Әлем халқының кемінде 70 пайызын вакциналаған кезде ғана COVID-19 пандемиясын жеңуге болады. Мұндай мәлімдемені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус G7 саммитінде жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.
«Пандемияны толығымен жеңу үшін біз әлем халқының кем дегенде 70 пайызына вакцина егуіміз керек және мұны келесі жылы Германияда болатын кезекті кездесуге дейін жасау қажет. Мұны «үлкен жетілік» пен «үлкен жиырмалықтың» бірлескен қолдауымен іске асыруға болады.
Ол үшін бізге 11 миллиард доза вакцина керек»,– деп мәлімдеді ДДСҰ басшысы. «Қысқа мерзімді перспективаға келетін болсақ, ол осы жылдың қыркүйек айына қарай әр елдің тұрғындарының кем дегенде 10 пайызын, ал жыл соңына дейін 40 пайызын вакциналау керек»,- деп мәлімдеді ол. «Бұл үшін дәл қазір, яғни осы және келесі айда 100 миллион доза вакцина, ал қыркүйек қарай тағы 250 миллион вакцина қажет. Олар COVAX бастамасы арқылы таратылуы керек».
Тедростың айтуынша, технологияларды кедей елдерге беру және зияткерлік меншік құқығынан бас тарту есебінен олардың өндірісін кеңейту қажет. ДДСҰ басшысы әлемді алдағы пандемиядан қорғау үшін қазіргі дағдарыстан сабақ алуға шақырды. Қазір ең бастысы –ынтымақтастыққа қол жеткізу және әр елге өз халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті мәліметтер, ақпараттар, ресурстар, технологиялармен және барлық құралдармен алмасуды жолға қою керек.
Сондай-ақ ол пандемияға дайындықты арттыру және жаңа патогендердің шығу көздерін анықтауда ынтымақтастықты нығайту туралы «халықаралық келісімшарт, конвенция» жасасуды ұсынды.
Дереккөз: www.inform.kz