«Арланның» табысты маусымы

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Арлан» хоккей клубының өкілдерімен кездесті. Еске сала кетейік, «Арлан» хоккей клубы биылғы маусымды табысты аяқтап, еліміздің чемпионатының күміс медалін жеңіп алған болатын.

Хоккей клубының басшылығы, атап айтқанда клуб президенті Андрей Шевченко мен бас бапкер Сергей Бердниковқа, команда капитаны Владислав Колесниковқа жылы лебізін білдіре келе, облыс басшысы «Бәріміз де «Арлан» командасының финалдық кездесуінен зор әсер алғанымыз рас. Өйткені, бұл кездесуде команда жанкүйерлерінің көңілінен шығардай тамаша өнер көрсетті. Өткен маусым команда үшін аса күрделі жағдайда басталғаны белгілі. Сәтсіз ойындардан кейін алтыншы орынға дейін сырғыған арландықтар намысты бермей, жеңісті жолдарын жалғастырды, – деді.
Өз кезегінде клуб президенті Андрей Шевченко командаға қолдау білдіргені үшін облыс басшысына алғысын айтты. «Біз әрдайым облыс басшылығы тарапынан қолдауды сезініп отырамыз. Ішкі жұмыстарымызға келетін болсақ, жігіттер маусым барысында уақыт талабына бейімделіп, олқылықтардың орнын толтырды. Өйткені, хоккейшілеріміздің тәжірибесі мол, ойын барысын жедел аңғарады», – деді.
-Біз биылғы маусымды сылбырлау бастағанымызбен, ширақ және табысты аяқтадық. Бұндай табысқа хоккейшілеріміздің бірін-бірі жақсы түсініп, команда болып бірлесе ойнауының арқасында жеттік. Әрдайым қолдау танытып жүрген Ермек Боранбайұлы сізге, федерация президентіне, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасына зор алғысымды білдіргім келеді, – деді хоккей клубының бас бапкері Сергей Бердников.
Андрей Шевченко алдағы маусымға дайындыққа орай команда мүшелері дайындықты басқа жаққа бармай, осында өткізгендері жөн болар еді дегенді айтты. Облыс әкімі клуб басшылығының ұсыныстары ескерілетінін, мүмкіндігінше барынша қолдау көрсетілетіндігін атап өтті.
Кездесу соңында арландықтар облыс басшысына «Арлан» хоккей клубының рәміздік медалі мен хоккейші майкасын сыйлады.
***
Осы күні облыс басшысы мерейлі 50 жасқа толған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Александр Высоцкийді қабылдап, облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Александр Высоцкийдің есімі Қазақстан бокс сүйер қауымына жақсы танымал. Ол осыдан 30 жыл бұрын Степногорск қаласында спорт саласындағы еңбек жолын бастаған еді. Сол кезде оның шәкірттері жасөспірімдер арасындағы республикалық біріншілікте екі алтын медальді жеңіп алған болатын. 2004 жылы ол Жақсы кентіндегі Т.Уәлиев атындағы спорт мектебіне ауысып, бұнда да біраз жетістіктерге қол жеткізді. Оның шәкірті Нұрдәулет Жарманов Стамбулда өткен жарыста чемпион атанды. Осыдан кейін ол боксшы қыздарды дайындауға ден қойды. Оның шәкірттері Дина Жоламан, Зарина Цолоева әлем және республика чемпионы атанды.
Александр Высоцкий 2016 жылы Ақмола облысының жыл бапкері атанғанын да атап өткен жөн.
Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар