Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында және Ұлттық домбыра күніне орай Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының ұйымдастыруымен «Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық әдебиет және өнер музейі қорындағы танымал тұлғалардың домбыраларынан құралған «Бабамнан қалған мұра сен болмасаң…» атты көрме болып өтті. Сан ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге қаншама тарихи кезеңдерден өтіп, ұлттың рухани нәрін бойына жинап, айрықша үнімен өзіне тән нақышымен шыңдалып, бірге жасасып келе жатқан домбыра аспабына арналған арнайы күн осыдан 3 жыл бұрын Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, мемлекеттік дәрежеде дәстүрлі түрде аталып келеді.
«Бұлбұл» аймақтық домбырашылар байқауының бас жүлдегері Эльвира Бошымова күйшілік өнерімен көрмеге қатысушыларды тәнті етті.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған аталмыш шараның мақсаты – Ұлттық домбыра күнін лайықты деңгейде атап өтіп, ата-бабамыздан мирас болып жеткен ұлттық-музыкалық аспаптың құндылығын жас буынның бойына сіңіру, қазақ халқының төл өнеріне деген қызығушылығын ояту.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев бұл күннің маңыздылығына ерекше тоқталды.
–Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың қаны, ұлт шежіресі, халқымыздың өткені мен бүгіні, сыры мен мұңы. Домбыра ата-баба тарихы мен асыл мұраларымызды өзінің сырлы қоңыр үнімен бізге жеткізген құнды қазынамыз, – дей келе, Жабал Ерғалиев музейдің қолға алған игілікті ісіне зор баға беріп, ұрпақ үшін оның құндылығын атап өтті. Көрмеге музей қорында сақталып келе жатқан Ақан серінің сүйіктісі болған Ақтоқтының баласы ұстаған Сұлтан Жалмұқанұлының ағаштан ойылып жасалған домбырасы қойылыпты. Көкшенің серісі атанған Сәкен Жүнісовтің төрінде тұрып, жанына медет етіп, сырласқан серігі – сырлы домбырасы да қолдан ойылып жасалған екен. Нағыз шеберлер қолынан шыққан бұл аспап та көрме төрінен орын алғаны қуантады. Сондай-ақ, майдангер ақын Жұмағали Саин мен жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің де домбыралары көрменің сәнін келтіріп тұр.
Ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің дамуына зор үлесін қосқан арда азаматтар – Кәрім Ілиясов, Көкен Шәкеев, Естай Мырзахметовтердің домбыралары да жұртшылықтың көзайымына айналды. Өмірден озғанына бір жыл толып отырған Көкшенің сал-серілерінің ізін жалғап келген айбоз әнші Қажыбай Жахиннің үкілі домбырасы осы көрме төрінен орын теуіпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қажыбай ағамыз ұстаған тағы да төрт домбыра бар екен. Алдағы уақытта музейде арнайы экспозиция ашылғаннан кейін, бұл ұлттық құндылықтар соның төріне әкеліп қойылады.
Домбыра күніне арналған танымдық маңызы зор көрмеге облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, ақын Серік Жетпісқалиев, зиялы қауым өкілдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары және студенттері қатысты. Кеш соңы домбыра шанағынан төгілген күміс күймен көмкерілді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.