НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрлігі «Коронавирусқа қарсы әртүрлі вакцина салдыруға бола ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кез келген адам бір вакцинаны алған жағдайда, сөзсіз келешекте оның тиімділігі болады. Бұл мерзім аяқталған соң, адамдар басқа вакцинаны да ектіре алады. Бұл жағдайда ағзада ешқандай асқыну болмайды, ең бастысы, бір уақытта екі вакцина салдыруға болмайды. Алайда, іс жүзінде бұл мәселе әлемде зерттелмеген. Әлем бойынша адам бірден екі вакцинаны алса, ағза қалай жауап береді деген зерттеу жүргізілмеген. Яғни, бұл біздің құзыретімізде емес», — деп жауап берді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. «Әр түрлі вакциналармен екі рет екпе алуға қатысты – іс жүзінде мұндай зерттеулер болған жоқ, бұл сұрақтарды инфекционистерге, осы бағытта ғылыми зерттеулер жүргізетін медицина қызметкерлеріне жіберу керек. Біздің саламыз – әзірлеп шығару. Ұсынымдар беру біздің құзыретіміз емес», — деп жауап берді ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария.
https://www.inform.kz/kz/koronaviruska-karsy-arturli-vakcina-saldyruga-bola-ma_a3776288