Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ashyq» қосымшасы қолданылуда - АРҚА АЖАРЫ

«Ashyq» қосымшасы қолданылуда

«Ashyq» қосымшасы белгілі бір сауда не тамақтану мекемелеріне кіретін болсаңыз, сіздің індет жұқтырған не жұқтырмағандығыңызды анықтайды. Бұл пилоттық жоба қазіргі таңда облыс орталығында өте белсенді қолданылып, тиісті нәтижесін беріп жатыр.

Көкшетау қаласында бүгінде 79 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істейді. Аталмыш жоба пандемия кезінде жұмысы тұралап қалған мекемелердің кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. «Ashyq» қосымшасында 4 түсті белгі бар. Олар адамның коронавирусқа қатысты статусын анықтайды. Егер келуші індет жұқтырып, ауырып жүрген болса оған «қызыл» түс шығады. Ал, «сары» түс науқастармен байланыста болғандығын көрсетеді. Яғни, мұндай адамдарға халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға баруға тыйым салынатыны белгілі. Мекемеге келушілер қатарында осындай адамдар анықталатын болса, тиісті органдармен жұмыс жүргізіліп, айыппұл салынады. ПТР тест тапсырмасаңыз және вирус жұқтырмаған болсаңыз «көк» түс шығады. Ал, «жасыл» түс шықса емін-еркін қозғалыс жасауыңызға болады.

–Бүгінгі күні аталмыш қосымшаның арқасында бізде COVID жұқтырған және науқаспен байланыста болған 7 адам анықталды. Олардың төртеуінде «сары», үшеуінде «қызыл» түс мәртебелері шыққан. Бұлардың 6-уы Көкшетау қаласында анықталса, 1-еуі Бурабай ауданында тіркеліп отыр. «Қызыл» мәртебе қаладағы «Мясорубка» дәмханасына келген екі адамнан анықталған. Қызметкерлер кіре берістен QR-кодты сканерлеп, нысанға кіргізбеген, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Қосымша арқылы жұмыс істеп жатқан нысандардың жұмыс уақыты ұзартылады. Кешкі мезгілде оларға 50-ге жуық қонақ қабылдауға мүмкіндік берілген. Сондай-ақ, жұмыстарына кіріскен кәсіпкерлік нысандардағы пилоттық жобаның жүзеге асырылуын мониторингтік топ бақылауда ұстайды.
– Мониторингтік топтар көбіне пилоттық жобаға қатыспаған нысандарды қадағалайды. Олардың жұмысы кешкі сағат 8-де тоқтатылады. Мұндай нысандарда адам саны 30-дан аспауы тиіс. Ал, қосымша арқылы жұмыс істейтін нысандар түнгі сағат 2-ге дейін қызметін жалғастыра алады. Қосымшаны қолдануда еш қиындық туындап отырған жоқ. Тек телефонға жүктеп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет. Ғимаратқа кірерде кәсіп иесіне берілген QR-кодты сканерлеп, шығарда осыны қайталау керек. Ал, смартфонына қосымшаны жүктемеген тұрғындарға мекеме қызметкерлері көмектеседі, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдрахманов.

Жобаны іске асырушы Цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, азаматтардың жеке мәліметтері «Дербес деректер туралы» Заңның негізінде қорғалып, ешқайда таратылмайды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар