НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирустың шетелден тасымалдану қаупі әлі де бар. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Мемлекеттік шекарада 14 елмен әуе қатынасы қайта жанданып, рейстер саны аптасына 95-ке дейін ұлғайып отыр. Жолаушылардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласына келеді. Әлі де болса шетелден коронавирустың тасымалдану қаупі сақталуда. 2020 жылдың 6 қазанынан бері халықаралық әуе рейстерімен 322 мыңнан астам жолаушы ұшып келді. Олардың ішінде 44 805 адам немесе жолаушылардың 14 пайызы тест тапсырды. Оның ішінде 239 адамда коронавирус анықталды», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәліметінше, мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттері арқылы Қазақстанға 835 мыңнан астам адам келді. Олардың 20 пайызы тест тапсырып, нәтижесінде 809 адамда оң нәтиже анықталып отыр.