Ешкі баққанның есебі түгел

Елорданың іргесіндегі «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің таңсық тағам – ешкі сүтін өндірумен аты шығып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы мен облыстың сауда сөрелеріне ешкі сүтінен жасалған өнімнің қырықтан астам түрін ұсынатын шаруашылықтың келешегі кемел.

Ешкі – өсімтал түлік. Қоңы жақсы, күтімі тәуір болса, басы да тез өседі. Ілкі заманнан қалған «есің кетсе, ешкі жи» деген даналық сөздің астарында көп мағына бар. Ел ішінде күні бүгінге дейін ешкі сүтін пайдалану туралы еміс-еміс естілгенімен, кәсіп ретінде қаузап, талпынғандар аз. Еті де тез тоңазып, қатып қалатындықтан, сұранысқа оншалықты ие емес. Ал, сүті, құрамының көп қасиеті, айрықша құнары туралы жыр қылып айтуға болады. Ең бастысы, адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Әлденеше ауруға ем. Ұдайы тұтынса, денсаулық жақсарып қалмақ. Асыл тұқымды шаруашылықтың да көздегені осы.
Соныдан соқпақ тарту қашанда оңай-оспақ шаруа емес. Ел ішінде ешкі бағып, бағалы сүтін өндіру туралы өзгеше ой келген серіктестік басшылары қабырғаларымен көп кеңескен. Әрине, кәсіпкер болғандықтан, түпкі мақсат – табыс табу. Бірақ, ол қалай келмек? Жергілікті ешкі тұқымы шығынды ақтамауы әбден мүмкін. Ендеше, әлемдегі осы шаруашылық арқылы көсегесі көгеріп отырғандардың ықылым заманнан бері сабақтасып келе жатқан сәтті тәжірибесін електен өткізу қажет. Ізденіп жүріп тапқан. Ең озығы зааненск және альпа тұқымды ешкілер екен. Күтімі жақсы болса, тәулігіне 7-8 литр сүт бере алады. Таңқаларлық-ақ дүние. Ауылдағы ағайынның сиырымен пара-пар. Ал, қасиеті, құнарлылығы жағынан әлдеқайда артықтау.
–Ешкі сүті жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағамның қатарына жатады, – дейді ферма меңгерушісі және жобаның үйлестірушісі Азамат Тұрмағамбетов, – өзіміз үйренген сиыр сүті тәрізді казеиндік топқа жатады. Бұл сүттің көптеген емдік қасиеттері бар. Ғалымдар әсіресе, асқазан ауруларына, анемияға, көзге шипалы басқа да бірнеше ауруға ем екендігін бақайшақтап зерттеп, оң пікірлерін айтуда.
Ешкі сүтінің бағы ХІХ ғасырдың басында жанған. Дәл осы кезеңде білікті медицина мамандары ана сүтін алмастыруға өзге сүттен ешкі сүтінің қолайлы екендігін дәлелдеп шыққан. Себебі, ешкі сүтінің сапасы сиыр сүтіне қарағанда анағұрлым жоғары, біртекті, құрамында нәруызсыз азот жоқ.

–Ешкі сүтін алғаш ішіп көргендер сәл кермектеу дәмі, өзгеше иісі бар деп есептейді. Емдік қасиеті үшін пайдаланады да. Дәрі орнына. Ал, дәрі тәтті болмайды ғой, – дейді Азамат Тұрмағамбетов, – әзірге тұтынушылар жаппай үйрене алмай жатыр. Жобаның басты мақсаты – шипасы мол сүт өнімдерін өндіру арқылы замандастарымыздың денсаулығына демеу болу. Біз үшін литрлеп сауған көрсеткіштің қажеті де жоқ, ең бастысы, сапа.
Ал, сапа итальяндық технологияның арқасында мүмкін болып отыр екен. Ешкі сүтімен еңсесін көтерген шетел мамандары серіктестіктің ісін жолға қоюға қолғабысын тигізіпті. Қазір сүт зауыты мұздатқыштармен, зертханамен, басқа да автоматтандырылған құрылғылармен қамтамасыз етілген. Ешкі сауудан бас-
тап, барлық сатыдағы технология талабы мүлтіксіз орындалады. Ферма меңгерушісінің айтуына қарағанда, қаңтар айынан бастап ешкілер лақтай бастапты. Әр ешкіден тәулігіне орта есеппен бес литр сүт сауылады. Бағымдағы мыңнан астам ешкінің 700-і сауылмақ.
–Ең басты қиыншылық, жер мәселесі. Осы шаруаны қолға алған 2018 жылдан бері өтініш айтумен келеміз, – дейді серіктестік басшысы Ермек Ұлықбанов, –жемшөп мәселесі өте қиын болып тұр. Барлығын бірдей сатып алсақ, шаш-етектен шығынға батарымыз сөзсіз. Небары 300 гектар жеріміз бар, сол жерге мал азығын егеміз. Асыл тұқымды ешкілер қысы-жазы бағымда тұрады. Сүтті ешкілер тұқымы түбітсіз болғандықтан, қысқы суыққа төзімсіз. Лақтарды жайып бағуға болар еді, оған жайылымдық жер жоқ. Өткен жылы скважина қазып, егістік жерді суармалы алқаптарға айналдыруға талпындық. Бұл жұмыс биыл бітуге тиісті. Ендігі бір өткір мәселе – мал мамандарының жоқтығы. Әсіресе, мал дәрігері болмай тұр. Аграрлық оқу орындарында ондай факультет те жоқ.
Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, жұмыс істеймін деп жанып тұрған адамдар да таптыра бермейді екен. Әйтпесе, еңбекақылары да тәп-тәуір. Қазір жұмыс істеп жүрген 43 адам орташа есеппен айына 100 мың теңгенің үстінде еңбекақы алып отыр.
Сауылған ешкі сүті біртұтас ферма кешенінің құрамындағы сүт өңдейтін зауытқа жеткізіледі. Бұл жерде итальяндық құрылғылардың арқасында сағатына 1,5 мың тонна сүтті өңдеуге толық мүмкіндік бар. Ешкі сүтінен жасалатын адам ағзасына пайдалы тағам түрін санап шығудың өзі оңай емес. Мәселен, жұмсақ, балқытылған және қатты ірімшік, қаймақ, май, айран, йогурт, тағы да басқалары.
–Өнімнің өтуі қашанда сұранысқа тәуелді, – дейді ферма меңгерушісі, – сондықтан, өнімнің қай түрін көбейту керек, қай түрін азайту керек, есептеп отырмаса болмайды. Ең қиыны, ірімшік өндіру. Қажетті құрылғыларын сатып алған итальяндық компания біздің еңбеккерлерді оқытып үйретті. Олардың тәжірибесі көп қой. Ал, бізде әлі күнге дейін мамандар тапшы. Әрине, әлемдік деңгейде жоғары бағаланатын жақсы ірімшік өндіруге болады. Бірақ, ол қымбатқа түсер еді. Біздің тұтынушыларымыз арзанына ұмтылады ғой. Сапалы сүттен өндірілген ірімшік еш уақытта арзан болмайды. Өзіндік құны қымбат.
Нұр-Сұлтан қаласы мен облыстың сауда сөрелерін біртіндеп жаулап алған соң өзге өңірлерге де өнім өткізуді көздеп отыр. Алыс-жақын шет елдерді де көптеген сырқатқа дәру ешкі сүтінен жасалған өнімдермен қамтамасыз етпек. Қазіргі күні бұл сүттің пайдасын бірқатар мемлекеттер айқын аңғарып отыр. Мәселен, іргедегі Ресей нарығында ешкі сүті негізінде жасалған, ана сүтін алмастыра алатын қоспалар пайда болды. Аллергологтар болса, сиыр сүтінен жасалған өнімдерді көтере алмайтын балаларға ешкі сүті пайдалы екенін әлдеқашан зерттеген.
–Атақ-даңқы жер жарып тұрған Швейцария ірімшіктерінің ең басты құпиясы, сиыр сүтіне ешкі сүтін қосып жасауында болса керек, – дейді ферма меңгерушісі, – тіпті йогурт тәрізді танымал өнімдер де ешкі сүтінен шыққан. Асылында, ешкі сүті химиялық құрамға сай пайдалы тағам өніміне жататындықтан, жаппай тұтынатын кез де алыс емес шығар.
Таңсық тағамның құнарын жете түсінгендер жеке тапсырыс бере бастапты. Демек, ел ешкі сүтінің ерекше қасиетін ескергені ғой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Целиноград ауданы.

Суретте: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен көрмеде «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС-ның ешкі сүтінен жасалған өнімдерімен де танысты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар