Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша өңіріміз қайтадан «қызыл» аймаққа енді. Бүгінгі күні COVID-19 қауіпті індеті 23912 адамнан зертханалық жолмен анықталып, тіркелген. Өткен бір тәулік ішінде коронавирус пандемиясын 43 адамның жұқтырғаны анықталды.
Өңірімізде бүгінге дейін тіркелген 23912 жағдайдың 17223-і симптомды болса, 6689-ы қауіпті вирусты тасымалдаушылар. 109 адам осы індеттен көз жұмған. Облыс бойынша ересектер арасында аурудың 89 пайызы, яғни, 21 292 жағдайы тіркелсе, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2620 жағдай анықталған. Сондай-ақ, емханаға өздері келіп тексерілу кезінде анықталған 12 792 жағдайдың 8392-і адам ауырғандармен байланыста болған, 2707-і профилактикалық скрининг кезінде белгілі болған.
2020 жылы COVID-19-ды 7247 адам жұқтырғаны зертханалық жолмен расталса, ағымдағы жылы 16755 жағдай тіркеліп отыр. Соңғы аптаның ішінде, яғни, 2021 жылдың 24 маусым – 1 шілде аралығында COVID-19-дан 345 жағдай анықталды. Бұл өткен аптадағы тіркелген 240 жағдайға қарағанда қауіпті індеттен ауырғандар санының апта ішінде 1,4 есеге өскенін көрсетеді. Ал, соңғы бір тәулікте коронавирустан зертханалық жолмен 88 адамның ауырғаны расталды. Оның 73-і қауіпті індетті жұқтырған болса, 15 адам ауруды тасымалдаушылар. Сөйтіп, ауырғандар тәулігіне 0,4 пайызға өсіп отыр.
Қауіпті індеттің төртеуі Көкшетау қаласына тиесілі болса, Бурабай, Целиноград, Аршалы, Ерейментау аудандарында бір-бірден тіркелген. Осылайша коронавирустың жұғу қаупі көбейе бастағаны алаңдатады. Сондықтан, әлі де сақтық шараларын жалғастыруды тоқтатпай, коронавирустың біртіндеп жо-йылуына әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек.
Ол үшін екпе алуды жалғастырған жөн. Жалпы, өңірімізде вакцинация басталғаннан бері 160100 доза бірінші компонент бойынша алынған. Ал, екінші компоненттен 117835 доза қабылданған. Вакцина алғандар арасында жағымсыз реакциялар болмаған.
Сонымен қатар, екпе науқаны басталғаннан бері «Спутник V» екпесінен 115600 доза қабылданса, бірінші компонентпен 91634 адам вакцинацияланған, бұл 79 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың 25 сәуірінен QazVac вакцинасының отандық өндірісінің 2000 дозасы алынған. Ал, XayatVak вакцинасынан 99,7 пайыз немесе 30690 дозаның 30,500 дозасы тұрғындарға салынған. Сондай-ақ, CoronaVac екпесінен 12000 доза келген болса, онымен 9368 адам вакцинацияланған.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.