«EL JASTAR» театрының алатын асулары алда

Бұл атаулы күн 1961 жылы Вена қаласында өткен ЮНЕСКО халықаралық театр институтының ІХ конгресінде бекітілді. 1962 жылдан бері атап өтіліп келеді. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында үш театр бары белгілі. Бұған дейінгі Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры мен Ақмола облыстық орыс драма театрына 2019 жылы «El jastar» театры да қосылды. Бүгінгі әңгіме осы жаңа театрдың алғашқы аяқалысы туралы болмақшы.

2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланып, соның аясында «El jastar» театры ашылды. Сол жылы ақпан айының соңына таман башқұрт жазушысы Айгиз Баймухаметовтың «Тастамашы мені, мама» повесінің желісімен жазылған «Армандар кемесі» спектаклі сахналанды. Спектакльді қазақ тіліне аударған әрі қойған театрдың көркемдік жетекшісі Фархатбек Қанафин еді. Қойылым үш күн бойы аншлагпен өтіп, театр ұжымы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сол кездегі облыс әкімі Мәлік Мырзалин жас ұжымды 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапаттап, сый-құрмет көрсеткені әлі есімізде. Ол кезде театрдың арт-директоры Хакім Хасамбай болатын, қазір ол аталмыш өнер ұжымының көркемдік жетекшісі.
Жастар театрының негізгі актерлері Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері. Репертуар қоры ауыз толтырып айтарлықтай үлкен болмаса да, бүгінгі күні өзекті мәселеге айналған тақырыптарды қаузап, көрерменіне ой сала алатын салмақты шығармалар. Мәселен, «Тастамашы мені, мама» қойылымымен ұжым Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған IV халықаралық «BALAUSA» экспериментальді спектакльдер фестиваліне қатысып, «Өзекті сахналық тілді іздегені үшін» аталымын және облыс әкімінің арнайы жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ, театр 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Данияр Саламаттың «Асқар мен асық» ертегісін сахналады. Ол ертегіні Көкшетау қаласының балабақшаларына барып қойып, бүлдіршіндердің көңілдерінен шықты. «Жастар жылының» қорытындысы ретінде театр ұжымы «Ақмола облысы ақын-жазушыларының аудиокітаптар» сериясы бойынша 10 кітапты дыбыстап, көпшілік назарына аудио түрінде ұсынды. Атап айтқанда, Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы, Төлеген Қажыбайдың «Айбозым», Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Естай Мырзахметовтың «Медет», Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», Жабал Ерғалиевтың «Ескі арба», Шоқан Уәлихановтың «Ертегілер» секілді біршама шығармалар дыбысталды.
2020 жылдың ақпан айында қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Жастықтың оты, қайдасың?!» перформанс жанрындағы туындыны көпшілікке ұсынды. Ұлы Абайдың шығармалары негізінде қойылған спектакльдің сахналық нұсқасын жазған әрі қойған Фархатбек Қанафин. Бұл туындымен ұжым Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжі ұйымдастырған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған халықаралық студенттер фестивалінде жүлделі 2 орынға ие болып, «Үздік ансамбль» аталымын иеленіп оралды.
Театр ұжымы қазіргі пандемия кезінде де өз жұмысын тоқтатқан емес. «Көксеңгір» медиа студиясымен бірлесіп, бала тәрбиесі мен смартфондардың зияны жайында «Әлди, әлди телефон», қазіргі қоғамда жиі орын алып жатқан жасанды түсік мәселесіне арналған «Қателік», жас отбасылардың арасында белең алып бара жатқан ажырасу туралы «Ажырасу», ұлттық тәрбие мен көше тәрбиесі, нашақорлық жайлы түсірілген «Ұрпақ тәрбиесі», балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тыныс-тіршілігі сипатталатын «Қайдасың, мама?!», мүмкіндігі шектеулі, зағип балалар жайлы «Жігер», Көкшетаудың сұлу табиғатын көрсету арқылы туристерді тарту және қоршаған ортаны қорғау турасындағы «Кербез Көкше», жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі көтерілетін «Үміт», «Әкеге қарап ұл өсер», «Рақмет» атты 10-нан астам әлеуметтік бейнероликтер түсірді.
Көрерменін жоғалтпау үшін театр «Көксеңгір» медиа студиясымен бірлесіп, Сирияда жат діни ағымның жетегінде жүрген отандас-
тарымызды қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы жайында «Бір түп жусан» танымдық, ағартушылық видео спектаклін түсірді. Сценарий авторы – жерлесіміз, ақын Мерген Тоқсанбай, режиссері – Хакім Хасамбай.
Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өнер ұжымында 20 шақты адам қызмет етеді. Репертуарда әзірше төрт қойылым. Алдағы сәуір айында тағы бір жаңа спектакльмен көрермендерін қуантпақшы.
Жастар театрының әзірге арнайы ғимараты жоқ, дегенмен, Мәскеудегі Олег Табаковтың жертөледегі театры секілді, бір шағын ғимаратты жалға болса да алып, сахна дайындап алуды көздеп жүрген жайлары да бар.
2018 жылы жастар театрын ашпақшы болдық. Бізді бірден қолдаған ешкім болмады. Келесі жыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жастар жылы» аталып, облыстық ішкі саясат басқармасының сол кездегі басшысы Гүлжанар Шөкеева біздің бастамамызға біраз қолдау білдірді. Ол кісінің көмегімен ең алғашқы спектакліміз қойылды, кастюмдерімізді, жалпы, не қажеттің барлығын тауып берді. Облыс әкімінің арнайы сыйақысын алдық. Одан бері жастар театрына айтарлықтай демеушілік көмек жасалмады. Тек қана Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова көмектесіп, қолдап жүр. Бізде өнерді қолдап, қолпаштап әкететін мецанаттар аз, тіпті, жоқтың қасы. Бірақ, біздің жастар театрының қыз-жігіттерінің алға қойған мақсаттары биік. Болашақта үлкен мәдениет ошағына айналамыз деген ойдамын, –дейді театрдың көркемдік жетекшісі Хакім Хасамбай.
Жалпы, қай жастар театрының да құрылу тарихына үңілсек, бірден қолдаушы, демеуші табылып, көтеріліп кетпеген. Барлығы да белгілі бір қиындықтарды бастарынан өткерген. Елорда төріндегі «Жастар театры» да, тіпті, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтардың өздері де осындай қиындықтарды бастарынан өткергені белгілі. Олай болса, біздің ақмолалық жастарымыздың балауса театрына өнердің өрінен көрінсін дейміз. «Ел жастарының» да болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрындай әсем ғимараты ашылып, көрермендерінің көзайымына айналса, нұр үстіне нұр.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар