Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Көкшетау қаласының білім беру ұйымдарында кезекті қоғамдық мониторинг өткізді.
Мониторинг барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Мысалы, кейбір ұйымдарда мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың автокөліктерін қоятын арнайы белгілер жоқ, мамандарды шақыру батырмалары жұмыс істемейді, санитарлық тораптар арнайы жабдықпен қамтамасыз етілмеген, ақпараттық стендтерде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы өзекті ақпарат орналастырылмаған.
Аталған заң бұзушылықтар департамент жанындағы Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралған. Отырыс барысында департамент басшысының орынбасары Дархан Хайруллин Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасауға міндетті екенін еске салды. Отырыс қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған тиісті ұсынымдар әзірленді.
Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы Қанат Айтымов мүгедектерге мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, облыс ұйымдарында заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында бақылау іс-шаралары тұрақты негізде өткізілетінін ескертті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.