Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жылжымалы баспасөз мәслихатын өткізді. Брифинг барысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілетін мерекелі жылы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты сөз болып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына тұшымды жауап қайтарылды.
– Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Қымбатты жерлестер! Бүгін, алғашқы рет, жылжымалы баспасөз конференциясының, Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында өтіп жатқаны, біз үшін өте қуанышты сәт,– деп бастады сөзін өңір басшысы.
Ақмола облысы маңызды аграрлық-индустриялық өңірлердің бірі
– Соңғы екі жыл, бәріміз үшін үлкен сынақтар уақыты болды. Пандемия өмірлік ұстанымдарға біршама өзгерістер енгізді, көптеген мәселелерге басқа көзқараспен қарайтын болдық. Осындай жағдайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысында халыққа қолдау көрсету бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Алға қойылған міндеттерді және дағдарыстан кейінгі дамудың басым бағыттарын іске асыра отырып, біздің өңір пандемияға қарамастан, дамудың оң серпінін сақтап қалды.
Барша қазақстандықтар үшін айтулы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өңіріміздің жекелеген жетістіктеріне тоқталғым келеді. Ақмола облысы маңызды аграрлық-индустриялық өңірлердің бірі. Республика көлемінде әрбір 10 тонна уран, подшипниктер, 67 пайыз астық жинайтын комбайндар, 47 пайыз мамандандырылған автомобильдер, өндірілетін құрамында алтыны бар кеннің 45 пайызы, 27 пайыз жартылай өңделген алтын, 43 пайыз тракторлар, 34 пайыз құс еті және 18 пайыз сүт өнімі біздің Ақмола облысында өндіріледі, – дей келіп, өңір басшысы Ақмола облысындағы тәуелсіздік жылдарында серпін алған облыстың индустриялық секторына тоқталып өтті.
«Altyntau Kokshetau» АҚ алтын өндіруден елімізде жетекші орын алады
Атап айтсақ, 1991 жылдан бастап 2020 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 миллионнан 1 триллион теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 9 миллионнан 870 миллиард теңгеге дейін өсім болды. Ішкі және сыртқы инвестиция арқасында 35 заманауи, ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылды. Бұл – «Алтынтау-Көкшетау» АҚ, «Новопэк», «ENKI» сияқты ірі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника өндірумен айналысатын «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы», «Көкше-Цемент» және басқа да көптеген кәсіпорындар. Жоғарыда аталған барлық жобалар облыс экономикасы үшін серпінді жобаларға айналды.
«ENKI» серіктестігінде кірпіш өндірісі жылына 90 миллион данаға дейін жеткізілгелі отыр
Соңғы жылдары аймақта құрылыс қарқынды жүріп, жылына жарты миллион шаршы метрден астам тұрғын үй берілуде. Бұл – 30 жыл ішінде шамамен 7 миллион шаршы метр тұрғын үй. Осындай қарқынды құрылыс арқасында 62 мыңнан астам ақмолалық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.
Облыс әкімі Е.Маржықпаев өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының ажырамас бөлігі және флагманы болып қала беретіндігін атап өтті. Мәселен, 1991 жылдан бастап күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 11,5 миллион теңгеден 682 миллиард теңгеге дейін өскен. Облыс дәстүрлі аграрлық бағыттан агро-индустриялық бағытқа біртіндеп көшуде, өңдеу өнеркәсібінің үлесі ұлғаюда.
– Экономикалық белсенділіктің драйвері инвестициялардың өсуі болып отыр, – деді әкім. Жыл басынан бері, атап айтқанда, ағымдағы жылдың 10 айы ішінде экономикаға 13,2 өсіммен шамамен 403 миллиард теңге жұмсалды. Инвестиция сауда саласында – 2 есе, ауыл шаруашылығында – 1,8 есе, өңдеу өнеркәсібінде – 1,8 есе болды. Инвесторлар жыл соңына дейін өз үлестерін қосуды жалғастыра бермек. Инвестицияның жалпы сомасы 164 миллиард теңгеден асатын 34 жоба жүзеге асуда. Бұл 1400 жұмыс орны ашылады деген сөз және жобалардың жартысы азық-түлік өнеркәсібіне орайластырылған.
Осы орайда, ең іріі жобаларды атап өтер болсақ, Степногорск қаласындағы «Ақсу Technology», Аршалы ауданындағы «Ақ Дала Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және тағы осындай іргелі өнеркәсіп орындары бар.
Қолайсыз ауа райына қарамастан, облыс диқандары биыл гектарынан 8,8 центнер өнім алып, 4 миллион тонна астық жинады
– Мемлекет басшысы атап өткендей, экономика дамуының кез келген мән-жайы, оның ішінде жағымсыз мән-жайлар да бізді оңтайлы жолдарды іздестіруге ынталандыруы тиіс. Пандемиямен байланысты шындықтар жаңа өндірістердің ашылуына ықпал етті, – деп жалғады сөзін, өңір басшысы. – «КАИК» компаниясы ауыл шаруашылығы техникасының 20-ға жуық түрін шығарады. Кәсіпорын жоғары өнімді «ТОРУМ» комбайндарын екінші кезеңін шығаруды игерді. Болашақта компания қуаттылығын жылына 3,5 мың техникаға дейін жеткізе отырып, 3 және 4-кезеңдерді жүзеге асырмақ.
Осы орайда, жыл басынан бері 37 миллиард теңгеге 1629 техника жиналғанын айта кету жөн. Сонымен қатар, «KazRost Engineering» компаниясы өңір шаруаларына тиімді және қажетті жаңа жобаны белсенді жүзеге асырып, 150 данаға дейін шағын тракторлар өндірмекші. Бұл компанияның инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден астам, жыл басынан бері кәсіпорында 1,8 миллиард теңгеге 82 трактор, 29,5 миллиард теңгеге «Вектор» және «Acros» маркалы 589 дана астық жинайтын комбайн құрастырылды. Өңірде «Евразия Групп Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа сервистік орталық пайдалануға берілді. Бұл ТМД-дағы ірі және солтүстік өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасының толық желісіне қызмет көрсету бойынша жалғыз «Джон Дир» компаниясы, инвестиция сомасы – 2,6 миллиард теңге көлемінде.
Бұдан әрі облыс әкімі өңірдің құрылыс индустриясында да жаңа өндірістер ашылғандығын баян етті. Мәселен, Бұланды ауданындағы «Макинск Жылу оқшаулау зауытында» минералды мақта плиталарын, Қосшы қаласындағы «Сапа Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде үлкен диаметрлі темірбетон құбырларды шығару жолға қойылған.
Соңғы онжылдықта кірпіш өндірісінің көлемі 10 еседен астам өскен. Сұранысқа байланысты «ENKI» серіктестігі ірі жаңа зауытты іске қосып, кірпіш өндірісін жылына 90 миллион данаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Аршалы ауданында қуаттылығы 120 миллион дана ірі «SG Brick» кірпіш зауытының құрылысы аяқталуда. Ол келесі жылы іске қосылады деп күтілуде. Зеренді ауданында қуаты жылына 22 миллион дана, құны 221 миллион теңге болатын тағы бір «Ceramics» кірпіш зауыты ашылады. Аталған жобаларды енгізу екі жыл ішінде өңірдің қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік бермек.
– Индустрияландыру шеңберінде жалпы құны 336 миллиард теңгеден асатын 40 жоба іске асырылуда. Бұл – 4,1 мың жұмыс орыны деген сөз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп секторында өнімнің негізгі түрлерін шығару бойынша өсу серпіні сақталатын болады, – деп түйіндеді әкім, бұл сала туралы ойын.
– Жоғарыда атап өткенімдей, облысымызда негізінен аграрлық өңір саналады, – деді одан әрі өңір басшысы. – Жалпы республиканың ауыл шаруашылығы өніміндегі біздің үлесіміз шамамен 11 пайызды құрайды. Биылғы қолайсыз ауа райына қарамастан, облыс диқандары гектарынан 8,8 центнер өнім алып, шамамен 4 миллион тонна астық жинады. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жалғасып, қазір 30 мың гектарға жетті. Алдағы уақытта, суармалы жерлерді кеңейту, Есіл және Жарқайың аудандарында Бұзылық су қоймасының құрылысымен байланысты болмақшы. Осы бірегей және маңызды жобаны іске асыру, өңірді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді, суармалы жерлердің көлемін кеңейтеді, эко жүйеге, флора мен фаунаға оң ықпал ететін болады, –деді ол.
Мал қыстату науқанына мал азығының қажетті көлемін қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар жасалды. Атап айтсақ, 1,3 миллион тонна шөп, 245 мың тонна пішендеме, 190 мың тонна сүрлем, 650 мың тонна астық қоспасы дайындалды. Етті және сүтті мал шаруашылығы да белсенді дамып келеді. Әр өңірде ет және сүт фермаларын құруға қатысты мақсатқа кезең-кезеңмен жақындап келеміз. Бүгінгі таңда, облыста бес мыңнан астам мал басына арналған 102 ет фермасы және 2 мың мал басына арналған 16 сүт фермасы құрылды. Жалпы, жыл аяғына дейін 6 мың мал басына арналған 112 етті ферма және 4 мың мал басына арналған 19 тауарлы-сүт фермасы іске қосылатын болады.
Бүгінгі таңда облыста бес мыңнан астам мал басына арналған 102 ет фермасы және 2 мың мал басына арналған 16 сүт фермасы құрылды
Импортты алмастыру аясында етті құс шаруашылығы да дамып келеді. 2022 жылы Макинск құс фабрикасының үшінші кезеңін іске қосу нәтижесінде, тауық етін өндірудің жылдық қуаттылығы 75 мың тоннаға дейін жеткізілетін болады. Шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады, бұл өңірдің экспорттық әлеуетін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Тағы бір импорт алмастырушы бағыт – өсімдік майының өндірісі. Жуық арада Бұланды ауданында тәулігіне 600 тонна шикізат қуаттылығымен «Бота-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің майлы-экстракциялы заводын іске қосатын боламыз. Оның құны 4,2 миллиард теңге, –деп атап өтті облыс әкімі.
Жиында облыс әкімі құрылыс саласы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Мәселен, мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста 72 көппәтерлі тұрғын үй немесе 3161 пәтер салынуда, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 37 жалға берілетін тұрғын үй, 33 кредиттік және су тасқыны қаупі бар аймақтан Атбасар қаласының тұрғындарын көшіру үшін Үкімет резерві есебінен 2 үй салынуда.
Сондай-ақ, қала маңы аймағын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде Ақмол ауылында 45 пәтерлік үй де бар. 2021 жылы республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылысына 5,2 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда салынып жатқан үйлердің саны 2 есеге жуық өсті. Биыл жалпы ауданы 655 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріледі, бұл 5 мыңнан астам пәтер. Оның ішінде бүгінгі күні 483 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл ақмолалықтардың 3,5 мың отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Жиын барысында әлеуметтік жағынан осал топтарға және көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек туралы да айтылды. Ағымдағы жылы 131 пәтер көп балалы отбасыларға берілмек. Өңірде автожолдардың жағдайын жақсартуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі де сөз болмай қалған жоқ.
– Биыл жергілікті маңызы бар 800 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланған, жобаларды іске асыру нәтижесінде біз жолдардың үлесін 82 пайызға дейін арттырамыз. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен көше-жол желісін салуға және жөндеуге 38 миллиард теңге бөлінді.
Соңғы бес жыл ішінде, қазіргі жолдарды қоса алғанда, 2 400 шақырымнан астам жергілікті жол салынды және жөнделді, оның ішінде шамамен 800 шақырымы ауылдық жерлердің жолдары. Осылайша, осы уақыт ішінде біз жол құрылысында айтарлықтай ілгеріледік. Менің атыма тұрғындардан көптеген өтініштер келіп түседі. Тек осы жылдың өзінде облыстың барлық аудандары мен қалаларынан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша сегіз жүзге жуық өтініш түсті. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар жүргізілетін жұмыстардың барысын қатаң бақылау керек. Сапа әрқашан естен шығарылмауға тиіс,– деді Е.Маржықпаев.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бірінші кезектегі басымдықтардың қатарында қалып отыр. 2018-2020 жылдары орталықтандырылған сумен жабдықтау қалалар бойынша 13 пайызға, ауылдық жерлерде 6 пайызға өсті. Ағымдағы жылы 46 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін жөндеуге және құрылыс жобаларын жүзеге асыруға 58 жобаға 10,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Жыл аяғына дейін, шамамен 6 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі, қамту деңгейі 83 пайыздан 89 пайызға дейін өседі.
Өңірімізде 2025 жылға дейін 107 ауылда сумен жабдықтау желілерін салу, тағы 57 шағын ауылда блок-модульдерді орнату жоспарланып отыр. Бұл халықты сапалы сумен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы жылумен жабдықтау саласын дамытуға 14,6 миллиард теңге көзделген, оның 46 пайызы немесе 6,7 миллиард теңгесі жылу көздерін жаңғыртуға және жөндеуге бағытталған. Ағымдағы жылы жылу желілері бар қазандықтарды салу және реконструкциялау бойынша жобалар 4 аудан орталығында қарастырылған, олардың ішінде Ерейментау, Есіл қалаларында және Астраханка ауылында бұл нысандар іске қосылған.
Азаматтарды әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту әрқашан назарда болатыны анық. Жалпы, өңірімізде әртүрлі бағдарламаларды іске асыру есебінен еңбек нарығында 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 10 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары. Жыл басынан бері 38 мыңға жуық адам әлеуметтік төлем алды. Әлеуметтік көмекке зәру 2534 отбасына немесе 11,5 мың адамға 620 миллион теңге төленді.
Биыл жалпы көлемі 655 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріледі, бұл 5 мыңнан астам пәтер деген сөз
– Бүгінгі таңда, 10 миллиард теңге сомасына 34 білім беру объектісінің құрылысы мен қайта құру жұмыстары жалғасуда, оның ішінде 16 мектеп бар. 4 мектепті биылғы жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, атап айтқанда, Қосшы ауылында – 1200 орындық мектеп, Раздольное ауылында 80 орындық, Максимовка ауылында 300 орындық, Төңкеріс ауылында 110 орындық мектеп және облыс орталығында №1 және №4 мектептерге 960 орындық 2 қосымша корпус салынуда. Осылайша, 4 мектепте үш ауысымды оқыту мәселесі оң шешілетін болады. Қазіргі уақытта, облыста 1 260 орындық 5 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында есту қабілеті нашар балалар үшін 280 орындық және қозғалысы нашар балалар үшін 166 орындық мектепке дейінгі екі ұйымның құрылысы жүргізілуде, – деді өңір басшысы.
Әлеуметтік сала да негізгі басымдыққа ие. Өткен жылдың өзінде өңірімізде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен толық қамтылды, сөйтіп, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 83,5 пайызға жетті. Өңірдің алдында 2025 жылға осы санаттағы балаларды 100 пайыз қамту міндеті тұр.
– Денсаулық сақтау саласында COVID-19 ауруының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар аурулар мен өлім-жітімді азайту негізгі басымдықтар болып қала береді. Үкіметтің қолдауының арқасында біз денсаулық сақтау объектілерінің жарақтандырылуын едәуір жақсарта алдық.
Ол нысандардың жасақталу деңгейі бүгінде 75 пайызға жетті және біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Жалпы, ағымдағы жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға 150 жабдық сатып алу үшін 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Ол қаржыға 1 КТ, 2 рентген аппараты, ангиограф және тағы басқа медициналық қажетті жабдықтар алынды. Көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту және сырқаттанушылықты ерте анықтау мақсатында Көкшетау қаласында онкологиялық емхана ашылды. Жыл соңына дейін Қосшы қаласында 150 келушіге дейін қабылдай алатын емхана ашылады, –дей келіп, облыс әкімі денсаулық саласындағы оң өзгерістерге тоқталды. Тарқатып айтар болсақ, өңірімізде Целиноград ауданының Қараөткел және Қоянды ауылдарындағы бір ауысымда 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылатын болады. Сондай-ақ. Көкшетау қаласында 630 орындық заманауи көпбейінді аурухана бой көтермекші.
Ақмола облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Жалпы, тегін спорттық үйірмелермен шамамен төрт мыңға жуық баланы қамту жоспарлануда. Бюджет қаражаты есебінен Целиноград ауданының Ақмол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, Ерейментау қаласы мен Жақсы ауданында сауықтыру кешендерінің, Бурабай ауданының Мәдениет ауылында спорт кешенінің құрылысы және басқа да аудандарда спорттық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ағымдағы жылы ақмолалық спортшылар ел мерейін арттырып, әлемдік додаларда абырой биігінен көрінді. Атап айтсақ, ақмолалық пауэрлифтер Давид Дегтярев Токио Паралимпиада ойындарында ел құрамасының қоржынындағы жалғыз алтын медальдің иегері атанса, жерлесіміз Теміртас Жүсіпов ерлер арасында Белградта өткен бокстан әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Бұл барлық қазақстандықтар үшін маңызды жеңістер! – деді Ермек Боранбайұлы.
Жиын барысында өңір басшысы облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымында жаңа облыстық маңызы бар Қосшы қаласының пайда болуын атап өтті. Сонымен қатар, осы елді мекен тұрғындарының саны 10 жыл ішінде 11 есеге өсіп, 50 мыңнан астам адамды құрап отырғандығын баса айтты.
Баспасөз мәслихаты сұрақ-жауап ретімен жалғасты. Жиынға қатысқан республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өңір дамуындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, 20-ға жуық сұрақ қойды.
Журналистер өңірдің экономикалық-әлеуметтік саланың дамуы, Нұр-Сұлтан қаласы іргесіндегі елді мекендердің жағдайы, олардағы инфрақұрылымның, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы, қала мәртебесі берілген Қосшы қаласының өркендеуі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы түйіткілдер, сондай-ақ, Шортанды ауданында газ балонының жарылуынан болған қайғылы оқиғаның мән-жайы туралы, басқа да көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, олардың барлығына облыс әкімі нақты, толыққанды жауап берді.
Мәселен, Шортанды ауданында болған оқиғаға байланысты, өңір басшысы өрттен зардап шеккендердің туған-туыстарымен кездескендігін айта келіп, осындай қиын жағдайда ақмолалықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп, жапа шеккен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсеткендігін баса айтты.
–Шортанды ауданында болған жарылыстан 13 адам зардап шекті. Өкінішке орай, олардың бесеуі қайтыс болды. Оқиға туралы естіген сәттен, бірден сол жерге барып, қайғы құшқан отбасылардың туған- туыстарымен кездестім. Біз бұл отбасыларға барынша қолдау көрсетудеміз. Қазіргі таңда зардап шеккендерге психологиялық және материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне көмек көрсетілді. Жапа шеккендердің бірде-біреуі назардан тыс қалмайды,– деді өңір басшысы. Жиын барысында белгілі болғанындай, Науан Хазірет мешіті жанындағы қайырымдылық қоры қаза тапқандар мен жапа шеккен отбасыларға қаржылай қолдау көрсетілетін арнайы қор ашқандығы айтылды. Күні бүгін бұл қордың өзіне 13 миллион теңгенің төңірегінде ақша жиналған.
Баспасөз мәслихатында қала мәртебесі берілген Қосшы қаласының алдағы дамуы да сөз болды. – Соңғы үш жылдың ішінде ғана бюджет есебінен 256 шақырым сумен жабдықтау торабы, 215 шақырым электрмен жабдықтау желісі, 27 шақырым жылу торабы, 52 шақырым жол жөнделіп, 1200 орындық мектеп, 280 балаға лайықталып салынған балабақша, үш 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы қаланы дамыту үшін алдағы бес жылда бюджеттен 113 миллиард теңге, сонымен қатар, мемлекеттік органдар үшін қажет ғимараттардың құрылысын жүргізуге және күтіп ұстауға 16 миллиард теңге бөлінетін болады. Қарқын бар және бұл жұмыс жалғасатын болады, – деп жауап берді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Ақмола өңірінде туризм саласының дамуы, денсаулық пен білім салаларындағы түйіткілдер мен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, газбен жабдықтау мәселелері туралы сұрақтар қойылып, тұшымды жауап қайтарылды.
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшілері.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.