Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолдыбайдағы ерлік пен елдіктің ескерткіші - АРҚА АЖАРЫ

Жолдыбайдағы ерлік пен елдіктің ескерткіші

Жуырда Зеренді ауданындағы Жолдыбай ауылында майданда шәйіт болған боздақтар мен соғыстан оралғандар және тылда қажырлы еңбек еткендердің құрметіне ескерткіш орнатылды.

Кезінде «Симферополь» совхозының іргелі бригадасы болған Жолдыбай ауылында бүгінде елуге жуық отбасы түтін түтетіп, жеке кәсіпшілікпен айналысып отыр. Ауыл балалары жергілікті тоғызжылдық мектепте оқыса, жастар жағы мәдениет ошағына жиналып, демалыс уақыттарын қызықты өткізуде. Міне, ынтымақ-бірлігі жарасқан Құттыбай әулетінің ұрпақтары ата дәстүріне осылай адалдық танытып, ауызбірлікте бақытты өмір сүруде.
Майданда қаза тапқан боздақтарға орнатылған ескі обелискіні жаңарту ауыл адамдарын көптен бері мазалап жүрген-ді. Сәті түсіп осы игілікті істі қолға алған Жолдыбай ауылының азаматтары Абай Алпысов пен Ерлан Мущанов жыл басында ескерткіштің жаңартылған үлгісін жасады. Жоба дайын болған соң Абай Алпысов, Елдар Ахметов, Нұрлан Біркенов, Ардақ Бекішев, Ержан Әбілмәжінов бастаған ауыл азаматтары білек сыбана іске кірісті. Ауқымды жұмысты ойдағыдай атқару үшін алдымен қаржы мәселесін шешу қажет болды. Құттыбай әулетінен тарайтын 450-ден астам отбасы бір мезетте өз үлестерін қосып, 4,5 миллион теңге қаржы жинады.
Архитектуралық тұрғыдан сәтті шешім тапқан еңселі ескерткіштің діңгегі – қайсар жауынгер бейнесін жасауға көкшетаулық мүсінші Манарбек Бұрмағанов көп еңбек сіңірді. Ал, майдан даласында қаза тапқан 56 боздақ пен елге жеңіспен оралған 58 жерлесіміздің, сонымен бірге, соғыс жылдары қажырлы еңбек еткен 300 тыл еңбеккерінің есімдерін құлпытасқа жазуда «Көкше-тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы қол ұшын берді. Ескерткішті орнатуда құрылыс жұмыстарымен айналысқан ауыл азаматтары Бауыржан Айдарбеков, Нұрбек Құрманов, Боранбай Айдарбековпен бірге Құттыбай әулетінің перзенттері де белсене еңбек етті. Тылда еңбек еткен жерлестеріміздің тізімін жасауға Жамал Мәженова көп көмек көрсетті.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Симферополь селолық округінің әкімі Азамат Сәбитов қатысып, ауыл ақсақалы Хаметов Жапеш екеуі алқызыл лентаны қиды. Имам Зейнолла Жақияұлы боздақтарға арнап аят оқыды. Арманымыз жүзеге асып, қуанышқа бөленіп отырған сәтте жерлестеріме айтарым – елдің іргесі сөгілмесін десек, егін салып, мал өсіріп, шаруашылығымызды дамытайық. Сонда ғана біз қазақ ауылдарын дін аман сақтап қаламыз. Ал, ескерткішті жастарымызды ізгілікке бастайтын қасиетті орынға айналдыру үшін мектеп оқушыларының қатысуымен тағылымдық шараларды көбірек өткізген жөн. «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубын құрып, ерлік сабақтарын өткізуді дәстүрге айналдырайық. Шаңырақ көтерген жас жұбайлардың да аталарының рухына тағзым еткенін қалар едік. Екі дәуірдің куәгері болған ата-әжелерімізге де ілтипат білдіріп, олардың мерейтойларын ел болып тойлайық. Мәселен, биыл 90 жасқа толатын Қалым ақсақал Омаров, сөз жоқ, осындай құрметке лайықты ардагер. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендейін. Құттыбай әулетінің ауыз бірлігіне, іскерлік қабілетіне осы жылы да көзім жетіп, шексіз риза болдым.

Өмірбек ТЕМІРБЕКОВ,
ғалым-экономист, еңбек ардагері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар