Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған жерін түлеткен азамат - АРҚА АЖАРЫ

Туған жерін түлеткен азамат

Туған жердің төсін түлету тау тұлғалы азаматтардың еншісі. Егер Алаштың әр азаматы алтын бесік – ауыл қамын ойлап, тырбанып тіршілік етіп, шоқ жұлдыздай шағын ауылдың алпыс екі тамырына қан жүгіртсе, дархан даланың дидары да көп-көрім көркейіп қалар еді. Ауыл деген жалғыз сөз тіл ұшына оралғанда көкірегің уылжып қалары бар. Бал күлкілі балалық шақтың, жалынды жастықтың өткен жері ғана емес, ата-бабаның қазық қағып, ұрпақ өрбітіп, болашақтың қамын жеп, мекен еткен қасиетті топырағы.

Сүмбіле суға құлап, шөп буыны қатқан шақ. Бір үйір қайың шоғының бауырына ат басын іріккен. Әне, көз алдында сап-сары бояуға малынған кең алқап дел-сал болып жатыр. Егін пісіп қалыпты, енді бірер күннен соң астық комбайндары осы даланы дүбірге бөлейді. Еңбек жорығы, игілік жолындағы жан алып, жан беріскен қауырт қимыл.

Биылғы жылы ересен құрғақшылық болды. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде көк аспаннан нәр тамбай, даланың ерні кезеріп, кенезесі кеуіп кетті. Әйтеуір дес бергенде қар тоқтату, ылғал жабу тәрізді шаруалар тиянақты атқарылған. Жер жайын жақсы білетін Нартай Жұматайұлы барлық технологияларды тыңғылықты атқарып шыққан. Бұрынғы дала ерлерінің сан жылғы тәжірибесіне әлемдік егіншілік мәдениетінің жаңа ғылыми жетістіктері үстемеленген. Кешегі кеңес заманында алқаптың ауқымы мен қырмандағы қызыл дәннің көлемі көбейсе, ендігі жерде аз жердің өзінен көп өнім алу парыз.

Ол үшін жердің жомарттығына ғана сенбей, алаған қолың береген болуы шарт. Әйтпесе, игілік саулап тұратын жер емшегі де суалуы әбден мүмкін. Жер бетіндегі жаңалық атаулыны оқып, біліп, талдап, өзі де қолданысқа енгізуге құмар Нартай Жұматайұлы жаңа технологияларға иек сүйеуге бейім. Қомақты шығынына, тәуекелге қарамастан. Сол еңбегі ақталатын сыңайлы. Масақ толық. Дер кезінде жерде өнгенді жерде қалдырмай жинап алса, гектар берекесі құрғақшылық жылдың өзінде тәп-тәуір болып шықпақ. Әр жыл сайын ерте көктемнен бері бір-бірімен сабақтасып жататын дала жұмысының бар нәтижесін айқындайтын шақ – егін орағы. Биыл да қапысыз қамданған.

Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қараөзек ауылы кешегі кеңес заманында кемеліне келіп тұрды деген уақыттың өзінде елу шақты шаңырақ еді. Осы топырақта кіндік қаны тамған. Бір әттеген-айы, ауыл мектебі бастауыш қана болды. Шағын ауылдың балалары ауылдағы білім ошағын тәмамдаған соң ұясынан ұшқан құстың балапандарындай білім алмаққа шартарапқа ұшып кететін. Қазір ойлап қараса, ауылдың шаңырағын көтеріп, босағасын бекітіп тұрған осы білім ошақтары екен ғой. Алда-жалда жабыла қалса, амалы құрыған ауыл тұрғындары соңғы қазығын суырып, жайлы жер іздеп кетпек. Оны көзі де көріп жүр.

Барлық ауыл балалары тәрізді қабырғасы қатып, буыны бекіместен еңбекке араласқан. Істеген ісі өзінің үйренуіне жақсы. Шөп те шапты, отын да жинады, мал да бақты. Қаршадайынан қара жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қай жұмысты болсын жеріне жеткізе, тиянақты атқару сол кезден бастап сүйегіне сіңіп, қанына дарып, қасиетке айналды. Ал, нәтижесі көп балалы отбасына көп-көрім көмек. Әкесі марқұм Жұматай Ысқақұлы Ұлы Отан соғысының ардагері. Пенде ғұмырда пешенесіне жазылған ащыны да, тұщыны да татқан. Ал, анасы Күлшат Кәрімқызы Ұлы Отан соғысы кезінде трактордың тізгінін ұстаған механизатор. Ата-ананың алдына қойған ұлы мақсаттарының бірі – бауыр еті балаларына заман талабына сай білім беру еді.

Сол мұраттарына жетті де. Нартайдың ағасы Думанғали сол кезде екінің бірінің, егіздік сыңарының қолы жете бермейтін Мәскеудегі автомобиль жолдары институтында оқыды. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демекші, өз бауырларына ғана емес, ауылдың «мен оқимын, білім аламын» деген бозбаласы мен бойжеткендеріне білімге деген ұмтылысымен, ықыласымен үлгі болған адам. Кейін орта мектепті бітіргеннен кейін Нартайдың да Мәскеуге сапар шеккені бәлкім содан шығар.

–Мәскеудегі кеңес дәуірінде атақ-даңқы жер жарып тұрған Темирязев академиясының экономика факультетіне 1979 жылы құжат тапсырдым, – дейді Нартай Жұматайұлы, – әлі есімде академияға кіріп барған кезде үлкен қабырғада мақтаулы түлектерінің суреттері алыстан менмұндалап көзге түседі екен. Үстіндегі қатарда маңдайы жарқырап Еркін Әуелбековтың суреті тұр. Сол кезде көкірегімді билеген мақтаныш сезімін тілмен айтып жеткізе алмас едім. Кейін ел ардағы атанған Ер ағамның жерлесі екенімді айтып, жанымдағыларға жария еткім келгені.

Талабы тас жарардай болғанымен, жолы болмаған. Оның өзіндік себептері бар. КПСС Орталық Комитетінің қаулысымен академияға Ресейдің қара топырақты емес аймақтарының талапкерлері бірінші кезекте түспек. Конкурс өте қатты. Бір орынға әлденеше адам. Мәскеуде үш ай жүріп, елге оралды. Одан соң әскери борышын өтеу. Елге оралған соң ұзап шығуға тұрмыстың тауқыметі тұсау болды. Жастары жер ортасынан асып кеткен ата-анаға, артынан ерген бауырларына сүйеу болуы керек. Осы оймен Целиноград ауыл шаруашылығы институтының филиалына құжат тапсырған.

Жоғары оқу орнында қамшы салдырмай оқыды. Өз ісіне әрдайым мұқият, үлгілі студенттің үлгерімі, қоғамдық жұмысқа белсенділігі студенттік ортада ерекше аталып жүретін. Табиғат сыйлаған сол талапты ісі, ілкімді ізденісі кейінгі тағдыр соқпағында да қос қолтығынан періштедей демеп, жебеп жүретін қамқорлық қанатына айналды. Жас маман сол кездегі Ленинград ауданының «Ленинградский» кеңшарына инженер болып орналасты. 26 жасында осы ауданның «Казанский» кеңшарына бас инженер қызметіне тағайындалды. Арада үш жыл өткен соң 1992 жылы «Колос» кеңшарының директоры қызметіне ұсынылды. Сол кезде облыстағы ең жас кеңшар директоры еді.

Өтпелі кезеңнің өкпек желі ұйытқи соғып тұрған шақ. Тіпті, қанша зерделесең де болашақтың бедері көз алдыңа айқын келер емес. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейтін уақыт. Тәуелсіздік жаңа леп ала келген. Қиындығы да жоқ емес, экономикалық байланыстар үзілгеннен кейін кеңшардың тынысы тарыла бастады. Әсіресе, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жанға бататын. Бизнес деген жаңа түсінік пайда болды. Ел әлі қыр-сырын толайым танып білмеген. Дәл осы уақытта кеңестік қызыл директорлардың кейбіреуі қарпып қалғаны туралы жиі айтылады. Әр ісін ар таразысына салып безбендейтін Нартай Жұматайұлы қызылды-жасылды дүниеге қызыққан жоқ. Таза шықты. Адамгершілік арына қылаудай кіршік түсірмей.

Ендігі арада несібесін бизнес әлемінен тапқысы келген. Алғашқы бетте іргедегі Ресейден машина, тракторлардың қосалқы бөлшектерін, жанар-жағар май тасыған. Кейін табысы тәп-тәуір болса да бұл ойынан айнып қалғаны. Түпкілікті кәсіп емес әрі қарақан басының қамын ойлағандай қашанғы сауда қусын. Көкірегінің бір түкпірінде ауыл жатыр емес пе? Бұл кезде ауылдың тыныс-тіршілігі тарыла бастаған. Кеңшарлар ыдыраған соң ауыл тұрғындары қол қусырып қарап қалды. Бір кезде ақтылы мал өріп, ақық дән тау-теңіз болып жатқан дархан даланың төсіндегі бар игілікті замананың ұйытқыған желі ысырып тастағандай. 2002 жылы өзінің туған өлкесінен 200 гектар егістік жер алған. Тоғыз жыл бойы дән себілмеген, тусырап жатқан алқап.

Арамшөптен арылтып, тазалап алғанша ес кетіп, жан шығуға жақындаған. Қиындық бесбатпан еді. Әйтсе де, көтере білді. Бүгінде «Қараөзек» агрофирмасының егістік жер көлемі 10 мың гектар. Көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарға қажетті техниканың бәрі бар, ешкімге алақан жаятындай қажеттілік жоқ. Бір айта кетерлігі, егістік жердің бәрі пай есебіндегі алқап. Демек, уақытында пай ақысын толымды төлейтін агрофирма халқына қарайласып тұр деген сөз.

– Соңғы екі-үш жылда ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдардың жағдайы жақсарып қалды, – дейді шаруашылық басшысы Нартай Ысқақов, – бұл арада мемлекеттің көмегі туралы айта кету парыз. Онсыз ісіміз алға басуы қиын. Қазір еңбек етемін деген жанға барлық мүмкіндік бар. Субсидия дейсіз бе, жаңа техника сатып алуға бөлінетін лизинг дейсіз бе, барлығы толымды. Міне, осы жағынан келген ел еңсесін көтеруге берілетін көмек өте жақсы.

2009 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастаған. Әуелі аудандық мәслихаттың депутаты есебінде, кейін облыстық мәслихаттың бесінші, алтыншы шақырылымында халық қалаулысы атанды. Бір толымды шаруасына тоқтала кетелік. Сол тұста Зеренді МТС-і деп аталатын ауыл шаруашылығы құрылымы аграрлық несие корпорациясынан бір миллиард теңгеден астам несие алып, кейін шаруалары қожырап, алған қарыздарын өтей алмай қалады. Корпорация 11 ауылдың 39500 гектарға жуық жерін аукционға шығарады. Атап айтқанда, Сарыөзек, Қонысбай, Сәкен Сейфуллин, Қызылсая, Бұлақ, тағы басқа ауылдық округтерінің егістік алқаптарының жері. 1091 отбасының пайы. Нартай Жұматайұлы өз қаражатымен адвокат жалдап, бір жыл, сегіз ай уақытын сарп етіп, сотқа жүгініп, ел игілігін аман алып қалған.

Құжаттардың дұрыс толтырылмауы себепті аңғал ауыл адамдары жер телімдерінен айырылып қала жаздады. Жер елге қайтарылды. Сондағы халықтың қуанғанын көрсеңіз. Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі – жолдың жайы. Облыс орталығы иек астында болғанымен, мың шұңқыр жол елдің титығына жетіп болған. Депутаттық сауал жолдап, Васильковка – Бірлестік бағытындағы 15 шақырым, Қонысбай-Қызылсая бағытындағы 30 шақырым жол
1 миллиард 800 миллион теңге қаражатқа жөнделді.

Қазір тақтайдай тегіс жолмен жүрген қарапайым халық ел жайын ойлаған халық қалаулысына алғыс айтуын ұмытпайды. Округ те үлкен еді. 59 елді мекен бар. Әрине, бар шаруаны жалғыз депутаттың атқаруы тіпті де мүмкін емес қой. Сөзі өткенінше, шама-шарқы жеткенінше көмек қолын ұсынды. Күнделікті қауырт шаруаның арасында ономастика мәселесімен де айналысты.

Осындай қат-қабат ел үшін атқарған ерен еңбегі лайықты бағаланып, 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ең бастысы, елі бағалайды, тынымсыз еңбегін кейінгі жасқа үлгі етеді.
–Әрине, ел тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи әдіметтіліктің салтанат құрғаны жарасымды, – дейді Нартай Жұматайұлы, – әр нәрсенің жөні болуы керек. Ұсынылған тарихи тұлғалар жайлы тереңірек зерттеп, оқып, білгенді дұрыс деп есептедім. Тиянақты атқарған істің арқасында әділеттілік салтанат құрды.

Облыстық мәслихаттың аграрлық комиссияның төрағасы болып жүрген кезінде жетпіс шақты кәсіпорында болып, тыныс-тіршілігімен танысып, ішінара кездесетін мәселелерді шешуге белсене ат салысты. Республикалық жер комиссиясының мүшесі ретінде қыруар шаруа атқарды. Біз бір-ақ ауыз сөзбен түйіндегенімізбен бұл ел үшін ең бір өзекті мәселе болғандығын айта кету ләзім.

–Бір кезде жер телімдерін қарпып қалған кейбір азаматтар қазір шет елдерде тұрады. Мәселен, бір шаруашылық жер телімін пайдаланғаны үшін Беларуссияға дивидент жібереді екен, – дейді Нартай Жұматайұлы, – әділдікке жатама, жоқ, әрине.

Экономикалық қатынастар жаңарған сайын кейіпкеріміздің пайымдауынша, әлемдік үдерістен қалып қоюға әсте болмайды. Жағымды жаңалық жаныңа жақын болса, үйренген ләзім. 2019 жылы Америка сауда министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген жиынға қатысқаны бар. Сол жолы Американың 3-4 штатында болып, ондағы ілгері басқан істің ілкімді тынысымен танысып, көп нәрсе үйренді. Өзгеше жосық, кең тыныс. Таратып айтқан адамға толымды бір тақырып. Таңдаудың түсуі де тағдырдың қиыстыруы тәрізді. Ондағылар әуелі 250 адамнан іріктеген. Осыншама іскер азаматтар үш кезеңнен тұратын іріктеуден өткен кезде екі-ақ адамға шақырту берілді. Соның бірі – бойындағы білім тәжірибесімен танылған Нартай Ысқақов.

Шағын мақалада жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел үшін еңбек еткен азаматтың бар қарекетін толайым баяндап шығу мүмкін емес. Екшей шолып, електен өткізіп айтқанда, осындай түйін түйер едік. Ол түйін сөзіміздің басында айтқанымыздай, ауылдың ажарын келтіріп, тынысын кеңейту сол топырақта туған әр азаматтың парызы. Ел еңселі ісіне қарап бағалайтын, қамқорлығын көрген Нартай Жұматайұлының айшықты абзал бейнесі осындай.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар