Анық жұт келмесе де алыпқашты әңгіменің жұтататын түрі бар. Ел ішіндегі қобалжу бағымдағы малды саттыра бастаған. Әсіресе, өтімі тез аналық мал көбірек сатылуда. Мал тұқымын асылдандырамыз деген әлденеше жылғы еңбек зая кететін сыңайлы.
Орталық базарда алушыдан сатушы көп. Ақадал малын бұлдап өткізгісі келген малсақ қауымның ырыздығын бөліскісі келгендерді осы жерден табасыз. Мәселенің мән-жайын бүге-шігесіне дейін жақсы білетіндердің айтуына қарағанда, ауылдағы ағайынның әкелген мал етін бұлдап сату үшін базарға бас сұғуы қиынның қиыны. Малды баққанынан сатқанының машақаты мол. Сондықтан, таңсәріден дүмеп келген елдегі ағайын алыпсатарларға арзанға өткізе салуға бақұл. Қазір орталық базарда қара мал етінің келісі 2500, жылқы етінің келісі 3100, қой етінің келісі 2800 теңге төңірегінде сатылып жатыр. Бұл арада ет сатып, мұрты майланып тұрғандар – алыпсатарлар.
Малсақ қауымның айтуына қарағанда, көкмайсалы жаздың өзінде үйірдегі жылқы, табындағы сиыр біршама жүдеу. Семіртудің өзі күш. Мал азығы қымбат. Астық қалдығының тоннасы 70-80 мың төңірегінде. Оның өзінде де қасқалдақтың қанындай таптырмай тұр.
–Құнажынның еті, – деп айғайлайды сатарман қауым құлақ тұндыра, – жас сиырдың еті!
Енді біреуі алдына жайып қойған еттің асыл тұқымды ақбас сиырға тиесілі екендігін айтып жарнама жасап тұр.
–Міне, көрдіңіз бе, бір ет, бір май, дәмі тіл үйіреді! – деп қояды.
Қаншама жылдан бері мемлекеттің мол қаражатын шығындап, мал тұқымын асылдандыру бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Енді ақсүйек жұт келе жатыр деген қорқыныш малсақ қауымның қолына пышақ ұстатып отыр. Егер бағымдағы аналық малдан биыл айырылып қалсақ, ендігі жылы мал басын кемітіп алмаймыз ба?! Қайтып орнын толтыру үшін қаншама жыл керек. Ең бастысы әлі де болса мал азығын қамдап алу.
–Ел Президенті Қасым-Жомарттың биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік және астық нарығын реттеу бөлімінің басшысы Медет Дос-жанов, – үстіміздегі жылы 1 260 000
тонна шөп дайындау жоспарланған. Күні бүгінге дейін жоспардың 94,8 пайызы орындалып, 1 миллион 194,5 тонна шөп жиналды. Оған қоса өткен қыстан қалған 85 мың тонна шөп бар. Соңғы жауындардың жақсы әсерінен көктеген көк шөп те көп-көрім көтеріліп қалды. Сүрлем мен сабан дайындалып жатыр, 1 миллион тонна сабан дайындауды межелеп отырмыз. Қолы қысқа малсақ қауымның мал азығын жинап алуы үшін көмек көрсетіледі. Бұл орайда арнайы меморандум жасалды. Әрбір ауданның әкімдері арнайы тізімін жасап, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті жемшөппен қамтамасыз етуде. Аудан шаруашылықтары 14 мың тонна төңірегінде мал азығын дайындап, тасымалдап берді. Аршалы, Целиноград, Қорғалжын, Шортанды аудандарының шаруашылықтары шөп дайындау жоспарын орындап шықты.
Әр аудандағы ахуал әрқилы. Мәселен, Ерейментау ауданында шөп құрғақшылық жылдың өзінде тәуір шықты. Аудан шаруашылықтары алдын ала түзілген жоспарды 124,5 пайыз орындады. Зеренді ауданындағы шөптің шығымы орташа деңгейде. Бұл аудандардың шаруашылықтары 117,7 мың тонна шөп дайындап алды. Оған сүрлем мен сабанды қосыңыз. Осы ауданның өзінде ғана 59,7 мың тонна сүрлем, 46,3 мың тонна сабан дайындалмақ. Ойдағы жоспар жүзеге асса, қытымыр қыстан қысылмай шығуға мүмкіндік әбден бар. Демек, әлеуметтік желілердегі алыпқашты сөздің ыңғайына жығылып, қолдағы малды сатуға, әсіресе, аналық малды пышаққа жығып, ертерек құтыламын деудің ешбір қажеті жоқ.
Жемшөп дайындау барысында жақсы мысалдар да аз емес. Мәселен, Зеренді ауданындағы Қызылсая ауылында өзгеге үлгі болар жақсы жоралғы жүзеге асырылуда. Округ әкімі Жамбыл Жанатаевтың айтуына қарағанда, Куйбышев орман шаруашылығымен келісім жасап, орманды алқаптың ішіндегі алаңқайларға шалғы салған. Бір өкініштісі, астық егетін құрылымдар округтегі шабындық жерлерді қусырып тастаған. Биылғы жылдың өзінде ғана ел іргесіндегі 2 мың гектар жер жыртылыпты. 4 мың гектар алқапты келесі жылы егін екпек болып өңдеу үстінде.
Мал сүмесімен күн көріп отырған округте мал басы баршылық. Округтегі 150-ге жуық отбасында 1500-ге жуық қара мал, 700-ге жуық жылқы, 2800-дей қой-ешкі бар. Қызылағаш ауылының малсақ қауымы төрт түлікті өз төлі есебінен өсіріп, қорасын малға толтырып отыр екен. Кейбір отбасы 20-30 қара малға дейін ұстайды екен. Осыншама малға шөп керек. Оның ретін жаңадан сайланған округ әкімі оңтайлы етіп орайластырған. Шөп дайындап сататын бригадаларға ел қарайласу туралы талап қойған. Жақсы іске дүйім елді жұмылдырған. Нәтижесінде жағдайды жақсы түсінген жігіттер шөп құнын базар бағасынан 50 пайызға төмендеткен. Айталық, салмағы 15-20 келілік буылған шөптің нарықтағы құны 1000 теңге болса, Қызылсая ауылының ел қамын жеген азаматтары 500 теңгеден босатып жатыр. Осы орайда, Ербол Ақмағанбетов, Марат Хасенов, Сәлімжан мен Серік Молдашевтар салмағы 350 келілік шөп бумаларын жарты құнына ауылдастарына жеткізіп берген. Көлігі жоқ адамдар үшін өте тиімді көмек. Қызылсая ауылындағы «Еңбек» шаруа қожалығының басшысы Жолдасбек Ақышев та қамқорлық жасау-дан қажымай жүр.
–Мал ұстаған қауымға ендігі арада жайылым мен шабындықтың жағдайын жақсарту керек, – дейді округ әкімі, – әйтпесе, бұрынғы жерлер тозып бітті. Таяуда ауыл тұрғындарымен өткен жиында осы мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Ол үшін ең алдымен ауызбірлік керек. Шабындықты жақсарту үшін бұрынғыдай табиғи шөптің шығымына қарап отырмай, екпе шөп еккен ләзім. Тұқымы сәл қымбат болғанымен, 100 гектар жерге екпе шөп егілсе, 500 гектар табиғи шөптен алатын өнімге ие боламыз. Менің есебімше, бір отбасына қажетті жемшөп қорын 1 гектар жерден-ақ жинап алуға мүмкіндік туар еді. Ауылдастармен ақылдасқанда, шығын шықпай, кіріс кірмейтінін айтып түсіндірдім.
Шабындық және жайылымдық жерлердің ауқымының тарлығынан тозып тұрғаны да рас. Ауыл тұрғындары жылқы жайған жерге қара малын жая береді.
–Негізінде бұл дұрыс емес, – дейді Зеренді ауданына қарасты Игілік ауылының тұрғыны Серік Алпысбаев, – жылқының тісі қысқыш тәрізді шөпті тамырына дейін қарпып жей алады. Ал, одан кейін қара мал жайсаң, оның аузына ештеңе тимейді. Әдетте тілімен орап оттайтын малдың жылқы жайылған жерден жүдейтіні де сондықтан.
Жылқы баққан қауымның көңілі сабасына түскендей. Соңғы жауындардың әсерінен жазғы ыстықтан қураған қайта көтерілді. Оруға келмегенімен, тебіндегі жылқыға талғажау болуға әбден жарап тұр.
–Ел ішінде мал сататындар қатары көбейіп келеді, – дейді халықтың қолындағы малды сатып алып бордақылаумен айналысатын Көкшетау қаласының тұрғыны Қоныс Есенбаев, – әсіресе, еті мол болғандықтан асыл тұқымды қара мал өтімді. Жаз бойы көкөніс тасыған саудагерлер қайтар жолында үйірлеп жылқы, табындап қара мал әкетіп жатыр.
Ел апшысын қуыра келген қуаңшылықтан да құтылармыз. Ең бас-тысы, соңғы жылдары біршама көбейіп қалған мал басын ойсыратып алмасақ болғаны.
Б. ҚАЙЫРЛИН.