өтініш жасайды.
Өткен жылы тексеру нәтижелері бойынша 400-ден астам бұзушылық анықталды, азаматтардың қалпына келтірілген құқықтарының үлесі 75 пайызды құраған. Ал, тәртіптік жаза қолдану туралы 16 шешімнің, бос лауазымға орналасуға конкурс комиссиясы және жұмыс өтілін есептеу жөніндегі комиссия шешімдерінің күші жойылып, 4 тәртіптік іс қозғалған.
Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның таралуына орай, орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты Ақмола облысында әдеп жөніндегі кеңес отырыстарының 80 пайызы онлайн режимде өткізілді.
Жалпы, өткен жылы осындай кеңестің 10 отырысы өткізіліп, онда 72 мәселе қаралған. Ондағы туындаған сұрақтардың 75 пайызы профилактикалық сипатқа ие. Бұл әкімдердің, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының, Әдеп жөніндегі уәкілдердің, тәртіптік комиссиялар төрағаларының әдеп бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі мемлекеттік органдар жұмысының қорытындылары туралы есептерінде көрініс тапқан.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілерге қатысты 18 дербес тәртіптік ісі қаралған. Мәселен, Әдеп кодексін бұзғаны үшін – 4 адам, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін – 14 адам жауапкершілікке тартылған. Соңғы 5 жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны 35 пайызға азайып отырғаны байқалады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.