Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөздерінің бірінде «Біз үлкен террордың» кеңес үкіметі аумағындағы халықтарға қандай орасан зор шығын келтіргенін ұмытқан жоқпыз. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылған болатын», – деп атап көрсеткен еді. Осыған байланысты өткен жылы құрылған мемлекеттік комиссияның тапсырмасымен Ақмола облысында да саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Мақсатымыз кеңестік кезеңдегі қасірет құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, әлі де ашылмаған, зерттелмеген ақтаңдақтарды анықтап, әділ бағасын беру болып табылады.
Қазақ елі тарихындағы, оның ішінде Кеңес Одағы кезеңіндегі тарихымыз ХХ ғасырдағы ең бір қайшылықты, күрделі тұсы және әлі де болса теориялық және методологиялық зерттеу елегінен өтпеген, сөйтіп, өз бағасы мен лайықты ғылыми тұжырымын ала алмай келе жатқан өткеніміздің тұтас бір кезеңі болып саналады.
Өткен ХХ ғасыр қазіргі тарих ғылымы тұрғысынан қарағанда түрлі солшыл идеялар мен олардың негізінде жасалған, адамзат баласына өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген лениндік-сталиндік, маоистік, германдық және итальяндық фашизм сияқты саяси-әлеуметтік эсперименттер жасалған аса бір ауыр зардапты зобалаң ғасыры деп сипатталуда. Әсіресе, оның зардабын кәрі құрлық Еуразия елдері, Атлант мұхитынан Тынық мұхиты аралығындағы халықтар қатты тартып, мұның салқыны Латын Америкасы елдері мен кейбір Африка елдеріне дейін тигенінің куәсі болып отырмыз.
Қазіргі заманғы өркениетті қоғам мен демократиялық басқару жүйесі дамытылған елдерде осындай жағдайлардың қайталанбасына кепілдік беретін сенімді азаматтық қоғам мен экономикалық-әлеуметтік негіздер қалыптастырылған. Посткеңестік елдер қатарында бұл үдерістен Қазақстан да шет қала алмайтындығы түсінікті. Неғұрлым өткеннің рудименттерінен арылар болсақ, соғұрлым Қазақстанның бар әлем елдері бет алған өркениетті даму жолына түсу мүмкіндігі арта бермекші.
Өткен таяу тарихымызға қатысты осындай сипаттағы ғылыми-дәйекті тұжырымдар жасауға бет бұру тек қана Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел болуының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев былай айтқан еді: «Ұлтын ұшпаққа шығаруды ойлаған, жұртын жетілдіруді көксеген, сол үшін тар жол, тайғақ кешуден өтіп, айдауға түсіп, қамалып, сотталып, атылып кеткен ардақтыларымыз саяси тұрғыдан да, құқықтық жағынан да ақтап, адал атын сақтап, олардың күрескерлік өмірінің шын бағасын беру тәуелсіз мемлекеттің ғана қолынан келеді».
Коммунистік режим бұғауынан енді ғана босаған еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап осы бағытта елеулі қадамдар жасады. Ең алдымен, уақыты жетіп тозған советтік-коммунистік дәуірдің идеологемдерінен арылу қажет болды. Осы орайда, аталмыш бағыттағы жұмыстардың методологиялық негіздемесіне айналған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен бірнеше маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң» қабылданды, сондай-ақ, 1997 жылы Президент Жарлығымен 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.
Зұлматты жылдарға ғылыми әрі саяси баға беру ісі бұрынғы КСРО құрамында болған елдерде әрқилы форматта, өздерінің тарихи тағдыр ерекшеліктеріне байланысты жүргізілуде. Егемен еліміздің 30 жылдығы қарсаңында осы мәселедегі жұмыстардың түбегейлі бір арнаға түсуіне зор ықпал еткен маңызды құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың мамырында сталиндік репрессия құрбандарын толық ақтау туралы Үндеуінің жариялануы, артынша мемлекеттік комиссияның құрылып, ол комиссияның нақты құзыреттілігінің бекітілуі дер едік. Себебі, осы уақытқа дейін репрессияға ұшырағандардың толық санаты қамтылмай келді. Президент өз үндеу сөзінде Қазақстанға 5 миллионнан артық адам жер аударылып, депортация мен репрессияға ұшыратылғанын атап өтті. Осы ретте, Қазақстанның сталиндік ГУЛАГ жүйесіндегі нақты орны да әлі де айқындалмаған деуімізге болады. Сондай-ақ, Қазақстанда жүргізілген ұжымдастыру салдарынан туындаған репрессиялар, аштық пен елден аластау құрбаны болған 3 миллионнан астам халықтың тағдыры ендігі жерде ғалымдарымыздың жүйелі зерттеу нысанына айналып отыр.
КСРО-да отызыншы жылдары орныққан тоталитарлық саяси режим 1937 жылы бұрын-соңды болып көрмеген, бүкіл елді жаппай қамтыған саяси жазалаулар науқанын жүргізді. Бұл жазалауларға негіз болған Коммунистік партияның 1936 жылғы желтоқсан Пленумы мен 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында И.В.Сталин мен оның айналасындағылардың «екіжүзділердің, халық жауларының бәрінің тамырын шауып, жойып жіберу» қажеттігі туралы нұсқауы. КСРО-ның ұлттық республикаларындағы 1937-1938 жылдары жазаланғандарға стандартты «ұлтшыл-фашистер», «жапон тыңшысы», «троцкийшіл халық жаулары» деген сияқты ойдан құрастырылған айыптаулар тағылды.
Осы орайда айтарымыз, Ақмола, Көкше өңірлерінде де орын алған оқиғалар, жазалау шаралары, айыптаулар мен теріс әрекеттер де толыққанды зерттеулерді қажет ететіні сөзсіз. Бұл ретте, облыстың аумақтық құрылымының да араға белгілі бір уақыт салып біршама өзгеріп отырғанын ескеруіміз қажет. Айталық, қайбір жылдары облыстың жері Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының құрамында болғаны, ал, 1944 жылы Көкшетау облысының бөлініп шыққаны белгілі. Осы ретте, зерттеушілерге көршілес облыстардың архивтеріне бару, Ресейдің Омбы облысындағы қорларда жатқан құжаттармен танысу, аудандарға арнайы экспедициялар ұйымдастыру көзделіп отыр. Маусым айында Бурабай, Шортанды аудандарында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ғана біздерге бұған дейін беймәлім болып келген жиырмаға жуық жапа шеккендердің есімдері белгілі болды. Қазіргі уақытта аталмыш тізім бойынша дәлелдеу шаралары қолға алынып, қажетті құжаттар іздестіріліп жатыр.
Ақмола облыстық архиві шығарған «Ақмола облысында 1938-1940 жылдар мен 50-ші жылдардың басында жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар кітабында» көптеген мәліметтер жинақталған. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мәліметтері бойынша барлығы сот орындары және басқа да органдар арқылы 5400 адам әйгілі 58-баптың 10-шы тармағы арқылы, яғни, Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат және бүлдіру әрекеттерін жасағаны үшін айыпталған, ал, олардың үштен бірі ату жазасына кесілген. Қазірдің өзінде біз мемлекеттік архивтердегі қорлардан 2511 ақталған азаматтарға, 2373 ақталмаған адамдарға мәлімет жинап үлгердік. Сонымен қатар, 1920-1923 жылдарға жататын Кеңестік жұмысшы-шаруа милициясына қатысты қорлардан ешқандай кінәсіз, жала жабылып айдауға немесе ату жазасына кесілген 250 адамның істері қазір сараптамалық айналымға түсіп отыр. Осы ретте, байлар мен кулактар, оларды сайлауға қатысу, дауыс беру құқықтарынан айыру, кеңестік билікке қарсылық көрсетті деген айыптаулар, күшпен қоныс аударылған неміс, кәріс, шешен-ингуш халықтарының тізімдері табылып отыр. Әрбір табылған құжатқа арнайы парақ толтырылып, кесте бойынша ақпараттар енгізілуде. Қолдағы ескі қағаздардан адам тағдырының тәлкекке түсіп, жасанды істердің қалай толтырылғанын көруге болады.
Жер-жерде «ашық» сот мәжілістері өткізіліп, оларда сотталғандардан қажетті «мойындаулар» зорлап алынды. «Халық жауларының» көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының «үштігінің» мәжілісінде шешілді. Осы жылдары Ақмола облысында ең алдымен, Алаш қайраткерлері Жұмағали Тлеулин, Мағжан Жұмабаев қатарлы адамдар, одан кейін Кеңес үкіметін құрысқан Әбілқайыр Досов, Сәкен Сейфуллин, Мәскеуде 1933 жылы белгісіз жағдайда қазаға ұшыраған Смағұл Сәдуақасовтың туыстары да саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Көкшетаудағы ескі қазақ зиратында Сталиндік қуғын-сүргіннің ең жас құрбандарының бірі Аян Сейфуллин, яғни, Сәкен Сейфулиннің баласы жерленген. Қазірдің өзінде Көкше жерінде қызмет істеген 30 шақты Алаш қайраткерлерінің есімдері белгілі болып отыр, олардың қатарында Біләл Малдыбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Темірболат Телжановтар бар.
Репрессиялар әсіресе, бүгінде мемлекет құрушы ұлт болып отырған қазақ халқының ұлттық болмысына өзінің аса зардапты зиянын тигізді. Сталиндік тоталитаризм тұсында репрессия қазақ зиялыларының бір емес, бірнеше буынын бірдей отап кетті. Ақмола облысында ГУЛАГ-тың Алжир және Карлаг сияқты ірі лагерлері болғанын да естен шығармауымыз керек.
Ақмола облысы бойынша жаппай сталиндік репрессияға ұшырағандардың 62,5 пайызы 1930-1940 жылдардың үлесіне тиеді бұлар, барлығы 3360 адам. Соғыстың басталуына байланысты репрессиялар сәл бәсеңдегенімен, 1940-1950 жылдары репрессиялық жазалаулар 30- шы жылдардан кем түскен жоқ, оның зардабына 2065 адам ұшырады.
Жазаланғандардың ұлттық құрамына келсек, орыстар 1708 адам немесе 31,6 пайыз, қазақтар 1200 адам (22,3 пайыз), немістер – 820 (15,2 пайыз), украиндар –760 (14,1 пайыз), оның ішінде қарапайым шаруалар 1850 адам, жұмысшылар 1280 адам, қызметкерлер1150 адам. 2750 адамның ғана бастауыш білімі болған. Сауатсыздар 1100 адамға жеткен. Орта білімділер 910 адамды, жоғары білімділер небары 750 адамды құраған.
Карбан Василий Давыдович, Макинка селосының тұрғыны, 58-баптың 10-шы тармағымен 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) жіберілген. Күнпейісов Әлпейіс Молотов ауданы, Ленин ауылдық советі тұрғыны, 1937 жылы желтоқсанда осы баппен, Кунгурцев Терентий Виссарионович Арықбалық ауданы Имантау ауылының тумасы, 58-баптың 11-ші тармағымен үштіктің ұйғарымы бойынша 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріндегі жазаға кесілді. Осындай есімдерді көптеп келтіруге болады. Олардың басым көпшілігі Троцкийдің кім екені, Жапонияның қай жерде орналасқанынан хабарсыз, саясаттан тыс жүрген қарапайым халықтардың өкілдері болатын.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан, оның ішінде Ақмола облысы сталиндік-тоталитарлық жүйе репрессияға ұшыратқан халықтың жаппай жер аударылып келген жерінің бірі саналады. Әйгілі Алжирден басқа да олардың арнайы «нүктелері» мен филиалдары әлі де анықтай түсуді қажет етеді. Алдымызда соңғы зерттеулер барысында мәлім болып отырған Жолдыбай, Степняк, Приречное сияқты елді мекендерде орын алған, әлі де есімдері белгісіз репрессия мен депортация құрбандарын толық анықтап, ақтау міндеттері тұр.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ғалымдарынан бүгінгі таңда бірнеше бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылып, осы тұрғыда жұмыс істеуде.
Мәселен, жаппай ұжымдастыру мен бай-кулактарды тап ретінде жою, жер аударуға байланысты бұрындары ашылмай келген архив материалдарына зерттеу жүргізілуде. Ақмола облыстық архив қорында мынадай келесі мәліметтерді де кездестіруге болады. «Әбенов Шәймерден 35 жаста, әкесі Әбен 62 жаста, бір қызы бар, інілері Шайғали 22 жаста, Молдағали 18 жаста. Көкшетау ауданының «Желтау» сельсоветіне қарасты «Игілік» колхозында қоймашы болып келген, ОГПУ-дің үштігінің анықтауынша, 1917 жылға дейін би атанып, 300-400 бас ірі малы, 200-300 бас ұсақ малы болған және 5-6 батрақ пен арнайы ұрылар тобын ұстаған. Ақ бандыларға көмектескен ағасы Жүкен қызылдарға қарсы соғысып, оққа ұшқан. Осы отбасы мүшелері ауданнан тыс басқа жерге жер аударылуы, сайлау құқынан айырылуы керек нағыз бай-кулак элементі деп танылып, бұлары «дәлелденген». Іс құпия санатына жатқызылған. Немесе Ақбердин Хамит, ұлты өзбек. Көкшетау қаласындағы Красная көшесі, 26-шы үйде тұрған. Революциядан кейін 1928 жылға дейін «80 жылқысы, 10 өгізі, 6 сиыры болған, батрак ұстаған қанаушы». 1928 жылы 400 рубльге жеке салық төлеуге кесілген. Ал, 1930 жылы малын жасырғаны үшін сотталған. ОГПУ «үштігі» шешімімен бай-кулактығы, қанаушы элемент екендігі дәлелін тауып, сайлау құқынан айырылған. Қулықпен өз шаруашылығын өзі таратып, жойған. Колхоз құрылысына кедергі жасап, совет үкіметінің барлық саяси-шаруашылық науқандарына қарсылық көрсеткен. Колчак армиясы мен ақ бандыларға материалдық көмек берген. Іс құпия делініп, Ақбердин Хамит Көкшетау ауданынан көшіріліп, жер аударылған. Құжатта былай деп жазылған: «1932 жылдың 27 июнінде көкшетаулық бай Акбердин Х. ұсталды. Этаппен Көкшетаудан жер аударылуы тиіс» 1932 жылғы 29-шы июньде, араға екі күн салып, осы жөнінде ОГПУ-дің аранайы шешімі де шығарылған. Сол кездегі бір ғана Көкшетау ауданы мен қаласынан мыңдаған адам ауданнан тыс жерлерге күшпен көшірілген. Олар революцияға немесе 1928 жылға дейін күнкөрістік деңгейдегі мал-мүлкі, егін себетін егістік жері болғаны үшін ғана бай-кулак элементі ретінде жоюға жатқызылған, сөйтіп, осындай тап өкілі ретінде танылып отырған. Соның мыңдаған мысалының бірі – Көкшетау ауданы Алексеевка селосының тұрғыны Алейников Александр, ұлты украин. Тұтқынға алынғанда 29 жаста болған, әйелі, 10 жастағы бір қызы бар. Айыбы революцияға дейін 25-30 бас ірі қара малы, 9 пар өгізі, 100 гектар егістігі, үш соқасы, бір бричка арбасы, 15 лабогрейкасы болған. Ал, 1928 жылы бар малынан құтылып, колхозға бір сиыр мен бір бас жылқымен кірген. Істі Көкшетау ауданы атқару комитетінің президиумы қарап, 1932 жылдың 25 ақпанында жаппай ұжымдастыру негізінде бай-кулак элементі екендігі анықталып, сайлау құқығынан айырып, ауданнан тыс жерге көшіріп жіберілсін» деген шешім қабылданған.
Бәрімізге белгілі, 2007 жылы 31 мамырда еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Ақмола облысы аймағында «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені ашылып, зұлмат жылдар құрбандарының рухына тағзым етілді. Кейін, 2013 жылы осындай ескерткіш облыс орталығы Көкшетауда, бірқатар елді мекендерде де ашылды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың комиссияның кезекті бір отырысында Көкшетау қаласында репрессия құрбандарына мұражай ашу туралы тиісті органдарға арнайы тапсырма бергенін айтып кеткен жөн. Қазіргі уақытта бұл игі іс қолға алынуда. Жалпы жұмыстар кешенді түрде жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Көзі тірі көнекөз қариялар мен куәгерлерді, сондай-ақ, еріктілерді тарту, арнайы әлеуметтік желі, байланыс телефондарын орнату, электрондық база құрып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы және тың деректердің шығуына байланысты, саяси ақталмаған жерлестеріміз туралы көп томдық «Аза кітабын» шығару да жоспарға еніп отыр. Зеренді ауданының Приречное селосының жанынан жаппай атылғандардың орны табылған еді. Тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы осы істі қолға алып, арнайы реестрге кіргізіп, картасын жасауда.
Бүгінде жасы сексеннен асқан, кезінде аудан, облыс көлемінде лауазымдық қызмет атқарған, бұл күнде Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Шарапұлы Әлиев ақсақалды сөзге тартқанымызда былай деп еді: «Кезінде халық арасында кең танымал болған, Көкшетау шаһарының бас имамы, ғұлама дінтанушы, Науан хазіреттің баласы Қазезтай молла да отызыншы жылдары нахақтан-нахақ бас бостандығынан айырылып, жауапқа тартылып, Шуға жер аударылады. Мойылты-Шу темір жол құрылысына қатысады, кейін 1955 жылы айдаудан келіп, Петропавл, Көкшетау жағында жұмыс істеген, көп қуғын көрген кісі еді, сол кісіні де ақтау қажет». Міне, осындай беті ашылмаған ақтаңдақтар әлі де баршылық. Жуырда ғана университетіміздің түлегі, филолог Ерден Нұрахметтің «Алаш арысы Біләл Малдыбайұлы» атты кітабы шықты. Ол еңбек өңірлік комиссияның сараптамасынан өтіп, тұсаукесері де болды. Осыған байланысты жұмыс тобы көкшетаулық алаш қайраткерлерінің нақты тізімін анықтау, жаппай жазаға ұшыраған жерлерге естелік белгілер қою, Ақмола-Көкшетау жерінен «іш жаққа», яғни, Ресейге жер ауғандардың деректері мен естеліктерін жариялау, ұлттық-мәдени орталықтар арқылы осы өңірге жер аударылғандарға қатысты жинақ, қажет болса, фильм, фотоальбомдар, айтулы тұлғаларға арнап басылымдар дайындау, кезінде жойылып, талан-таражға түскен діни ошақтардың (мешіт, медресе, шіркеу) орындарын, халық толқулары болған жерлерді анықтау істерін қолға алып отыр.
Ғылыми-бұқаралық жұмыстар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын үйлестіру үшін университет ішінен Өңірлік жобалық кеңсе ашылды. Барлық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар осы орталық арқылы топтастырылып, сараптамадан өтеді, ақпараттық анықтамалар дайындалады.
Жұмыс тобына мүше болып отырған ғалымдардың бәрінің де ғылыми, кәсіби деңгейі жоғары, этикалық, әдістемелік, саяси тұрғыдан білімі мен жауапкершілігі жеткілікті, осы қиын да күрделі, бір жағынан құпиясы мен қызығы да бар шаруаны саналы түрде меңгерген адамдар. Олардың бәрімен әртүрлі деңгейде қажетті сұхбаттар, арнайы семинарлар өткізілді. Негізгі ұстаным, қағидатымыз – тарихи шындық, ғылыми негіз болуы тиіс екенін бәріміз де түсініп отырмыз.
Ақмола облыстық архиві мен басқа да архивтерде, статистикалық қорларда мыңдаған адамдардың, сталиндік тоталитаризм құрбандарының хатқа түскен мәліметтері жинақталған. Солтүстік өңірде, оның ішінде Ақмола облысында советизация мен жаппай ұжымдастыру науқанына қатысты халық қозғалыстары мен көтерілістері жиі болып өткен. Бүгінгі күнде ол адамдардың есімдерін, тағдырын анықтау – зерттеушілердің міндеті. Ал, 1920 және 1932 жылдардағы аштық зұлматы кезінде Солтүстік Қазақстанда жергілікті қазақ халқының өкілдері қолдап жасалған көпе-көрнеу қырғынға ұшырағаны мәлім. Кейбір зерттеушілер пікірінше Солтүстік өлке қазақтарының 75-76 пайызы аштық құрбанына айналды деген деректің нақтылығын анықтай түсу, қаншасының Түмен мен Қорған, Новосібір, Омбы мен Алтайға көшкенін анықтау қажеттілігі туып отыр. Ол үшін біздің зерттеушілеріміз бір ғана Қазақстан архивтерімен шектелмеуі керек. Сол себепті де, Қазақстанмен көрші Ресей өлкелерінің архивтерінде жұмыс істеуге тура келеді.
Республикамыздың тарихындағы зұлматты-зобалаң жылдар тарихы неғұрлым толық, дәлел-дәйекті ғылыми тұжырымды негізде жазылуы үшін бұрынғы КСРО елдері тәжірибесін пайдалана отырып, өзіміздің тарихи-зерттеу жолымызды қалыптастыру үстіндеміз. Бүгінде қоғам мен мемлекетіміз үшін аса маңызды болып отырған осы іске барлық отандық ғалымдар жұмылдырылған. Осы ретте, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің зерттеуші ғалымдары да осы бір парызы мен қарызы мол елдік іске өз үлестерін қосудан аянып қалмайтындығы анық.
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ректоры