Орман көптеген пайдалы өнімдердің маңызды және алмастырылмайтын көзі болып табылады, сонымен қатар, оның экологиялық, емдік және санитарлық маңызы да зор. Атап айтсақ, ауаны қажетті химиялық элементтермен қанықтырады, оны өнеркәсіптік шығарындылардан тазартады. Адамның жауапсыз қарым-қатынасы, табиғи апаттар орман алқаптары санының азаюына әкеледі.
Бірнеше сағат ішінде орман екпелерін жоя алатын ең қорқынышты қауіп – өрт. Шуақты, ыстық күндердің келуімен ең өзекті мәселе өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Өйткені, кез-келген ұшқын табиғатта бақыланбайтын өртке әкелуі мүмкін және өсімдіктерді, жануарларды, жақын маңдағы елді мекендерді жойып, жоғары жылдамдықпен таралады. Ормандағы өрт оның орнына жалаңаш өлі жер қалдырып, үлкен аумақтарды қамтуы мүмкін.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 24.02.2021 жылғы №27-5-6/28 бұйрығына сәйкес, наурыз-сәуір айларында Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары мемлекеттік орман қоры аумағында 2021 жылғы өрт қауіптілігі мол маусымына дайындық бойынша мемлекеттік орман иеленушілерге тексеріс жүргізді.
Оның барысында облыстың орман шаруашылығы мекемелері қолда бар өрт сөндіру техникасы мен құралдарын маусымның басталуына қалай дайындағаны анықталды. Арнайы техниканың, машиналар мен жабдықтардың жекелеген түрлері бойынша тиесілілік нормаларына сәйкес келмейді, өрт сөндіру автомашиналары мен тракторларының 70 пайызы пайдалану мерзімінен асқан, барлық мемлекеттік мекемелерде тракторлар, өртке қарсы техника мен орман өртін сөндіру агрегаттары, мотопомпалар, тұтандыру аппараттары, көбік түзгіштер және басқа да жабдықтар жетіспейді.
Барлық жерде орман өртін сөндіру станциялары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.07.2012 жылғы №956 Қаулысымен бекітілген ормандағы өртті сөндіру туралы ережеге сәйкес жарақтандырылмаған. Алдын алу мақсатында өрт маусымы басталғанға дейін мемлекеттік орман иеленушілер құрғақ шөпті өсімдіктерді күйдіру жұмыстарын жүргізді, минералданған белдеулер мен өртке қарсы аралықтарды құру бойынша іс-шаралар жоспарланды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында өртке қарсы тақырыпта мақалалар мен бейне көрсетілімдер өткізіледі, оқушылар мен халық арасында орманға ұқыпты қарауды насихаттау жүргізіледі. Өрт қаупі бар маусым ішінде облыс ормандарын күзетуді «Қазавиаорманқорғау» мемлекеттік кәсіпорнының 3 тікұшағы жүзеге асырады, олар күн сайын облыс ормандарында әуе патрульдеуді жүргізеді.
Біздің әуе және жердегі патрульдеу қызметтеріміздің басты міндеті – оттың орманда таралуына жол бермеу және оны ең басында сөндіру. Барлық өткізілген іс-шаралар біздің әсем өлкеміздің ормандарын сақтауға, адамдардың өмірі мен демалысы үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Облыстың әрбір тұрғыны туған табиғатының тағдыры үшін өзінің жауапкершілігін сезініп, оны сақтауға және көбейтуге өз үлесін қосуы керек. Ормандарды өрттен қорғау, табиғи байлықтарды қорғау бұл табиғат қорғау мекемелерінің барлық қызметкерлерінің кәсіби борышы ғана емес, бұл – әрқайсымыздың парызымыз.
Дінәли АЙТҚОЖИН,
Ақмола облыстық орман
шаруашылығы және жануарлар
дүниесі аумақтық инспекциясы
бөлімінің бас маманы.