ҚР Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Қазақстанда «байлық салығын» енгізу мәселесі 2022 жылы қаралатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы сән-салтанатты заттарға арнайы салық салу мәселесін көтерді. «2019 жылы Президент өз Жолдауында «Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамда мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр. Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек» деген болатын.
Осыған байланысты халықаралық тәжірибеде көптеген елде бар, сән-салтанатқа арнайы салық енгізу өте өзекті мәселе деп есептеймін. Бұл жерде қымбат элиталы жылжымайтын мүліктер, ұшақтар, яхталар, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сән-салтанатты заттарға арнайы салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл тұрғыда тиісті ведомствоның көзқарасы қандай», – деп сұрады сенатор.
Өз кезегінде вице-министр М. Сұлтанғазиев бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты. «Оған салықты біз қарастырып жатырмыз. Осы орайда бизнеспен талқылау жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы Үкіметтің жобасымен енгізілетін болады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Дереккөз: www.inform.kz