Адам еңбегімен еңселі. Еңбек адамды жетілдіреді, шабыттандырады, жарқын болашаққа күш пен үміт береді. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселесі қашанда өзекті болып қала бермекші.
Карантин кезінде Зеренді ауданының Гранитный кентінде орналасқан Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/25 мекемесі сотталғандардың өндірістік учаскелердегі жұмысын тоқтатқан жоқ.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған азаматтардың жұмысқа орналасуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілі бір міндеттерді орындауы тиіс. Олардың ең маңызды міндеттерінің қатарына жазаны неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру және жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату кезінде елеулі мәні бар құқық бұзушылықтан зардап шеккен тарапқа келтірілген залалды өтеу, сондай-ақ, сот үкімі бойынша процестік шығыстарды мемлекет кірісіне төлеу болып табылады.
Қазіргі таңда Гранитный кентінің колониясында сотталғандардың өндірістік учаскелердегі жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Тұрақты негізде шағын және орта бизнес субъектілерінің өндірісіне қажетті бедер тастар мен ағаш бұйымдары, металл конструкцияларын жасау үшін жеке кәсіпкер «Арсамаковқа» цех жалға берілді. «Еңбек – Көкшетау» РМК филиалының №1 учаскесінде киім мен қаптар дайындау бойынша өндірілетін өнім көлемі ұлғайды.
Жыл басында «Новопэк» ЖК өкілімен кездесу ұйымдастырылды. Онда сотталғандарды ақылы жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру мақсатында жұмыс орындарын ұлғайту, сондай-ақ, еңбек нәтижесімен көзге түскен сотталғандарды көтермелеу мәселелері талқыланды.
Айта кету керек, жұмыспен қамтылған сотталғандар арасында депрессияға және жағымсыз эмоциялардың басқа көріністеріне бейім алғандар некен-саяқ. Олар еңбек тәртібін және түзеу мекемелерінің ішкі ережелерін сақтау, өз кезегінде, келісім-шарт міндеттемелерін уақытылы орындай біледі.
Мерген АРҒЫМБАЕВ,
ЕЦ-166/25 мекемесінің бастығы, әділет майоры.