Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының халқына арнаған Жолдауында Елорданың айналасында жасыл белдеуді қалыптастыру мәселесін баса айтып, нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай, Ақмола облысында орман қорына екі миллиард түптен астам ағаш отырғызу туралы 2021-2025 жылдарға арналған орманды молайту мен орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары құрылды. Табиғат біздің туған үйіміз, оны қастерлеп, күтіп ұстау әрбір азаматтың парызы деп білеміз.
Осы бағытта жыл сайын жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өңіріміздегі ағаш қорын молайтып қана қоймай, оны еселеп, арттыру үшін нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылы Ақмола облысы әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелері жоспардағы 970 гектардық орнына 1369,7 гектар алаңда ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Яғни, жоспар 141 пайызға орындалды. Ағаш отырғызу жұмыстары кезінде 6,9 миллион түп ағаштың орнына іс жүзінде 7,6 миллион түп ағаш отырғызылып, жоспар асыра орындалды. Жалпы, 2009 жылдан бері Ақмола облысында 18 мың гектарға жуық ағаш отырғызылды. Ағымдағы жылы орман көлемін ұлғайту мен ағаш өсіру жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 668 миллион теңге бөлінді. 308 миллион теңге сомасына 20 трактор, 4 автокөлік (УАЗ фермер), 13 тіркеме және аспалы жабдық (соқалар, фрезалар, борандар, сепкіштер) отырғызу жұмыстарын жүргізу үшін сатып алынды.
Қазіргі таңда Зеренді ауданының «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінде және Атбасар ауданының Самарка ауылында жалпы ауданы 86 гектар болатын 60 миллион теңге сомасына 2 жаңа орман питомниктерін салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, аяқталуда. Орманды күтіп-баптау, қорғау бағытында орман шаруашылығының 13 мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Орман өсіру жұмыстарын жүргізу үшін өңіріміздегі барлық орман шаруашылығы мекемесіне 300 миллион теңге бөлінді.
Ақмола облысында 11 питомник бар, олардың 4-еуі тұрақты, оның ішінде 3-еуі базистік (Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды орман шаруашылығы мекемесі ) және жетеуі уақытша. Питомниктердің жалпы ауданы 163 гектарды құрайды, оның ішінде 108 гектары суармалы. Онда 10 миллион данаға жуық біржылдық және екіжылдық екпелер, 70 мың көшеттер отырғызылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағының ормандарын, Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуімен байланыстыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан — Щучинск тас жолының бойында орман-тоғайдың үлесін арттыру мақсатында бірқатар жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Нұр-Сұлтан — Бурабай тас жолының бойындағы орманның жалпы ауданы 2 575 гектар болса, ұзындығы 160 шақырым, ені 250-ден 500 метрге дейін. Мұнда ағаштар мен бұталардың 11 түрі, 6,3 миллионнан астам 2 жылдық көшеттер (қарағай, қайың, үйеңкі, ырғай, қарақат, долана, акация тағы басқа ағаштар) отырғызылды.
Ағаш отырғызу екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, алғашқы кезең 2009 жылы Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының аймағында жасыл аймақтар құру үшін жердің жарамдылығын анықтау үшін топырақ барлау жұмыстары жүргізілді. Зерттелген барлығы 3 500 гектар алқаптың 1 828,7 гектары отырғызуға жарамды болды. 2010 жылы орман отырғызу сұлбасымен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, ағаштарды іріктеу және қоршаған ортаға әсерін бағалау жұмыстары жүргізілді.
2010 жылы Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының әкімдіктері 1 828,7 гектар алынған жердің жалпы алаңына «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою туралы» қаулы қабылдады. Орман екпелерін құруды, күтіп ұстау және қорғауды Ақмола облысының әкімшілігіне қарасты «Ақкөл» орман шаруашылығының үш мекемесі жүргізді. Ал, екінші кезең туралы таратып айтар болсақ, 2013 жылғы Астана-Бурабай тас жолының екі жағында ені 2 шақырым болатын 1000 гектар алаңда топырақ барлау жұмыстары жүргізілді, оның 747 гектар жері отырғызуға жарамды. Бұл жер телімдері алынып, орман шаруашылығы мекемелеріне берілді. Шекараларды заттай алу бойынша жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік сертификаттар дайындалды.
2014 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2015 жылы Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының әкімдіктері 747 гектар жерді алуға тиіс жалпы жер учаскесіне «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу туралы» қаулылар қабылдады. 2018 жылы 186,1 миллион теңге сомасына 747 гектар алаңға екі жазғы көшет (қайың, шегіршін, шаған, үйеңкі, қарақат, акация, алма ағашы) отырғызу алдындағы өңдеу мен отырғызу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы 182 миллион теңге сомасына орман екпелерін толықтыру, екі жазғы көшет саны 464 мың дана отырғызу материалын сатып алу және екпелерді күтіп баптау жұмыстары орындалды. 2020 жылы екпелерге механикаландырылған және қолмен күтім жасалды, бұл іс-шараға 58,9 миллион теңге қаражат тартылды, 2021 жылы екпелерді күтуге 60,1 миллион теңге, 2022 жылы 39,4 миллион теңге барлығы 526 777 мың теңге қаржы қарастырылған.
Үшінші кезеңді іске асыру ағымдағы жылы басталды. Қазіргі уақытта 2,5 мың гектар алаңда жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде, бұл мақсатқа облыс бюджетінен 10 миллион теңге бөлінді. Жыл соңына дейін топырақты зерттеу аяқталады, содан кейін 2022 жылы учаскелерді рәсімдеп және одан әрі ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілетін болады.
Қорыта айтқанда, Нұр-Сұлтан-Щучинск тас жолының бойында жасыл белдеуді дамыту мәселесі жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Облыстың табиғи кешенін сақтауға және көбейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар нақты міндеттерге негізделіп атқарылуда. Осы орайда, бар ғұмырын орман шаруашылығы саласына арнап, көлін қорыған қызғыштай, орман-тоғайды көзінің қарашығындай сақтап, аялап, күтіп ұстау жолында еселі еңбегін аямай, маңдай терін төгіп жүрген сала қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Табиғат ананы аялап, қамқорлыққа бөлеп жүрген жандардың еңбегі қашанда өлшеусіз. Қазан айының үшінші жексенбісі күні аталып өтілетін орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында біз сала ардагерлері мен қызметкерлерін осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, бақыт пен мол табыс тілейміз!
Руслан ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты
пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.