Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір жылда індетке қарсы ауқымды жұмыстар атқарылды - АРҚА АЖАРЫ

Бір жылда індетке қарсы ауқымды жұмыстар атқарылды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен былтыр 2020 жылғы 15 наурыздан бастап елімізде коронавирустық инфекцияның таралуын төмендету бойынша төтенше жағдай енгізілді. Сөйтіп, елімізде уақытында жүзеге асырылған осындай шұғыл шаралардың арқасында індеттің кең таралуына жол берілмеді. Кейін төтенше жағдай мерзімі аяқталып, ахуал біртіндеп қалыпты арнаға түсті. Содан бері өткен бір жыл уақыт басшы орындар мен медициналық қызметкерлердің ортақ күш-жігерімен коронавирус пандемия-сына қарсы күресте белгілі бір тәжірибе жинақталып, ол нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетіп отыр.

Коронавирус індеті алғаш рет 2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында анықталған болатын. Сол тұста аспан асты елінің тұрғындары жаппай індетке шалдыға бастаса, 2020 жылдың алғашқы айларында-ақ ауру әлемге таралып кетті. Міне, біздің елімізде де коронавирус дерті былтыр наурызда анықталғаны күні кешегідей елдің жадында. Осынау бір жылдың ішінде қаншама отандастарымыз коронавирустан көз жұмды. Оның ішінде халықты осы індеттен аман алып қалуға тырысқан ақ халаттылардың өздері де бар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы уақытқа дейін елімізде індеттен 220018 адам коронавируспен ауырып шыққан.
Иә, бір жылдағы статистика осындай. Ал, енді осы жерден сәл шегініс жасап көрейікші. Мұндай нәубетті көру үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген еді. Қытайдың Ухань қаласында тіркелген коронавирус бірінші болып Жапония, Тайланд, АҚШ, Оңтүстік Корея мемлекеттеріне жетті.
«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, Қытайда коронавирус індеті кең етек ала бастағанда, Қазақстан алғашқылардың бірі болып елде қауіпсіздік шараларын қолға алып, тұрғындарды індеттің қаупі туралы кеңінен ақпараттандыра бастады. Біздің облыста да сондай жұмыстар басталып кетті. Сондай шаралардың ең алғашқысы Көкшетау теміржол вокзалында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің және медицина мекемелерінің коронавирустың алдын алуға бағытталған эпидемиологиялық шараларына дайындықтарын тексеру мақсатында өткен оқу-жаттығу болатын. Еліміздің санитарлық дәрігерлері қазақстандықтарға аспан асты еліне, әсіресе, вирус тарап жатқан Ухань қаласы мен Хубэй провинциясына бармауға кеңес беріп, Қытайда жүрген отандастарымызды барынша сақ болуға шақырды. 2020 жылдың 6 қаңтарында еліміздің бас санитарлық дәрігерінің «Қазақстан Республикасының аумағында эпидемиологияға қарсы және алдын алу шараларын күшейту туралы» Қаулысы шықты. Мемлекет шекараларында күшейтілген санитарлық-бақылау пунктері ұйымдастырылды.
Ақмола облысының аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-алдын алу шараларын күшейту жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, онда тиісті ведомстволардың індеттің бетін қайтару мақсатында атқарып жатқан жұмыстары ұдайы қаралып отырды.
Қытайда да, тағы бірқатар елдерде коронавирус жұқтырғандардың саны күн сайын көбеюіне байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдады. Атап айтсақ, 2020 жылғы 29 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында жолаушылар автобусының тасымалы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, 2020 жылғы 1 ақпаннан бастап екі ел арасында жүретін жолаушылар пойыздарының бағдары, 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап екі мемлекет арасындағы жүйелі әуе қатынасы да уақытша тоқтатылды. 13 наурыздан бас-тап елімізде бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынып, мектеп оқушылары 16 нау-рыздан бастап мерзімінен бұрын каникулға шығарылды. Ал, университеттер мен колледждер де қашықтықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Елімізде күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан карантин режимі де осы кезден басталған еді. Соған қарамастан, Қазақстанда 2020 жылы наурыздың 12-сі күні коронавирус жұқтырған алғашқы науқастар тіркеле бастады.
Коронавирус індеті өз елімізде де тіркелгеннен кейін коронавирус белгілері бар азаматтар стационарларға жатқызылып, бақылауға алына бастады. Облысымыздағы денсаулық сақтау ұйымдарының жанынан осындай мақсатта үш госпиталь ашылды. Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері індетпен күресте негізгі медициналық мекеме ретінде таңдап алынды. Диспансердің инфекциялық стационары дәрі-дәрмек, төсек-орын, медициналық құралдармен, қызметкерлердің жеке басын қорғауға арналған костюмдермен қамтамасыз етілді. Жалпы, ондағы бөлімше 135 науқасқа лайықталған болатын. Облыстық әкімдік пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді, кадр мәселесін өз бақылауларына алып, бірлесіп шешті.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу туралы шешімі ақ халаттыларға үлкен қолдау болғанын айта кетуіміз керек. Жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкерлері оқшауланған тәртіпте, яғни, денсаулықтарын қатерге тігіп, күрделі жағдайда жұмыс істеп жатты.
Былтыр наурыздың аяғында облысымызда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталып, індеттен көз жұмса, сол жылы сәуірдің ортасына қарай науқастар саны 100 адамға жеткен еді.
12 наурыздан бастап коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтайтын анализ біздің облыста да жасала бастады. Оған дейін мұндай зерттеуді тек Нұр-Сұлтан қаласының зертханаларында жасау мүмкін болған еді. Облыстағы дәріханаларды маскалармен қамтамасыз ету шаралары қарастырылды. Осы кезде «Тыныс» акционерлік қоғамының өндірістік бағытын уақыт талабына сай бағыттап, маскалар, өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруы өңіріміз, тіпті еліміз үшін пандемиямен күресте көп көмек болды.
2020 жылғы маусым айының 15-іне дейінгі жағдай бойынша облысымызда коронавирус жұқтырған науқастардың саны 195 адамға жетті. Облысымызда, жалпы елімізде коронавирустың алғаш өршіген кезі осы маусым-шілде айлары болатын. Сондықтан, өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, маусымның 24-інен бастап Көкшетау және Степногорск қалалары карантинге жабылды. Маусымның 23-іне дейінгі жағдай бо-
йынша облысымызда коронавирус жұқтырған науқастардың саны 651 адамды құраған еді. Шыны керек, індет кең тарала бастаған кезде азаматтарымыз абдырап қалды. Азық-түлікті, дәрі-дәрмекті, маскаларды артығымен сатып алып, халық арасында қобалжу пайда болды. Осы ретте, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына мемлекеттен берілген бір реттік жәрдемақы, «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы зор қолдау болғаны рас. Кәсіпкерлер, меценаттар да қиын жағдайда қалған адамдарға қолдарынан келгенше көмектесіп жатты.
Өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша Үкіметтің көмегімен көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, ИВЛ аппараттардың саны 2,5 есеге (175-тен 425-ке), оттегі концентраторларының саны 5 есеге (116-дан 600-ге) көбейді. 4 рентген-аппарат сатып алынды (облыс бойынша барлығы 34 рентген-аппарат бар).
Аудандық ауруханаларда енді 11 жылжымалы диагностикалық кешен бар. Оның 8-і республикалық бюджет есебінен сатып алынды, бұл шалғайдағы ауылдарға қызмет көрсету радиусын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жедел жәрдем автопаркі 58 жаңа машинамен толықты. 4 мыңнан астам медицина қызметкеріне жалпы сомасы 3 миллиард теңгенің үстеме ақысы төленді. Жалпы, коронавируспен күресте 15,8 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Қысқа мерзімде 200 орынға арналған инфекциялық аурухана бой көтеріп, штат жасақталып, қазір медициналық мекеме ойдағыдай жұмыс істеп жатыр.
Иә, осы бір жылда коронавирус пандемиясы экономиканың барлық салаларына өзгерістер әкелді. Денсаулық саласы жайлы жалпы айтсақ, бүгінде облыста медициналық көмек көрсететін басқа нысандарының құрылысы жалғасуда. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көрсетіліп жатқан қолдау көлемі де анағұрлым артты. Соның нәтижесі де жоқ емес. Пандемиямен күресіп жатқан осынау бір жыл ішінде елімізде жақсы тәжірибе қалыптасты деуге болады. Әзірше ел азаматтарына коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина салынып жатқан болса, өзімізде өндірілген екпені алатын күн де алыс емес деп ойлаймыз.
Қорыта айтқанда, осы бір жыл қиын сәтте ел азаматтарының бекем бірлігін көрсетті. Мемлекет болып, қоғам болып індетпен жұмыла күресіп келеміз. Бұл кезеңнен де аман-есен өтетінімізге сеніміміз мол.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар