Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Індет әлі де анықталып жатыр - АРҚА АЖАРЫ

Індет әлі де анықталып жатыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова коронавирус індеті бойынша облысымыздағы қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндап берді.

Ақмола облысында эпидемиологиялық ахуал әлі де шиеленісті күйінде қалып отыр. Сәуле Серікбайқызы өткен соңғы тәулік ішінде коронавирус пандемиясымен 55 зертханалық науқас расталғанын жеткізді. Оның ішінде COVID-19 белгілері бар 45 жағдай тіркелсе, 10 жағдай симптомсыз. Бұл қауіпті індет тәулігіне 0,4 пайызға жоғарылауда деген сөз.
Ең көп көрсеткіш Көкшетау қаласында. Онда – 16, Степногорск қаласында – 8, Бурабай ауданында – 10 жағдай расталып отыр.
Жалпы алғанда, бүгінге дейін лабораториялық расталған COVID-19 пандемиясының 14693 жағдайы анықталса, оның 9848-інде ауру белгілері бар, 4845 симптомсыз. Бірақ, олар вирусты тасымалдаушылар. Ал, ересектер арасында – 13152 жағдай, оның ішінде 1541-і 14 жасқа дейінгі балалар екені де алаңдатады. Сондай-ақ, 7199 адам өздері барып тексерістен өтуі арқылы ауру белгілері анықталса, 5444-і контактіде болғандардан және 2050-інде профилактикалық скрининг кезінде анықталған.
Бүгінде бұл қауіпті індет балалар мен жасөспірімдер арасындағы аурушаңдыққа әкеліп соқтыруда. Мәселен, үшінші тоқсанда студенттер арасында 657 COVID-19 тіркелсе, күндізгі оқу бөлімінде 274, қашықтықтан оқытуда 383 жасөспірімнен қауіпті індет анықталған. Айталық, оқу жылының басынан бері қаланың оффлайн режимінде оқитын мектеп оқушылары арасында 21 жағдай тіркелсе, 35 жағдай қашықтықтан білім алатын студенттер арасында байқалған. Соңғы бір тәулікте мектеп оқушылары арасында төрт жағдайы тіркелген. Олар Аршалы, Ақкөл, Степногорск және Көкшетау қалаларында расталып отыр.
Мектептерде оффлайн режимінде оқитын балаларға барлық қажетті эпидемияға қарсы шаралар қабылданған. Бүгінгі күнге дейін карантин жарияланған мектептер жоқ. Енді оқушылар арасында ауруды тіркеу кезінде тек белгілі бір сыныптар ғана жабылады. Мектепке дейінгі жастағы балалар арасында COVID-19 пандемиясының 139 жағдайы зертханалық түрде расталып отыр. Мәселен, соңғы тәулік ішінде мектеп жасына дейінгі балалар арасында қауіпті індеттің 3 жағдайы анықталған. Кейін уақытылы эпидемияға қарсы және алдын алу шараларының арқасында бұл балалар ұйымдарында аурудың қайталанған жағдайлары тіркелмеген.
Қазіргі уақытта «Sputnik V» «Gam-COVID-Vac» вакцинациясының екінші кезеңі жүріп жатыр. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 27 қаңтардағы №3 қаулысына сәйкес тәуекел тобы анықталған. Бірінші кезеңде медицина қызметкерлері мен мектептер, жоғары оқу орындарының оқытушыларымен, орта мектептермен, ішкі істер органдарының қызметкерлерімен инфекция қаупі жоғары адамдарға вакцинация жасалады. Екінші кезеңде мектеп-интернаттардың, балабақшалардың мұғалімдері, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, созылмалы аурулары бар адамдар вакцинацияланады. Ал, үшінші кезеңде медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналдары мен контингенті және жабық балалар мекемелерінің қызметкерлеріне, төртінші кезеңде тәуекел тобынан қалған барлық контингенттерге екпе салынады.
Бүгінде облыста коронавирусқа қарсы вакцинациямен айналысатын барлығы 24 вакциналық пункт қызмет көрсетіп тұр. Нақтырақ айтар болсақ, Көкшетау қаласында 5 вакцинация пункті жұмыс істейді. Олар «Қалалық емхана», Көкшетау қаласындағы «Виамедис» серіктестігі, «Көпсалалы облыстық аурухана», «Көкшетау теміржол ауруханасы» және «Алғашқы медициналық санитарлық көмек орталығы». Осылайша өңірімізде ақпанның бірінен басталған вакцинация бойынша бірінші кезеңде вакцинаның 1300 дозасы алынған. Сөйтіп, бірінші компонентпен 1298 адам, екінші компонентпен 1287 адам, оның ішінде 20 мұғалім, 9 мемлекеттік қызметші, 35 басқа және 1223 медицина қызметкерлері вакцина алып үлгерген. Ал, 2 наурыздан бастап 3700 дозалық вакцина әкелінген. Бұл екінші кезеңде мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері вакцина алатын болады. Жалпы, барлығы 3577 адам бірінші компонентпен вакцинацияланады. Оның 1111-і мұғалім, 791-і құқық қорғау органдары мен полиция қызметкерлері, 73 мемлекеттік қызметкерлер, 1178 медициналық қызметкерлер, 424 басқалары. Вакцинаға қатысты жағымсыз реакциялар болмаған. Ақмола облысында карантиндік шараларды сақтау және коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау бойынша мобильді топтардың рейдтері жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 16 наурызына дейін 2210 рейдтік тексерулер және карантиндік режимнің сақталуы үшін әр түрлі меншік нысандарының 9627 объектісіне бақылау жүргізіліп, оның 209-ында карантиндік шараларды бұзушылық анықталған. Сөйтіп, 29 миллион 719 мың 230 теңге мөлшерінде 287 әкімшілік айыппұл салынған.
Карантиндік шектеулердің негізгі бұзушылықтары 48 қоғамдық тамақтану орнында, бір отбасылық ойын-сауық кешенінде, бір колледжде, төрт мектепте, бір жанармай бекетінде, төрт компьютерлік клубта, екі бильярд клубында, 127 сауда объектілерінде, бесеуі сұлулық салондары мен маникюр, шаштараздарда, жетеуі моншалар, сауналар мен бассейнде, біреуі дәріханаларда, екеуі жерлеу орындарында, біреуі мемлекеттік меншіктегі нысандар мен төртеуі басқа да нысандарда тіркеліп отыр.
Дәстүр бойынша мереке алдында әр түрлі корпоративтік кештерде достармен және әріптестермен кездесулер өткізіледі. Бірақ, биылғы жылы барлық қазақстандықтар осындай ойын-сауық шараларынан бас тартуы керек. Сонымен қатар, ірі компанияларда Наурыз мейрамын тойлауға рұқсат етілмейді. Корпоративтік іс-шараларға тыйым салу қатаң қадағаланады. Өйткені, бұған дейін белгілі болғанындай, эпидемиологиялық зерттеулер көрсетілімдері бойынша отбасылық мерекелер мен мерекелік шараларға қатысқаннан кейін адамдар көбінесе жансақтау бөліміне түсіп, коронавирусты жұқтырғандары анықталып жататынын баса айтқан Сәуле Серікбайқызы Ақмола облысы қазір «сары аймақта» болғанына қарамастан, облыс тұрғындарының босаңсуға жол бермеуін өтінді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар