Ұстаз – ұлттың ұйытқысы. Ғалым да, ғарышкер де, кез-келген жетістікке жеткен басқа да адамның бәрі мұғалімнің алдынан өтіп, әріп танып, білім алады. Ұстазы жақсының ұстанымы да, болашағы да жарқын екені баршаға мәлім.
Бірақ, әркімнің көкірек көзін оятатын осы бір мамандықтың қазіргі мәртебесі қандай?
Ата-аналарымыздың аузынан бұрын мұғалімдерді қалай сыйлайтынын естіп өскен біздің құлаққа бәрі де ертегідей көрінуі мүмкін. Бірақ, асылында қазіргі таңда ұстаздың мәртебесі не себепті бұрынғыдай болмай отыр? Оған кінә тек оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің өздерінде де бар. 90 жылдары педагогикалық мамандыққа оқуға түсіп алып немесе колледжді сырттай оқып алып, оқушыға жарытып сабақ бермеген мұғалімдер де жоқ емес. Содан да білім сапасы нашарлады.
Екінші себеп, Қазақстанда 298 мың мұғалім бар. Соның 85 пайызы әйелдер, тек 15 пайызы ғана ер мұғалімдер. Сол 15 пайызды мектептерге бөлсек, әр білім беру ордасында әрі кетсе 3-4 ер мұғалім бар деген сөз. Олар дене шынықтыру, алғашқы әскери даярлық, технология пәндерінің мұғалімдері. Бұл пәндер маңызды емес деп айта алмаймын. Бірақ, олар сондай бір негізгі пәндер емес. Мысалы, алғашқы әскери даярлық аптасына бір рет болса, ағылшын тілі аптасына төрт рет өтеді. Математиканың да сағаты көп. Мұғалім оқушылармен күнде кездеседі. Психолог-әлеуметтанушылардың зерттеуінше, әкесіз өскен бала анасы қанша тәрбие берсе де, әкесінің беретін тәліміндей тәлім бере алмайды. Бірақ, бала ағасы, атасы және мектептегі ер мұғалімдер арқылы сол тәрбиені алуы мүмкін.
Жас ұрпақты тәрбиелейтін – ата-анасы, өсіп-өнген ортасы және мұғалімі. Отбасы институтының әлсіреп кеткені баршамызға мәлім. Қоғамдағы мәселелердің шешілуіне мұғалім арқылы әсер етуге болады. Бірақ, мектепте сабақ беретін мұғалімнің бәрін ұстаз деп айта алмаймыз. Олар пән мұғалімі шығар, бірақ, ұстаз ұғымындағы кеңінен әсер етуші күш емес. Мұғалім – қоғамның көшбасшы мамандығы бола тұра, бала жанының білгірі – нағыз ұстаздар көп бола бермейді.
Бала уақытының көп бөлігін отбасында емес, мектепте өткізеді. Өкінішке қарай, нарықтық экономиканың зардабын мұғалімдер біраз уақыт бойы көрді. Айлығы аз болғандықтан, көбі мұғалім болғысы келмейді. Оған қоса, педагогикалық мамандыққа оқитын студенттің уақыты күнделікті күнкөріс үшін жұмыс істеумен – өтпеуі керек. Қазір көріп жүргеніміздей, студент жұмыс істеген күннің өзінде де даяшы, жүк тасушы сияқты өзінің кәсіби жетілуіне пайдасы жоқ істермен уақытын өткізіп алады. Бұл оған уақытша жақсы киім киюі немесе қымбат телефон ұстауына мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ, бұдан мәселенің екінші жағы әлсірейді, яғни, оқуы төмендейді. Ал, мұғалім болу үшін білім керек. Жастар міне, соған ұмтылуы керек. Сонда қоғам да жақсы жағына өзгереді. Бірақ, бәрі 5-10 жылда өзгеріп кетуі мүмкін емес. Бұл үшін сапалы екі-үш ұрпақ ауысуы қажет.
Төрт жыл бұрын мұғалімдердің көбі өздерінің айлықтарының өсіп, қоғамдағы көшбасшы мамандық иесі болатынына күмәнмен қарайтын. Қазір мұғалім өзін жақсы дамытса, тәп-тәуір айлық ала алатынын дәлелдеп беруге болады. Мұғалім мұнайшы сияқты отбасынан жырақта жұмыс істемейді. Каска кимейді, өмірін қауіп-қатерге тікпейді. Денсаулығына да анау айтқандай зиян келмейді. Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі. Бірақ, осы жұмыста жақсы қызмет атқару, жақсы айлық алу үшін маңызды бір шарт – мұғалім өзін жан-жақты дамытуы керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасындағы осы сөзді қайта тірілтіп, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Осы уақыт аралығында педагогтардың жалақысы да артты, міндеттеріндегі жұмыстар да жеңілдеді. Осылайша қоғамдағы мұғалім мәртебесінің жақсы жағына күш алуына мектептегі әр адам жауапты. Сондықтан, көзі ашық, көкірегі ояу мамандарды даярлау, жастарды осы бір қасиетті мамандыққа баулу, сауапты істің салауаты қаншалықты мол екенін ұғындыруға қоғамның да әр мүшесі жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Назым САПАРОВА,
М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.