Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Рухани қазына көмбесі - АРҚА АЖАРЫ

Рухани қазына көмбесі

1993 жылдың 22 шілдесінен бастап көпшіліктің рухани-мәдени игілігіне қызмет жасап келе жатқан Көкшетаудағы әдебиет және өнер музейі бүгінгі және келер ұрпақ үшін мол мұраларды жинақтап, сақтары анық

Облыс орталығында жалпақ жұрттың рухани сұранысын өтеп тұрған орынның бірі – облыстық әдебиет және өнер музейі. Музей қызметкерлері жаман тұмау жайлап тұрған уақытта да қол қусырып қарап отырмай, замандастарымыздың сұранысын өтеуге зор үлес қосып отыр.

Халқымыздың әдебиетi мен өнерiнiң өсiп-өркендеуiне өлшеусiз  үлес қосқан айтулы тұлғалардың артында қалған мұраларын жинақтап, өмiрi мен шығармашылығын бүгiнгi ұрпаққа  насихаттап отырған мәдениет ошақтарының бiрi ретінде жұмыс ауқымын кешегіден де түрлендіріп, байыта түсуде. Әуелі арғы тарих туралы сөз сабақтайтын болсақ, әдебиет және өнер музейі 1989 жылдың 20 қаңтарында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №14 қаулысы негізінде ұйымдастырылып, 1993 жылдың 22 шілдесінен бастап көпшіліктің рухани-мәдени игілігіне қызмет жасап келеді.
–Бүгінде музейдегі сан салалы шаруа бір арнада тоғыстырылып, жанды жанашырлықтың арқасында мазмұнын арттыруда, – дейді музей директоры Нұрбек Нұралы, – өткен жылы ғимаратты жаңартып, күрделі жөндеуден өткізсек, үстіміздегі жылы экспозициялық мұрағаттарды жаңғыртуға айрықша көңіл бөлеміз.
Аталмыш музей Көкшетау өңірінен шыққан әйгілі тумалардың ғана емес, елімізге танымал ақын-жазушылардың, сал-серілердің, өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды экспонаттарды жинақтаған, соларды ғылыми айналымға түсіріп отырған бірден бір орталық болып табылады. Қазіргі уақытта музей қорының
10 210 жәдігері бар. Олардың 3376-сы негізгі, 6 834-і көмекші қорда.
Әдебиет және өнер музейі қорында қазақтың салт-санасына, этнографиялық байырғы құндылықтарына, сал-серілік дәстүріне, әдеби-мәдени өміріне негізделген жәдігерлер сақталуда. Олардың қатарында күллі түркі дүниесінің орта ғасырдағы рухани ұлы ұстазы XI ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Яссауидың XVI-XVII ғасырда Бұхар қағазына түсірілген «Диуани Хикмет» кітабының қолжазбасы, Үмбетей жырау атақты Абылай ханға: «Жасыңда болған сырласың, Үлкен де болса құрдасың… Батырың өлді Бөгенбай!» деп жүрегі қарс айырылып өлімін естіретін арыстан жүрек Бөгенбай батырға тиесілі XVIIІ ғасырда жасалған құты, қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында: «Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры қарауылдың шешен Қанай» деп келетін атақты Қанай биге XVIIІ ғасырда пайдаланылған саптыаяғы бар. Сондай-ақ, Арқаны әнімен тербеген Ақан серінің темір ұстасына арнайы тапсырыс беріп жасатқан адалбақанының, сондай-ақ, серінің сүйіктісі болған Ақтоқты сұлудың «Зингер» тігін іс мәшинесі мен айнасының мұражай үшін алатын орны айрықша. Сонымен қатар, музей қорында қазақ даласын әнмен тербеген Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды сал-серілердің, Көкшетау өңірінде туып-өскен қаламгерлер Есмағамбет Ысмайыловтың, Жұмағали Саинның, Мұса Асайыновтың, Көкен Шәкеевтің, Сәкен Жүнісовтың, Естай Мырзахметовтың, Кәрім Ілиястегінің және тағы басқадай көрнекті әдебиет, өнер қайраткерлерінің жеке заттары, қолжазбалары, әдеби көркем шығармалары бар. Әдебиет және өнер музейі көрме залының төрінде орналасқан халқымыздың атамзаманнан бергі ең жақын серігі, асыл белгісі болып саналады. Қарашаңырағымыз, іші-сырты толық жабдықталған киіз үйді де үлкен мақтанышпен атап өтуге болады.
Музей залдарындағы көпшiлiктiң назарына ұсынылған қазақ халқының ғасырлар бойғы шамшырағы болған  ислам дiнiне  қатысты қолжазбалар мен ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген көне кiтаптар, ерлiк пен өр  намыстың нышанына айналған қазақ батырларының қару-жарақтары, ұлттық музыка  өнерiнiң өшпес сарыны iспеттi  ұлттық саз аспаптардың ондаған түрлерi, халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiнен сыр шертетiн ұлттық ыдыс-аяқтар,  зергерлердiң әйел адамдарға арнап асқан ептiлiкпен соққан зергерлiк бұйымдары  көрген жанның көңiлiне қуаныш сыйлап,  мол рухани азық болары анық.
Музей қызметкерлерiнiң алға қойған мақсаты бабалардан қалған көне жәдiгерлерге жан бiтiрiп, қазақ халқының әдебиетi мен өнерiнiң, мәдениетiнiң мәйегi болған көне мұралардың тарихы мен болмысынан сыр шерте отырып, жас буынның жүрегiне ұлттық рухтың шуағын төгiп, отансүйгiштiк сезiмнiң дәнiн себу болып табылады.
VIII-IX ғасырдан бастап қазақ даласында Ислам дінінің таралуына байланысты Баласағұн, Сығанақ, Исфиджап, Отырар, Яссы, Сауран тәрізді орта ғасырлық қалаларда мешіт, медреселер ашылып, түп негізі құраннан бастау алатын діни-ағартушылық бағыттағы және тарихи сипаттағы кітаптар жарық көре бастаған. Әдебиет және өнер музейі қорында бүгінгі күнде жүзден астам әр жылдары әр қалалардан басылып шыққан діни кітаптар сақталуда. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен бұл кітаптардың халықтың діни танымдық біліміне және дала заңдарына орасан зор ықпал еткені ақиқат.
Олай болса, көне кітаптардың барлығын парақтап отырмай, қазақ халқының шамшырағы болған төрт-бесеуіне ғана тоқталып өткенді жөн көрдік.
Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» кітабының қолжазба көшірмесі. Шамамен XVI-XVII ғасыр. XI ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Яссауи – күллі түркі дүниесінің орта ғасырдағы рухани ұлы ұстазы. Ғалымның атын әлемге танымал еткен ғұламалығы оның софылық уағызында ғана емес, осының негізінде хатқа түсірген атақты «Хикметтерінде» жатыр. Ол – орта ғасырлық түркі руханиятының, соның ішінде қазақ әдебиетінің ең озық үлгілерінің бірі болып табылады және түркі әлеміндегі дін мен философияның, этика мен моральдың қайнар көзі болып саналады.
Осыған дейін аталмыш «Хикметтер» бірнеше рет қазақ, өзбек, түрік тілдерінде жарық көрген болатын. Алдарыңыздағы бұл қолжазба көшірмесін жіті қарап, өзге нұсқалармен салыстыра зерттеген Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары – Қаржаубай Сартқожа, Иманғазы Нұрахметұлы осы қолжазбадағы өлең жолдары шағатай тілінде жазылған «Хикметтердің» ең көне нұсқасы екендігін анықтады. Бұл кітап шамамен XVI-XVII ғасырлардың аралығында Бұхар қағазына түсірілген. Кітаптың тілі шағатай тілінің (орта ғасырдағы жазба-әдеби тіл) қыпшақ диалектісінде жазылған. Бұл қазіргі қазақтың әдеби-жазба тіліне өте орайлас дегенді білдіреді. Бұрынғы нұсқалар негізінен оғыз диалектісінде (қазіргі өзбек тіліне жақын) жазылған екен. Музейдегі осы қолжазба нұсқа ең ескі әрі сирек кездесетін үлгі. 90 беттен тұратын қолжазбаны толық аударған жағдайда бұрынғы мәлім болған 3 нұсқамен салыстырулардың нәтижесінде транскрипциялық, мәтіндік, көркем поэтикалық үлкен айырмашылықтың, өзгешеліктің бетін ашуға болады және бұл қолжазба қазақ әдебиеті үшін де, тіл тарихы үшін де, ежелгі діни-философия үшін де теңдессіз құнды, маңызды рухани мұра болып табылады.
«Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабы. Рабғұзи – XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген тұлғалардың бірі. «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегі 72 пайғамбар өмірінің тарихы жайында. Қиссаның негізгі мазмұны Құран мен Інжілден алынған. Өйткені, әр пайғамбардың тұсында қандай аяттардың түскеніне дейін нақтылы көрсетіліп отырады. Әрі сол пайғамбарлар заманындағы халықтың сана-сезімі қандай дәрежеде болғандығы һәм ислам дінін сол замандағы халыққа таратудағы қиындықтар мен соғыстар, сергелдең мен жеңістер жайлы кең мағлұмат береді. Қолымызға түскен «Қисса-сүл-әнбийя-и» моғол-татар тілінде 1903 жылы Қазан шаһарында Кәримовтер баспасынан жарық көрген. Бірақ, аталмыш тәржімада 24 пайғамбардың ғана өмір тарихы сөз болады. Яғни, жоғарыдағы Рабғұзидың қаламынан шыққан 72 пайғамбар санына жетпейді. Құранда 24 мың пайғамбар, 33 мың сақаба дейді. 1903 жылы жарық көрген «Қисса-сүл-әнбийя-и» аудармасының алғы сөзінде:
«Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабы Рабғұзи жазбаларынан тәржімаланып отыр. Кітапқа енбей қалған пайғамбарлар тарихын біз Қазы тәпсірі мен Жәлелин тәпсіріне мұражағат қылып (сүйеніп), бұл екі тәпсірде болмағанын Нәзһәтүлмүжәліс кітабынан алып «Һарот уа Марут» қиссасын және Дәуіт ғалайһи уәссәләм қиссасымен моғол тілінен тәржімалап, мүмкіндігімізше толықтыруға еңбек еттік».
Исләм Қазан баспасына тапсырушылар: Мәтржам дамолла, Ғабдұлғұлам хазреті, Шарифиддин молла. Кітаптың жарық көруіне Петербор цензуры тарапынан 1903 жылы 13 маусымда рұқсат берілген. Рабғұзидың «Қисса-сүл-әнбийя-и» жазбасы Құран Кәрім мағынасын түсінуге, қасиетті Құранның ақиқат екеніне еш шүбә келтірмей, ислам дінінің дамуына қызмет еткен өз заманының сүбелі дүниесі. Бүгінгі ұрпаққа жеткен рухани қазына.
Ең ескі көшірмесі Лондондағы Британия мұражайының кітапханасында  сақтаулы (№7851). Ғалымдар бұл көне қолжазбаның XV ғасырда көшірілгенін растайды. Лондон нұсқасын алғаш рет ғалым К.Гренбек 1948 жылы Копенгаген қаласында басып шығарады (Rabghuzi, Narrationes de prophetis, Kopengagen, 1948). Oсы нұсқасы 1990-1991 жылдары Ташкентте де жарияланады.
Қиссаның екінші қолжазбасы Санкт-Петербургтегі М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасында сақтаулы. Бұл кітапханада сақтаулы қолжазба мәтіні толық емес. Санкт-Петербург қаласының Ғылым академиясы Шығыстану институтында да сақталған басқа бір қолжазбасы шамамен 1560 жылы көшірілген. Жалпы Санкт-Петербургта барлығы алты нұсқа сақтаулы. Швеция кітапханаларында еңбектің екі нұсқасы табылған. Париждегі Ұлттық кітапханада да ХVIII ғасырға тиесілі бір көшірмесі сақтаулы. Әзірбайжан Республикасы Ғылым академиясының Қолжазбалар институтында да 1552 жылы жасаған бір көшірмесі бар.
Бұл нұсқалардан басқа «Қысас ул-әнбияның» ХІХ ғасырға тиесілі Өзбекстанда табылған жеті, сонымен қатар, Қазан Мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасында, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұражай және Тіл, әдебиет және өнер институтының мұрағат қорларында он тоғыз көшірмесі сақталған.
Ғылым әлеміне жалпы отыз бес көшірмесі белгілі. Бұл еңбектің 1859-1911 жылдар аралығында баспаханалардан шыққан жиырмаға жуық жарияланымы да бар. Әдебиет және өнер музейінде көне өзбек тіліндегі нұсқасы сақталған.
«Китаб уд-Таджуид» кітабы. Таджуид  сөзі араб тілінде сөзді әдемілеу, ділмарлық деген мағынада қолданылады, жалпы мағынасы Құранды дауыстап оқу ережелері. Сөз түбірі ж-у-д үш әріптен құралған, мағынасы жақсырақ қылу.
Тәджуид Ислам тарала бастаған алғашқы кезеңдерден бастап дамыған, ұрпақтан ұрпаққа сабақтастықпен жалғасқан дәстүрі бар, шебер оқушылар меңгерген орындаушылық өнер болып табылады. Оның қарапайым оқуын бастауыш мектептер мен медреселерде үйретеді. Ислам ғұламалары Тәджуидке арналған классикалық араб тілінің фонетикасын егжей-тегжейлі түсіндірген көптеген трактаттар жазған. Бұларда дауыс үндестігі, дыбыстардың өзара ықпалдастығы мен үйлесімі, сөз тіркесі мен оның мағыналық екпініне, дауысты сәл үзу мен созған кезде дейді дұрыс алу, тағы басқа білімдер мен тәсілдерге көп көңіл бөлінген. Осылардың көмегімен оқудың айшықтылығына, әуезділігіне қол жеткізді.
Әдебиет және өнер музейінің қорында сақталған Китаб уд-Таджуид кітабы араб-түркі тілдерінде жазылған. Император университетінің баспаханасында 1986 жылы Қазан қаласында басылып шыққан.
Құран тәспірі «Жәләләйн» 30 парақ құранның араб тілінің кеңейтілген түсініктемелері. Бұл құранда жасия сүресінен бастап ықылас сүресіне дейін кеңейтіліп түсіндірме берілген. Қазан қаласында 1918 жылы басылып шыққан. «Мұхтасар» 3-15 бетке дейін кәлима және тайба. Яғни, иман кәлималар жайында. 13-18 бетке дейін пайғамбарларға иман. Құранда 25 пайғамбар бар. Адам, Нұх, Ідіріс, Худ, Салық, Ибраһим, Ысқақ, Ысмайыл, Якуп, Жүсіп, Мұса, Харун, Шуайп, Лут, Яхия, Закария, Дәуіт, Сүлеймен, Иса, Зулкафил, Аюп, Жүніс, Ілияс, Ләйсә, Мұхамед. 18-29 бетке дейін қабырға (өлгенге иман, сенім) өлгеннен кейін қайта тірілуге сену. 29-38 бетке дейін дәрет жайында. Дәреттің парызы, сүннеттері, бұзатын нәрселер және мәсіге мәсіх тарту жайында, мәсіхті бұзатын нәрселер жайында жазылған.
«Сарф» кітабы. Малимуссарф лисануль – араб тілін үйрену деген сөз. Бұл кітапты жазушы Хождархандық Омардың ұрпағы Ысмайылдың баласы Абдрахман. Бұл кітаптың шығуына 1986 жылы 25 мамырда Петербургте рұқсат берілді. Бұл кітапта 4-85 бетке дейін араб тілінің грамматикалық ережелері жазылған. Кәлима-араб тілінің сөздігі. Араб тілін үйренемін деген адамдарға жеңілдетілген грамматикалар жазылған. Мұнда «мәзи» – өткен шақ, «музори» – осы шақ, келер шақ, «Әмір» – бұйрық. Осы үш сөздерді кеңейтілген мағынада түсіндірген. Араб тілінің әр бап және сиғалары жазылған. Мысалы: масатар, іштиқақ, сәләси — мәзит, сәләси — мүжәрәт, раббаи — мәзит, раббаи — музәрәт баптары кеңейтіліп түсіндірілген.
Музей мұрағаттарының көрген жанның көңілін тоғайтып, рухани әлемін кемелдендіре түсетін бір сәті осындай. Қазына тұнған көмбенің уақыт шаңымен қымталған тұсын ақтарсаңыз, талай олжаға кенелеріңіз сөзсіз.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Зәуреш ТАҒАНБАЕВА,
әдебиет және өнер музейінің экскурсоводы.

Музей жәдігерлері.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар