Қазақ халқының ұлы перзенті
Атақты қазақ палуаны Қажымұқан 1871 жылы 7 сәуір күні Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Оның атасы да күшті алпауыт адам болғандықтан, Қажымұқанды жас кезінен қазақша күреске баулыған.
Архив – тарих қоймасы деп бекер айтпаған. Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы мәлімет, ақпарат іздестіру барысында архивтің кітапхана қорынан күш иесі туралы өте қызықты тың деректі анықтадым.
Қаламгер Болат Бекеновтың «Анадан алып туғанда» мақаласында осы Қажымұқан туралы айтылады. Сол мақаладағы Шаяхмет Шалқаровтың әңгімесінен үзінді келтірелік. «1926 жылдың жазында елге қайтпақшы болып Семейде пароходқа отырдым. Бірер сағат өткен соң осы пароходта Қажымұқан келе жатыр деген хабарды естіп, танысайын деп барсам, үшінші класта, астында бір кісілік кілем-бөстек, басын шапанымен жауып алып, дем алып жатыр екен. Басын көтеріп сәлемімді алды, таныстық. «Ал, батыр бұл жатысың қалай?» деп едім, көтеріліп отыра берді де: «Е намыстансаң, әпер орынды бірінші кластан» деді. Жарайды жүр, әперейін, – деп бұрыла беріп едім: «Жігітім тоқтай тұр, осы мен Зайсанға барсам қайтеді? – деді. «Барсаң, ел қуана қарсы алады, менің сыйлы қонағым боласың» –дедім. «Ендеше, кеттік Зайсанға» деді. Қалған жолды екеуміз пароходтың екінші класында бірге өткіздік. Қажымұқан өзінің өмірбаянын, күрес жолына қалай келгенін ұзақ әңгіме етті, сол жолы-ақ біздер достасып кеттік. Өзінің айтуы бойынша, руы қыпшақ. Қобыланды батыр тұқымы. Тұқымда әрбір жүз жыл сайын бір зор ұл туады екен» деді әңгіме арасында алып күш иесі.
Сонымен Зайсанға келдік. Он алты күн үйде, елде қонақ болды, ел-жұрт сый-құрметінен аянған жоқ, сол жолы халыққа бір рет ойын көрсетті. 25 тақтайдан көпір жасатты, аяғына екі пұт гір байлады, сосын жаңағы көпірге барып астына шалқасынан жатты, үстінен 25 ат пар-парлап шауып өтті, сонда тақтаның астында жатып мырс-мырс күледі батырың. Енді бірде арбаға 15 кісі, желкесіне бір кісіні мінгізіп, арбаны тісімен сүйрей жөнелді, білектей темірді қолына білезік қылып орады. Өзінің салмағы 9 пұт 25 қадақ болатын. Қажымұқан ақкөңіл, жақсылықты бағалай білетін, алып дене мен күшіне сай мінезі бар, салмақты, жарқын кісі болатын. Өзінің шын аты Жолмұқан. Түркияға барғасын, қажылыққа бардың деп ел Қажымұқан деп атап кетіпті.
Қажымұқан – қазақтың үлкен мақтаныш тұтар азаматы ғой. Қажымұқан жайлы деректер жиналып жатса, ол үлкен игілікті іс екен. Ел намысын көтерген ерді елі есіне сақтаса керек еді, –деп Шаяхмет ақсақал әңгімесін аяқтады». (АОМА, кітапхана қорынан. «Көкшетау» газеті, №35, 21 наурыз 1996 жыл).
Осыған тағы бір дәлел Ақмола облысының мемлекеттік архивінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы деректер бар және архив қызметкерлерімен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай, көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді.
2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық архив қызметкерлері Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне Ақмола облысының тарихымен байланысты құжаттарды толықтыру мақсатында іссапармен барған болатын. Жүргізілген зерттеу жұмысы барысында Ақмола облысының тарихына байланысты құжаттар анықталды. Олар фонофотоқұжаттар, тарихи тұлғалар туралы деректі фильмдер. Солардың бірі – қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов туралы деректі фильмде педагогика ғылымының кандидаты, профессор М.Танекеев ірі тұлға жайында әңгімелейді. Фильмде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Қажымұқан мұражайы көрсетіледі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақмола облысының мемлекеттік архиві жанынан 2018 жылы «Жас зерттеуші» клубы құрылған болатын. Ақпан айының 10 жұлдызында жас зерттеуші клубының мүшелерімен онлайн ZOOM платформасында «Тұңғыш қазақ алыбы» атты тарих сабағы өткізілді. Жас зерттеушілерге Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен жетістіктері туралы мәлімет берілді және алып тұлға жайлы деректі фильмнен үзінді көрсетілді.
Ақпан айының 14 жұлдызында архив қызметкерлері Қажымұқан атындағы №3 облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің түлектерімен дәріс өткізіп, «Қажымұқан және Қажытай» атты деректі фильм көрсетілді.
Бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұлан-ғайыр жері мен халқын өзге жұртқа паш еткен, қазақ елінің мақтанышы, кәсіпқой палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы мен спортында алар орны ерекше. Қажымұқандай алып күш иесінің ерлігі ел есінен ешқашанда ұмыт қалмайтынына сенім мол.
Әсем ӘЛДИБЕКОВА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері.
Суретте: Қажымұқан Мұңайтпасов және әнші Әміре Қашаубаев. 1925 жыл. Сурет облыстық архивтен алынды.