Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстанның Еңбек Ері, Кеңестер Одағы және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов: «Театр негізі – бұл актерлік қызмет!» - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстанның Еңбек Ері, Кеңестер Одағы және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов: «Театр негізі – бұл актерлік қызмет!»

Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетау қаласында Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық Қазақ ұлттық драма театрының қойылымы жүріп жатыр. Осы айтулы өнер ұжымын бастап келген бүгінгі заманның бірегей тұлғасы, қазақ театры мен киносының ең танымал тарланы, аты аңызға айналған абыз адам Асанәлі аға Әшімовпен болған сұхбатымызды «Арқа ажары» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

– Алаштың Асанәлісі болған ағамызға Көкше жеріне қош келдіңіз дейміз! Сапардың мақсаты белгілі – Әуезов театрын Көкшеге бастап келіп тұрсыз. Білгіміз келетіні қазіргі заманда ұлттық театр өнері қалай дамып келеді? Артықшылығы неде, кемшілігі неде?
– Қош уақытта болыңыз! Әлбетте, заман өзгереді, ілгерілейді, кеміп барады деп те, алға озып барады деп те айта алмаймын. Орта деңгейде. Театрлар арасында құлдырап барып көтерілетін кездері болады. Қазір сондай кезеңде тұрма деп ойлаймын. Мысалы, мен бірнеше дәуірден өттім. Со-нау, 60-шы жылдардағы осы Әуезов театрынан бастап, барлық театрлардың жай-күйін біліп жүрген жайым бар. Әрқайсысының әр облыстағы өзінің деңгейіне қарай жетістігі мен шыққан шыңы мен респуб-лика көлемінде шығып жатқан үлкен әртістері бар. Әсіресе, мынау 70-80-ші жылдардағы театрдың өркендеуін «Алтын ғасыр» деп айтар едім. Ол кезде қандай азаматтардың, қандай ұлы актерлердің шыққаны көрерменнің көз алдында. Енді театр негізі – бұл актерлік қызмет. Оған актер де, режиссер де, суретші де кіреді. Осылардың бәрінің іс-қимылы бір жерден шыққан кезде бір үлкен өнер туындысы пайда болады. Ал, олар жеке-жеке ештеңе жасай алмайды. Өйткені, театр дегеніңіз ұжымдық еңбек қой. Сол жылдарда ұлы спектакльдер шықты. М.Әуезов театрында «Ана – Жер ана», «Қан мен тер», «Қобыланды» сияқты қойылымдар болды, осының бәрі облыстық театрларға әрқашан үлгі болған. Өңірлік театрлардан біздің театрға әртістер келіп қызмет атқарған, біздің театрдан облыстық театрларға ауысып барып жатады.

– Қазақ театрлары, қазақ драматургиясы осы замандық шығармалармен қамтамасыз етілмегендіктен және талантты режиссерлердің жетіспеушілігінен арыла алмай келеді деген пікір айтылып жүр. Осы орайдағы Сіздің ойыңыз қандай?
– Бұл драматургке, режиссерге байланысты. Осының ең соңында көрерменмен бетпе-бет келетін бұл актердің өнері. Актер кейіпкер жасағанда өзінің шеберлігінің арқасында қойылым болды деп айтуға негіз бар.
– Қазір еліміз бойынша қазақ театрларының қатары көбейді! Бұл ел тәуелсіздігінің жемісі. Олардың қатарлары көбейгенімен бәрі бірдей шеберлік деңгейіне жете алды ма? Жеткені болса қай облыстың театрын атар едіңіз?
– Иә, қазір негізі жастар театры көбейді. Жастардың қазіргі трактовкалары бұрынғыға қарағанда басқаша. Сондықтан, жас театрлар эксперимент. Солай болуға да тиіс. Бірақ, бұрынғы шынайы өнермен қаланған үрдісті ұмытпай, мәселен Станиславский біздегі ұлы актерлер мектебі еді-ау. Ол жағы кішкене бәсеңдеді, өкінішке орай, жоғалды десе де болады. Өйткені, сахна шеберлігі азайды. Сондықтан, жалпы бір үрдіс байқалады, бірақ, жасыратыны жоқ, көтерілуге шамасы келмей жатыр.

Қай театр болмасын олардың облыс басшылары, солардың көзқарасы оң болып, бюджет дұрыс бөлінсе, актерлерге жағдай жасалса нұр үстіне нұр. Бірақ, бұрынғы көзқарастан арыла алмай келе жатқандықтан, сол себепті өңірлерде театрдың жағдайы әлі де төмен. Сахнадағы шындық, шеберлік деген де азайған. Енді Қарағанды, Өскемен де жаңа ғимараттар салып берген. Тіпті, мрамордан салып берген үлке-е-ен ғимараттар. Бірақ, театр негізі үлкен болмау керек, оның акустикасы дұрыс болу керек. Сондықтан, оны арнайы шеберлер салу керек. Жалпы, театрға мрамордың керегі жоқ, ол театрдың акустикасын құртады. Театрға деп үлкен ғимарат салу арқылы, оны облыстың үлкен іс-шараларын өткізуге ыңғайлайды. Сондықтан, өнер сүйер көрермен үшін театрға ыңғайлап салу керек дегім келеді. Облыс театры дегенде, Қалибек Қуанышбаев атындағы Астана театрын айтар едім. Ондағы актерлердің құрамы өте жақсы, өзім сонда спектакль қойдым. Сондай жақсы актерлер бар жерде алға жылжушылық болады. Мәселен, Батыстағы Атырау, Ақтау театрларында алға қозғалушылық байқалады. Ал, олардағы өңір басшыларының өнерге деген көзқарасы жақсы деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, Талдықорған театры жақсы салынды. Оның акустикасы өте тамаша. Енді сол театрға сай, өнер ұжымы да болуы керек.
– Әлемнің өз шеруі бар, көзқарас та талғам да өзгеріп жатыр. Соған орай қазіргі театр өнері бүгінгі талғамды көрермен көңілінен шыға алуда ма?
– Орынды сұрақ. Байқап қарасам, шындығында, бұрынғы одақ көлеміндегі театрлардың қазіргі деңгейі де осы біздер шамалас. Бұрын бір-бірінен тәжірибе алмасып, спектакль ойнайтын. Біз Мәскеуде жеті рет гастрольдік сапарда болыппыз. Бұл театрдың өсуіне үлкен көмек болатын. Сыншылар да көп еді. Қазір біздің Қазақстанда сыншылар жоқ. Марқұм Әшірбек Сығай кеткелі мардымды сыншы жоқ. Шын жанашырлықпен қарап, сын айта алатын. Өзі сырттан қарап отырғанда актерлер өзінің бағасына қарап жатады. Ал, әлемдік театрлардың ежелден келе жатқан өсу дәуірі болу керек еді. Қалай десек те, одақтық тұрғыдан алсақ, Қазақстанның деңгейі жаман емес деп айта аламын.
– Театр өнерін жетілдіру үшін, қазақ театр өнері әлемдік сахнаға шығуы үшін не істеу керек еді деп ойлайсыз?
– Жоғары биліктен үлкен көңіл аударылып, қолдау болса, актерлердің деңгейі өссе, театрдың халыққа керек екені байқалар еді. Бұл жағдай әлі де ақсап тұр. Мысалды алыстан іздемей-ақ, қояйын, біздің Әуезов театрына 60 жылдан бері дұрыс жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Сондықтан, мемлекет тарапынан, өңір басшыларынан да назар аудару жағы басым болса деймін. Бұрынғыдай үлкен гастрольдер жоқ. Шетел театрларымен тәжірибе алмасу дегенде, жас режиссер, актерлерді жіберіп оқыту деген де қалды. Бір сөзбен айтқанда өз қазанымызда қайнап жатырмыз.
– Кейінгілерге айтар өсиетіңіз қандай?
– Өткенді ұмытпай оны жаңғырта отырып, болашаққа ұмтылу керек. Сахна киелі. Сондықтан, сахнада шыншыл болу керек. Сахна адамды тазартады. Сахнада 80, 90 актер жұмыс істеуі мүмкін, бірақ, оның бәрі талант болуы мүмкін емес. Сахнада ерекше көрнекті деген бір-екі адам болса, соның өзі үлкен театр болып есептеледі. Ұзын сөздің қысқасы, шығармашылық биікке көтерілу үшін жатпай-тұрмай еңбек ету керек. Кәсіби өнер майталманы болу деген – жанын қинап жұмыс істеу деп білемін.
– Ойлы сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Суреттерде: Асанәлі Әшімов; тарлан талантқа Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеевтің облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан сый-құрмет көрсету сәті; «Арқа ажарына» берген қолтаңба.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар