НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлемдегі коронавирустың таралуына қатысты деректермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Әлемде COVID-19-ға шалдығу және өлім-жітім бойынша ахуал күрделі болып тұр. Бүгінде әлемнің 221 елінде КВИ-дің 130 млн-нан астам жағдайы тіркелген, науқастану өсімі – 0,5. 2,8 млн-нан астам өлді. Өлім-жітім көрсеткіші – 2,2 пайыз», — деді Алексей Цой. Оның дерегінше, 2021 жылдың қаңтарында науқастанудың жалпыәлемдік статистикасы біршама төмендегенімен ақпаннан бастап қайтадан тұрақты түрде өсім байқалып отыр. «Америка жартышарындағы және Еуропадағы бүкіл елде науқастанудың жоғары деңгейі байқалады. Ал Франция, Польша, Түркия, Украина сынды жекелеген елдерде 1 млн тұрғынға шаққанда тәулігіне 400-ден 800-ге жағдай тіркеліп, өсім тенденциясы орын алуда», — деді Алексей Цой.
https://www.inform.kz/kz/koronavirus-alemdegi-ahual-kanday_a3772734