Есімі аудан орталығындағы мектепке сұранып тұр

Тағдыр! Осы сөзді естігенде не айтқанда, адам жаны белгісіз бір жұмбақ күй кешетіні анық. Адам тағдырымен ойнауға болмайды деп жатады. Неге?! Астарында не жатыр? Әр адам осыны түсінуге тиісті.

Күн астындағы қасиетті де қастерлі ұстаздықты таңдаған сол қиын жолда ұлан-ғайыр еңбек еткен білім шырақшысы, «ұстаздардың ұстазы» атанған Балташ ағаның ерен еңбегін саудаға салып, зерделей, тереңге бойлай зерттемей жатып, мектепке атын беруге құзыретіміз жетпейді деу ойланбай айтылған сөз. Ұстаздық ету – жүректің батырлығы. Ұстаздық ету – талант, адам бойындағы ерекше қасиет.

Ұстаз тағдыры – бала тағдыры. Бала тағдыры – қоғам тағдыры. Осы айтылған сөздерге мән беретін саналы азаматтар бірден кесіп айтпас болар.

Кезінде қазақ мектептерін жабу саясаты біздің ауданымызды да айналып өтпеді. Көптеген қазақ мектептері, қазақ сыныптары жабылып қалды. Ал, балабақшалар тек орыс тілінде ғана болды. Қаншама мұғалім мен тәрбиешілер жұмыссыз қалды. Арамыздағы 1-2 басқа ұлттың өкілдері қазақша сөйлесек жақтырмайтын. Өз ана тілімізде сөйлей алмайтын дәрежеге жеткенбіз.

Жалғыз тіл ғана емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық мәдениет, өнер, ұлттық болмыс, дін, тарихымыз жоғала жаздап, тұтас бір халықтың басына зобалаң туған жоқ па еді. 1990 жылы Балташ ағамыздың ұйымдастыруымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, аудан көлемінде қазақ мектептері мен қазақ бала бақшаларын ашуға, жоғалтқан бес үрдісімізді қайтаруға ел болып, халық болып жұмыла кіріскен едік.

Соның нәтижесінде 1990 жылы 1 қыркүйекте таза қазақ мектебі есігін айқара ашқаны алтын әріппен жазылатын тарихи оқиға болды. Қасиетті қара шаңырақтың ашылуына жиналған көп халықтың қуанышында шек жоқ. Оқуға келген жауқазын бүлдіршіндердің мектеп ауласына толып кеткені керемет болды.

«Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деп қуанғандары әлі естен кетер емес. Балташ ағамыз мектеп ашып қана қойған жоқ, жұмыссыз қалған 52 мұғалімді жұмысқа алып, кадр мәселесін де тез шешті. Білімді де білікті мамандар ана тілін білмей келген балаларға тиімді де ең озық әдіс-тәсілдермен дұрыс білім бере алды. Ұмыт болған әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық мәдениет пен өнерді бойларына сіңіре білді. Аз уақытта мектебіміз облыс, республикаға таныла бастады. Жылдан-жылға балалар саны көбейіп, 800-920 оқушыға жетті.

Балташ Сыздықұлының басқаруымен мектебіміз «Атамекен» бағдарламасымен жұмыс істеді. «Халықтық педагогика – оқу мен тәрбие берудің қайнар көзі» деген тақырыппен республикалық ғылыми конференция өткізілді. Аталған тақырып бойынша ғылыми баяндамалар оқылып, талқыланды. Мектептің іс-тәжірибесі облыс пен республика көлеміне таратылды.

Мектебіміз республикалық сайыста «Ең таңдаулы мектеп» атағын жеңіп алды. Төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, қол жеткен тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толып отыр. Міне, біздің мектеп те тәуелсіздікпен қатар, осынша уақыт білім арқылы тәуелсіз елімізді көркейтуге үлес қосуда. Осы мектептен білім алған түлектер егемендігімізді сақтап, жаңа ғасырға лайықты мемлекет екендігімізді бүкіл әлемге паш ететініне сенеміз.

Олай болса, Балташ Сыздықұлы Дүйсеновтей абзал жанның білім саласындағы елеулі еңбегін, қыруар жұмысын лайықты бағалауға, халыққа қалаулы етуге әбден болады деп ойлаймыз.

Күміс ШӘРІПОВА,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Қазақстан Республикасы білім саласының озық қызметкері.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар