Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Целиноград ауданында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі» атты жастар форумы өтті.
Целиноград ауданының жастар ресурстық орталығы мен ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған форумға 50-ден астам адам, оның ішінде дербес бөлімдердің, аумақтық құрылымдар мен ведомстволардың жас мамандары, волонтерлік ұйымдар мен бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ студенттер қатысты.
«Бүгінде жастар біздің қоғамның ең бастамашыл, талантты және мақсаткер бөлігі болып табылады, оның жарқын жетістіктерін бүкіл Қазақстан мақтан тұтады және сүйсінеді. Маңызды білім беру және ғылыми жобалар, табысты стартаптар, спорттық медальдар, шығармашылық байқаулардағы жеңістер сіздің дұрыс жолда екеніңізді үнемі растайды», — деп атап өтті құттықтау сөзінде аудан әкімі Б.Оспанбеков.
Аудан әкімдігінің дерегі бойынша, қазіргі таңда Целиноград ауданында 14-29 жас аралығындағы жастар саны 16890 адамды құрайды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет жастар мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Дипломмен ауылға» және басқа да бағдарламалар жастардың қажеттіліктері мен қабілеттерін өзін-өзі анықтау және іске асыру үшін жағдай жасауға, кәсіби өсуге бағытталған.