Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылдық жерлерде мамандар тапшылығы болмауы керек - АРҚА АЖАРЫ

Ауылдық жерлерде мамандар тапшылығы болмауы керек

Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында өңіріміздің орта арнаулы оқу орындарында агроөнеркәсіп саласы үшін қажетті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері қаралды. Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан қатысып отырды.

Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сала үшін білікті кадрлар даярлау дамудың негізгі факторы болып табылады. Облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская төрайымдылық еткен тұрақты комиссияның күн тәртібіне сәйкес облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өңірдің ауылдық колледждерінде аграрлық сала үшін білікті мамандар даярлау және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру жөнінде баяндама жасап, білім ордаларындағы жағдай туралы тарқатып айтып берді.
–Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру экономиканың ағымдағы және болашақтағы қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға бағытталуда. Оның мазмұны білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын жоғалтпауы керек. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Облыста 32 колледж жұмыс істейді, оның 15-і немесе 47 пайызы аграрлық сала үшін кадрлар даярлайды, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде онда 2924 студент оқиды. Ауылдық жерлерде 10 аграрлық колледж бар. Мамандарды даярлау сапасының көрсеткіші оларды жұмысқа орналастырумен өлшенеді. Оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектерді жұмысқа орналастыру индикаторы қарастырылған. Бүгінде облыс бойынша ол 73,5 пайызды құрайды, жоспар бойынша 67 пайыз, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Облыстағы ауыл шаруашылығы саласы үшін мамандарды даярлау екі бағытта жүзеге асырылады. Олар инженерлік, құрылыс және өңдеу саласы бойынша – «Ауыл шаруашылығын механизациялау», «Диірмен, ұн өнімдері, дәнді-дақылдар мен жемшөп азығын өңдеу» мамандықтары, ал, ауыл, орманшылық, балық аулау шаруашылықтары мен ветеринария саласы бойынша – «Ветеринария», «Агрохимия», «Зоотехника» мамандықтары болып табылады.
2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырыспен 15 аграрлық колледжді 1140 студент тәмамдап, олардың 877-сі немесе 77 пайызы жұмысқа орналастырылған.

Түлектердің көбі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркі, «Евразия групп Қазахстан», «Аскоп», «Журавлевка», «Баймырза Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, «Агрофирма» транс ұлттық компаниясына, «Агример астық» элеваторлары мен «Ақмола Бидай» секілді басқа да кәсіпорындарға барғанды құп санайды.
Қазіргі уақытта колледждерде талапкерлерді қабылдау әлі де жүргізуде. Биыл бірінші рет республика бойынша «студентке ақша» қағидатымен талапкер қабылдануда. Сонымен бірге, биыл тегін білім алуға үміткерлер арасында конкурстық іріктеу кезінде олардың квоталық санаты ескеріледі. Бұл дегеніміз көп балалы, толық емес және аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін білім алуға мүмкіндік ашылады деген сөз. Биыл облыстық әкімдік экономиканың 10 саласы бойынша 4790 орынға мемлекеттік тапсырыс беріпті, олардың 540-ы ауыл шаруашылығы бағытында, бұл өткен жылмен салыстырғанда 46 орынға көп. Сондай-ақ, басқарма басшысы 2017 жылдан жүзеге асырылып келе жатқан «Еңбек», колледждер арасында былтыр басталған «Серпін» бағдарламалары бойынша білім алып жатқан болашақ мамандар мен қолдарына диплом алып, маман атанғандарының «Дипломмен – ауылға!» жобасына қатысып жатқандарын, аграрлы сала мамандарын даярлайтын колледждердің барлығында дуальді оқыту әдісі қарастырылғандығын айтты. Отырыс барысында «Жас маман» жобасына қатысушы оқу орындардың жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы да мәселелер пысықталды. Аталмыш жобаға қатысушы білім ұйымдары – Бурабай ауданының Қатаркөл селосындағы ауыл шаруашылығы және Зеренді ауданының Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледждерінің директорлары Сергей Савельев пен Арлан Оспанов аграрлық сала мамандарын даярлау бойынша оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуы жайында баяндама жасады. Білім ордаларының басшылары өз баяндамаларында жетістіктерімен қатар, ондағы елеулі мәселелер турасында да сөз қозғады. Мәселен, Қатаркөлдегі колледждің жатақханасы мен оқу корпусы күрделі жөндеуді қажет етуде екен. Сонымен бірге, ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мұнда оқитындар саны небары 200 студентті құрапты. Лабораториялық зерттеу жұмыстарын жүргізетін кабинеттері де жаңартуды керек етіп тұр екен. Сол сияқты Шағалалы жоғары агротехникалық колледжінің лабораторлық-практикалық корпусы 2013 жылдан бері апатты жағдайда сақталып келеді. Қазір онда техникалық зерттеу жүргізіп, жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 14 миллионға жуық қаржы қажет және оны күрделі жөндеуден өткізуге 700 миллион теңге тағы керек. Мұнымен қоса, №3 жатақханасы да күрделі жөндеуге сұранып тұр екен.
Комиссия барысында мәслихат хатшысы Мұрат Балпан оқу жылы басталған кезде пандемияға байланысты оқытудың қалай ұйымдастырылатындығын және студенттердің вакциналануы жа-
йында сұрап білді. Бүгінде облыс аумағындағы оқу орындарының барлығы «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс істеп жатыр, педагогтар мен техникалық қызметкерлердің 90 пайыздан астамы вакцина алған. Алайда, басқарма басшысы студенттердің ата-аналары тарапынан келіспеушіліктер туындап жатқандығын жасырмады. Олармен оқу жылы басталғанға дейін әлі де жұмыс жүргізіледі. Комиссия шығарған қаулыға сәйкес білім басқармасы мен аудандық және қалалық білім бөлімдеріне мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруды, білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуды, міндеттелген тапсырмаларды төмен деңгейде орындап, экономикалық тиімділігі жоқ, студенттерінің саны аз оқу орындарын біріктіру жөнінде тапсырма берілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар